Газеттің мәдениет және әдебиет бөлімінде істеген соң, көркем шығарманы талдау, сыни пікір айту, рецензия жазу секілді әдеби ғадеттерден алыс кетпейміз. Әрине, кәсіби сыншы болмасақ та, қадари-халімізше өз ой биігімізден тәуір сөз айтуға тырысамыз. Десек те әр жазар қаламның бағытын айқындайтын беттүзер, ойтүзер, сөз суырар, кейде оталып, шабыттанар, темірқазық бір авторы болатыны анық. Ол өзі ылғи компьютеріңнің маңайында, қолсозым жерде жатады. Күнде жазып жүрген жазуың аяқасты қағазға түспей, қаламың кібіртіктеп, дүниенің азабына айналған сәтте сол бір аяулы кітапқа құшырлана қол жүгіртесің. Енді бір кезде оқып отырған мақалаңды өзің де жаза алатындай арқалана түсіп, жалың күдірейе түседі. Әдебиетшінің қалам-қуатынан күш алып, өз қаламың да жүгіре жөнеледі. Біздің сондай әбден парақталған киіз кітабымыздың бірі – «Шындыққа сүйіспеншілік», авторы – Сағат Әшімбаев.
Талғам мен таразы
Қазақ сын өнерінде «сын – шын болсын, шын сын болсын» деген Әуезов қағидасы алтын ережеге баланды. Сыншы Сағат қаламы да бұл ережеге тастай берік болды. Не жазса да, әділетті, турашыл ұстанымынан айнымай көркемдік құбылыстарды тамырынан танып, шалқар білімі мен кәсіби талдауын өре отырып, шынайы сыншылдығымен Шолпан жұлдыздай бірден жарқ етті. Жазудағы өзіндік стилі, қалам қуаты, ой өлшемі, сын деңгейі әдебиетшінің алғашқы қадамынан айқын көрінді.
Додаға жаңа қосылған сәтінен-ақ ой ұшқырлығы мен тапқырлығы, түйдек-түйдек әсерлі толғамдарымен ерек шабысы көрініп, топ арасынан оқ бойы озық шықты. 1974 жылы әдебиетшінің тұңғыш топтамасы «Сын мұраты» жарық көрерде танымал сыншы Зейнолла Серікқалиев жаңа жинаққа талдау жасап, оң пікір айтады.
«Қолжазбаны бастан-аяқ үңіле қарап шыққанда туған әдебиетіміз жайлы жанашырлықпен тебірене толғана алатын, өмірге, әдебиетке өз түсінігі, өз жүрегі өмірімен байыпты барлау жасап, талданар шығарманың, сөз болар әдеби құбылыстың сыр-сыпатын, табиғатын мейлінше әділ танып, әділ бағалауға тырысқан талғампаз, білімді әдебиетшінің қалам ізін танисың. С.Әшімбаев мақалалары, ең алдымен, проблемалық сыпатымен, көтерген тақырыбының актуалды, өміршеңдігімен қызықтырады», деп жазды Зейнолла Серікқалиев.
Қаламының ұлттық бояуын, рухани жан тазалығын, адалдығы мен ар үніне зер салатындығын көрсеткен алғашқы кітабы сыншы Сағат шығармашылығының алтын бастауына айналды. Сол жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды. Тұңғыш топтамасымен топ жарған әдебиетшінің одан кейін де көркемдік көкжиегі кеңейіп, сыншылдық таразысы ауырлай түсті. Буырқанған қаламынан «Талантқа тағзым» (1982), «Парасатқа құштарлық» (1985), «Шындыққа сүйіспеншілік» (1993) кітаптары туды. Бұл еңбектерде сыншы «Әдебиет – көркемсөз философиясы» деп өзі жазғанындай, сөз зергерлерінің ойлау, жазу, тіл мәдениеті, интеллектуалдық әлеуеті мен суреткерлік көзқарасына орамды пікірлер айтады. М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Нұрпейісов шығармашылығындағы көркемдік идея, азаматтық әуен, халық өмірінің шындығы, елдік сана, дүниетаным тереңдігі, кейіпкерлер жүйесі, сюжет құрау, характер сомдау, композиция хақында тереңнен сүңгіп, талдау жасайды. Ғабит Мүсіреповпен үш сұхбатын («Мүсірепов туралы триптих») аталған жанрдың қазақ топырағындағы озық үлгілерінің бірі деуге болады. Сондай-ақ Сағат Әшімбаевтың өнертанушылық қыры – театр, кино сынындағы еңбектері де бір төбе.
Сыншы қаламының ерекшелігі сол, жазуының тұла бойында қатқылдық жоқ. Сағат не жазса да, сүйіп отырып жазады дейді. Қандай шығарма, қай жазушы туралы жотаға батар салмақты сындар айтып отырып, ешкімнің жанына селкеудей жара түсірмеуге тырысады. Бұл да әдебиетшінің нәзік жанының, бауырмал жүрегінің, жалпылай айтсақ, адамгершілік дейтін асыл ұғымның көрінісі емес пе?
Азаматтық апогейі
Азаматтық көзқарасы мен сыншылық пайымы қатар қабысқан, толысқан әдебиетші енді бір кезде қоғамға, айналадағы ішмерез әдеттерге, халықтың ой деңгейіне, адамдардың адамдық қасиеттеріне тереңнен зер салып, толғамды ой толғайды. Әдебиетшінің гуманистік қырын танытқан «Азаматтық формуласы» атты әлеуметтік-философиялық мақаласы – кемел ойдың жемісі, сыншылдықтың сырлы көрінісі. Автор бұл зерттеуінде француз жазушысы, философ Мишель де Монтеннің «Халық өзінің азаматтық манифесін сан ғасырлар бойы қанымен де, жанымен де жазады. Азаматтық манифесі айқын емес халықтың болашағы да айқын емес», дейтін пікірін келтіріп, өзі де тұжырымды ой айтады. «Адамгершіліктің ақшаңқан апогейі – азаматтық», деп нақты көрсетеді. Сондай-ақ өз ортасындағы күнде көріп жүрген оспадарлықты, жайылған, сенімсіз мінездерді, тұрақсыз типтерді суреттеп, ой төркінін хакім Абайдан тартып отырады.
«Рухани жұт – тоғышарлық, көзқарастағы тайыздық, мінездегі өзімшілдік, дүниетанымдағы дүмшелік, сезімдегі желбуаздық, сөздегі екіұштылық, ниеттегі арамдық пен ашкөзділік, көңілдегі көрсоқырлық пен пейілдегі тарлық, көкейдегі тойымсыздық, жүрістегі сұйықтық, позициядағы самарқау бейтараптық, әрекеттегі жалтақтық, қарым-қатынастағы есеп пен пайдакүнемдік, принциптегі солқылдақтық, мақсат-мұраттағы жер бауырлаған ұсақтық, сенімдегі немқұрайдылық. Осының бәрі – тоғышарлық «аурудың» басты-басты симптомдары», деп түйеді.
Кейде жосықсыз айта беретін «Батыс Еуропаның пәленше мемлекеті сыйып кетеді деген шартты салыстырудың» дұрыс еместігіне тоқталып: «Ендігі жерде республикамыздың рухани мәдениетіне қанша елді сыйындырып, қанша жұртты сүйіндіріп отырмыз деген фактілерге жүгінуіміз керек. Еш уақытта да жердің үлкендігі ұлттық сана-сезім үлкендігінің үлгісі болған емес және болмайды да!» деп тұжырым жасайды. Иә, Сағат Әшімбаев ұлттың әдебиетіне ғана емес, мәдениеті мен руханиятының озық болуына да өлшеусіз үлес қосты және ұлт жолында әр азаматтың үнсіз қалмауын талап етті. Қазақтың қызыл сөзге ерген дарақылықтан айырылуын, ең алдымен, азамат ретінде үндеді. Қоғамдағы жұлынқұрттарды, тоғышарлар мен немқұрайдыларды тура суреттеп, дәйекті мысал да келтіреді.
Ұлтжанды сыншы қоғамдағы бүлкілдеп тұрған әр тамырдың соғысын сезді. Қазақтың басындағы түрлі проблеманы да жан-жүрегімен түйсініп, толғады. Ұлтының ертеңін ойлап, ел мен жер, дін мен діл, дәстүр мен тіл деп тебіренеді. «Туған тіліңді сүю деген – оны егжей-тегжей білу, осы тілдің құдіретін патша көңілмен паш ететін Асан ата мен Абайдан бастап бәрін оқу деген сөз», дейді. Абайдың «Тіл өнері дертпен тең» деген сан қатпарлы ойының астарына үңіліп, сырына сүңги түседі.
Қайраткерлік қағидаты
Құдай талант берсе, жақсы ақын, тәуір жазушы, кәсіби сыншы болуға да болады. Ал азаматтық ұстаным, азаматтық көзқарас, қайраткерлік сынды алдаспан қасиеттер талантты адамның бәрінде бола бермейді. Сыншының туған әдебиетке салған олжасынан бөлек отанға, туған халқына, әділет пен шындыққа деген азаматтық ұстанымы әрқашан берік болды. Әдебиетші ғұмырының соңына дейін жанқалтасында қаламы мен ақиқаттың айнасын қатар алып жүрді. Тағдырдың түрлі қалтарысында, қандай қызметте жүрсе де, тек шындықты көздеді. Әсіресе Қазақстан Радио және телехабарлар тарату жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған уақытта ұлттық тіл мен сана, ел тарихы, руханият, демократия және бюрократия, тәуелсіздік, салт-дәстүр, жастар тәрбиесі, қоғамдық құндылықтар хақында тұшымды ойлар туындатқан «Парыз бен қарыз», «Жүректен қозғайық!» «Қауышу» секілді авторлық бағдарламалары Сағат Әшімбаевтың интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін, әлеуметтік-философиялық көзқарасын, тұлғалық болмысын танытты. Жылдар тоғысында ұлт руханияты мен мәдениетіне орасан үлес қосқан «Парыз бен қарыз» хабары да бүгінде «Алтын қордың» алтын жүлгесіне айналып отыр.
Азаматтық ұстанымынан танбаған тұлға Желтоқсан көтерілісі кезінде де құнды деректердің сақталуына себепші болды. Ел басына алай-дүлей күн туып, айнала теңселіп тұрған сәтте мұндай батыл шешімге бару үшін адамға қандай қайрат, қандай мінез керек? Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қағидатты сөзі де Сағат табиғатынан алыс кетпесе керек-ті. Иә, Сағат Әшімбаевтың сыншылығы тек әдебиетке түскен сәуле болса, азаматтығы барша қазаққа, ұлттың ояну жолына, тарихқа түскен нұрлы жарық сынды.
Көзкөргендердің айтуына қарағанда, Сағат аға дәл осы лауазымды қызметінде жүріп «Егемен Қазақстанның» аңыз редакторы Шерхан Мұртазамен бірлесіп телевидение мен газеттің «Қауышу» атты елдік кешін өткізеді. Сол шарада азаттық мұратына қатысты талай маңызды ойлардың тиегі ағытылады. «Бұл – журналистиканың елеулі шеберлік сыныбы болды» деп еске алады сол жиынға қатысқандар.
Санаткер азаматтың адамгершілігі, құшағына толған мейірімі, жақынға да, бөтенге де бірдей алғадай көңілі мен аңғалдығы – бір бөлек хикая. Бұған Сағат Әшімбаевтың көзін көрген, қатар жүрген, ілтипатына бөленген, шарапаты тиген ақын-жазушы, әдебиетші, журналистердің естеліктері куә. Соның бірі – Сауытбек Абдрахмановтың «Аға» деген мақаласын оқып, кең жүректі сыншының алғаусыз аңғалдығына еріксіз жымиып отырмыз.
«Сәкең жақсылық жасаудан қайтпайтын және соған дайын тұратын. Кейде онысы күтпеген жағдайға да ұрындырып қалатыны болушы еді. «Лениншіл жасқа» бір барғанымда сабағымның жайын сұрағыштай берді. «Бәленшемен қалай едің?» деп бір ұстазымыздың атын атады. «Жаман емес», деймін. «Біз ертең ол кісімен бір жерде дастарқандас боламыз. Мен сені айтып қояйын, оң көзімен қарап жүрсін», дейді Сәкең. «Керегі жоқ, басқалай түсініп қалар», деп жатырмын. Сәкең болатын емес, «Ол кісінің маған көзқарасы жақсы, өзі біздің ұстазымыз әрі тұрақты авторымыз. Саған біздің қалай қарайтынымызды білгені теріс болмайды», дейді. Екі-үш рет қарсылық білдіргеніммен, арғы жағыммен: «Е, мейлі, оң көзімен қараса қарасын, өтініш айтып жатқаным жоқ қой», дейтіндеймін... Сөйткен Сәкеңнің «көмегінің» нәтижесі көп күттірген жоқ. Дүйсенбі күні дәл сол ұстазымыздың лекциясы бола қалсын. Дәрісті түйіндейтін тұста ол кісі адам жас кезінен, ең алдымен, өзіне сенуі керектігін, біреудің қолдауымен ешкім алысқа бара алмайтынын, өзі ондай тамыр-таныстыққа ешқашан жол бермегенін, алдағы кезде де жол бермейтінін айтып келді де, сөзіне нақты мысал атады...» деп жазады Сауытбек Абдрахманов. Иә, бұл «келеңсіз» оқиға да Сағат ағамыздың біреуге болса екен деп тұратын ғажап жанын танытады.
Түйіндей келе айтарымыз: Сағат Әшімбаевтың өмірлік философиясы мына нәрсені ұғындырады. Кез келген адам, ең алдымен, азаматтық ұстанымына адал болуы керек. Қайраткерлік – ояу жанның серігі. Жаның мен тәніңді, жүрегіңді ұйықтатпа. Ішкі рухыңның, ішкі сеніміңнің, ақиқат айнаңның алдында әрқашан адал бол. Өмірде мейлі кім болсаң да азаматтық көзқарасыңды алға ұста. Қазақ деп соққан ішкі даусыңның үнін өшірме, сыртқа шығар, айналаңа естірт, әлем мойындасын. Көзбен көргеніңді көрмегендей болма, өтірік бас шұлғып өмір сүрме, өз сөзіңді, шын сөзіңді айт.
Қысқа ғұмырында орасан игі істің басында болған тау тұлға Сағат Әшімбаев туралы әлі талай жазылар. Әрине, арда азаматтың ә дегеннен әдебиетшілігі, сыншылығы ойға оралады. Десек те ұлт пен тілдің тағдыры таразыға түсіп, тербеліп тұрған тұста көзімен көріп, жүрегімен сезгенге бейжай қарамай, өз үнін қосып, айналасының бәрі аузын буған сәтте ұлттың сөзін дауыстап айтқан Сағат Әшімбаевтың азаматтығы, қайраткерлігі, қарапайымдылығы қағидатшыл, әрқашан ізденіс үстіндегі мұратымен қаламгерлік тең түседі деп санаймыз.