Батыс Қазақстан облысы сұйытылған газға деген қажеттілігін жаба бастады. Бұл жайында әлеуметтік желідегі парақшасында Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев хабарлады.
«Құрметті жерлестер! Естеріңізде болса, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осыдан бір ай бұрын облысымызда Үкімет басшысының қатысуымен «Рожковское» газ кен орны іске қосылған еді.
Аталған іс-шара барысында БАҚ өкілдеріне сұхбат бергенімде жаңа кен орны облысымыздың сұйытылған газға деген сұранысын жабатынын айтқан едім.
Енді, міне, араға тура бір ай салып, кен орнынан өндірілген 1 100 тонна сұйытылған газ облыс қажеттілігіне бөлінді. Енді ай сайын осындай көлемде cұйытылған газ өңірге жеткізіліп тұрады.
2024 жылдың соңына дейін кен орнында 4 ұңғыманы пайдалануға беру жоспарда бар. Осылайша, өндіріс қуатын арттырып, бұрынғыдай сұйытылған газды басқа облыстардан әкелуден арыламыз.
Бұл – бірлескен еңбектің нәтижесі. Өндіріс орнында еңбек етіп жүрген газ саласының барша қызметкеріне ризашылығымды білдіремін!», деп жазды БҚО әкімі.
Батыс Қазақстан облысы