• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 29 Қаңтар, 2024

Гилгамеш және түркі өркениеті

216 рет
көрсетілді

Қанша оқысақ та айызымыз қанбас, үнемі жаңалық табар екі дастан болса, бірі – «Гилгамеш туралы дастан». Алтайдан үдере көшкен түркінің басы шумерлер деп бол­жалдасақ, дастандағы қаһарман қос батыр тұрқы ұлы даланы еске салады. Тіпті қазақ жырларымен үндестігі менмұндалайды.

Не істеу керек, Утнапишти, қайда барам, қайда ағам?

Бар тәнімді бір ұрлықшы билігіне байлаған.

Салулы сар төсегімді өлім ғана жайлаған,

Қай жаққа көз салсамдағы – ажал, ажал айналам!

(Мәди Қайыңбаев аудармасы)

Дүниенің қай қиырына қараса да ажал көріп, мәңгілік өмір іздеген Гилгамеш пен Қорқыт ата бейнесі бір-біріне жақын. Ең қызығы – екі жырдың да бөлім саны ұқсас. Мәселен, «Гилгамеш туралы дастан» 12 жырдан құралып, әр бөлімі жеке тасқа қашалып бедерленген. Ал Қорқыт ата кітабына үңілсеңіз, Дрезден нұсқасы 12 бөлімнен тұрады. Бұл кездейсоқтық емес. Әлкей Марғұланның Қорқыт атаның өмір сүру хронологиясы жайлы пайымына сүйенсек, екі жырдың арасы 2 800 жылды құрайды. Алайда аңыздың түбірі ертеден түркілер арасында таралып, кейін екі түрлі нұсқада эпос-дастанға айналған болуы мүмкін.

Сонымен, екі кейіпкеріміздің мәңгілік өмірді іздеуі немен аяқталды? Толарсақтан саз кешіп, оған Энкиду досынан айырылудың тақсіреті қосылған ер Гилгамешке эпос соңында Утнапишти мәңгілік өмірдің сырын айтады. Сонау теңіздің түбінде райхан тектес тікені бар жұмбақ гүл өседі. Қасиетті бұл гүлге қолың жетсе, арманым орындалды дей бер, мәңгілік жас болып қаласың! Гилгамеш тәуекелге бел буып, аяғына күрзідей ауыр тас байлап, мұздай теңіздің түбіне сүңгиді. Сол мезетте су жыланы мұны байқап, інінен сытылып шығып гүлді ұрлап кетеді. Ер Гилгамеш мұратына жете алмай, жеті қат жерді күңірентіп ескекші Уршанабиге мұң шығады.

Тырбаңдады кім үшін бұл, Уршанаби, қолдарым,

Кім үшін бұл жүрегімнен қан ағызып сорладым?

Өзіме-өзім опа бермей, ісім де оңбай ойдағы,

Игілікті үйіп-төктім арыстанға қайдағы!

Шегінем мен! Қайықты да жағалауға тастадым!

Батырдың жұртына өлмес өмір іздеуі жалғыздық зарымен қорытындыланады. Ал Қорқыт ата қарсақ жортпас қалыңнан қарғып өтіп, түлкі жортпас түлейден төтелеп өтіп, мәңгі өмір іздегенде жылан ажал кейпінде келіп шағып өлтіреді. Тамыры бір өркениеттен нәр алған қос туындының бұдан өзге де ұқсастықтарын егжей-тегжей саралауға болады. Шығыстанушы ғалым Ислам Жеменей қос шығарма арасындағы үндестік жайлы: «Гилгамеш эпосы тасқа қашалып жазылғаны үшін бастапқы күйінде еш өзгеріссіз бізге жетіп отыр. Ал Қорқыт дастаны замана талабы бойынша өзгеріп, жаңа мазмұнға ие болып отырды», деген ой түйеді.

Дастандағы тағы бір көшпелі өркениет сағымына ілестірер шомбал бейне – Энкиду бейнесі. Ер Гил­гамеш Энкиду досына айтқан сөзіне назар салалық.

Ей, Энкиду досым менің, сенің анаң киік-ті,

Әкең болса құлан еді, сені солар туыпты.

Сені өсірді тәрбиелеп мақұлықтар құйрықты,

Жануарлар даладағы, жайлаудағы сүйрікті.

Батырдың ерте кезден жан-жануарлардың қам­қор­лығында жүруі – түркінің пайда болуы жайлы бөрілер асырап алған Ашина аңызымен түбірлес. Соны­мен бірге Жүсіпбек Шайхысламұлы жырлаған «Мұң­лық-Зарлық» дастанына үңілсек, Энкиду бей­не­сімен қандай да бір ұқсастық кездеседі. «Мұң­лық-Зарлықта» қырық қатын ханның жас әйелі Ханшайымға қастық қылып, жалмауыз кем­пір арқылы жаңа туған қос нәрестесін ұрлап алып, орнына иттің екі күшігін салып қояды. Екі сәбиді қайтпас аралға апарып тастайды. Жат мекен­ге тап болған балаларды түз киігі асырап, ер жет­кізеді. Міне, мұндай мысалдарды өзге де фольклорлық туындыларымыздан байқауға болады. Белгілі ғалым Мұрат Әуезовтің «Энкиада: Көшпенділіктен отырықшылыққа ауысу мәселесі» атты мақаласында: «Өлім алдында Энкиду өзінің не үшін жаза тапқанын терең ойланып, соңғы демі қалғанда «Достым менің, мені Ұлы Тәңірдің қарғысы атты!» деп ақырады. Батырдың «Ұлы Тәңірісі» Уруктың ешқандай құдайына ұқсамайды. Бұл көшпелі түркілердің Көк Тәңірісіне жақын» деген қорытындыға келеді. Шынында, Көк Тәңірісіне сыйынған ержүрек Энкиду – жалаңаш барып жауға тиген дала батырының бірден-бір үлгісі. Энкиду образын гректің Гераклымен, парсының Рүстем батырымен немесе ағылшынның король Артурымен салыстыру мүмкін емес. Керісінше қаһарман Атилла мен адуын Алпамыс батырдың бейнесімен шендестіруге болады. Мәселен, Атилланың осал тұсы әйел деп табылып, оған әйел арқылы у беріледі. Ал Алпамыс батыр жырында Тайшық ханның елінен шыққан мыстан кемпір Алпамыс батырды тұзағына түсіру үшін қырық қыз бен қырық шөлмек шарапты пайдаланады. «Гилгамеш туралы дастанда» Энкидудың әлсіз қыры тағы да әйелдер деп табылып, батырдың жан-жануарларымен тұрақтайтын көліне жергілікті аңшы қасақана Шахмат сылқымды жібереді. Ақыры Энкидудың ары былғанып, алапасы қашып, жанынан жан-жануарлар үркіп аулаққа кетеді. Сірә, шапса қылыш, кессе қанжар өтпейтін түркі батырларының осал тұсы о бастан әйел болса керек.

«Анамыз еді-ау ортақ алтын Алтай» деп жыр­лаған екен Мағжан. Алтай мұзарты, Алтайдан өрбіген түркі өркениеті аршыған сайын молаяр алтын қа­зынаға толы сандық іспетті. «Гилгамеш туралы дас­тан» – соның сынып түскен бір бұтағы.