• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қаңтар, 2024

Берешегіміз һәм келешегіміз немесе сыртқы қарыз синдромына салқынқандылық керек

197 рет
көрсетілді

Халықты толғандыратын басты мәселенің бірі – мемлекеттің сыртқы қарызы. Бұған қоғам бейжай қарамайды. Таяуда осы мәселеге қатысты тың деректер шықты. Қазақстанның сыртқы қарызы бір жыл ішінде 1,3 млрд долларға өсіп, 162 млрд-ға жақындап қалды.

Салыстырып қарасақ, 2022 жылдың үшінші тоқсанында бұл 160,6 млрд доллар, қазіргі көрсет­кіштен 0,8%-ға аз болған.

Біз ең көп қарыз алған ел  Нидерланд екен. Бұл ел алдындағы берешегіміз – 42,5 млрд доллар (2022 жылдың 1 қазанымен салыстырғанда +2,1%). Одан кейінгі орында Ұлыбритания тұр. Алған қарызымыз – 14 млрд доллар. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 7,8 пайызға көп. Сондай-ақ АҚШ-қа – 11,3 млрд доллар (-9,6%), Францияға – 11,2 млрд доллар (+0,4%), Бермуд аралдарына – 9,4 млрд доллар (-0,03%), Қытайға 9,2 млрд (-3,1%) қарыз тіркелген. Жапон еліне 4,9 млрд долларлық (-3,9%) берешегіміз бар. Бір жыл ішінде республиканың БАӘ алдындағы міндеттемелері де айтарлықтай өскен. Алдыңғы 2,7 млрд доллардан 3,6 млрд долларға, яғни 33,3%-ға дейін өсіп кетіпті. Тіпті соғыс отына оранып, өз күнін өзі әзер көріп отырған Сирияға да 100 мың доллар көлемінде қарызымыз барын білгенде, көңіліміз түсіп кетті...

Jusan Analytics сарапшылары 2024 жылы Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2023 жылғы болжамды деңгейден 11,5%-ға артып, 34,2 триллион теңгеге жетеді деп болжайды.

Үкіметтің 2023 жылға арналған болжамы бойынша мемлекеттік қарыздың ішкі жалпы өнімге қатысты көлемі 26%-ға (2022 жылы – 24%) жетеді.

Jusan Analytics атап өткендей, мемлекеттік қарыздың құны отандық тауарлардың бүкіл экспортынан 12%-ға көп. Қаңтар – қыркүйек айларында Қазақстан 26 трлн теңгенің тауарын экспорттады (2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,2%-ға аз).

Ең көп экспортталатын тауар­лар мұнай, газ, түсті және қара металдар, сондай-ақ бидай болып қала береді. «Нәтижесінде мемлекеттік қарыз мұнай экспортынан 2 есе, мыстан 26 есе, руда мен мыс концентраттарынан 28 есе, ураннан 34 есе, ферроқорытпадан 37 есе, бидайдан 43 есе, газдан 48 есе артық. Темір кенінен – 112 есе, көмірден – 120 есе, күмістен 137 есе көп», деп жазады мамандар. Сондай-ақ сарапшылар 2024 жылы әлемдік экономикалық өсімнің баяулайтынын ашық айтып отыр.

Дүниежүзілік банктің зерттеу­лерінде мемлекет борышының мөлшері ІЖӨ-нің 77 пайызынан асатын болса, ел эко­номикасына кері әсер етуі мүмкін екені ай­тыл­­­ған. Ал экономикасы дамып, нарығы да енді қа­лып­­тасып келе жатқан елдерде мем­лекеттік борыш шамамен ІЖӨ-нің 60 пайы­зынан асып кеткені осы зерттеу­де айтылған. Бұдан шығатын қорытынды: мем­лекеттің қанша қарыз екені маңыз­ды емес, қай­тару әлеуеті, қауқары маңызды. Біздің ел бірер жылдан бері сыртқы қарыз мәсе­лесінде барынша сақтық таныта бастағанын аңғарамыз.

Ұлттық банктің мәліметтерінде 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша сырт­қы қарыздың 131,8 млрд-ы жеке компания­лар мен фирмаларға, инвес­тицияларға тиесілі екені айтылған. Басқаша айтқанда, қоғам ұлттық компа­ниялардың шет мемлекеттерден бейбе­рекет қарыз алуға көш­кеніне алаңдаулы. Тек 30 млрд доллары мемлекет үлесінде, бас­қаша айтқанда сіз бен біз­дің салығымыздан өтелетін қарыз. Одан әрі таратсақ, Үкімет алған сыртқы қарыз – 14,7 млрд доллар, мемлекет бақылауындағы банк­тер мен қаржылық ұйымдардың сыртқы қарызы – 15,3 млрд доллар. Бұл деректер «біз шетелге басыбайлы қарызбыз» деген алып-қашпа әңгімелерге нүкте қоюға жарап тұр.

2023 жылы сыртқы қарызға шектеулер белгілейтін 2030 жыл­ға дейінгі мемлекеттік қар­жы­ны басқарудың жаңа тұжы­рым­дамасы қабылданды. Ұлттық эко­номика министрінің 2023 жыл­ғы 29 желтоқсандағы бұйры­ғы­­мен 2024 жылға арналған квази­мемлекеттік сектордың сырт­қы қарызының шекті көлемі бекі­тілді. Онда «Самұрық-Қазы­на» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ – 5 741 720 млн теңге немесе 12 482 млн доллар, «Бәйтерек» ұлттық басқа­рушы холдингі – 2 319 780 млн теңге немесе 5 043 млн доллардан аспауы керек­тігі айтылған. Бұл сома 1 доллар үшін 460 теңге бағамымен есептеледі.

Демек ендігі жерде шеттен қарыз­ға алын­ған қаржы мем­лекеттің бақы­лауын­да болады. Дүниежүзілік банктің мәлі­ме­тінше, егер мемлекеттік қарыз ІЖӨ-нің 77 пайызынан асса, бұл эко­но­микаға кері әсерін тигізуі мүмкін. Бірақ, мысалы, Take-profit Exchange порталының мәліметі бойынша 2023 жылдың наурыз айының соңында Жапонияның мемлекеттік қарызы 9,5 трлн долларды (ІЖӨ-нің 184%-ы), ал Сингапурдікі 809 млрд долларды (368,1 трлн теңге) құрады.

Біздің елдің сыртқы қарызы туралы пікір білдірген сарапшылар Қаржы министрлігі қарыз қа­ра­жатын тарту мәсе­лесіне өте тең­герімді көзқараспен қа­рап, өз стратегиясы мен қаржылық моде­ліне негізделген шешімдерді мұқият қабыл­дайтындығын алға тартады.

Қаржы талдаушысы Ерлан Ибра­гимнің айтуынша, біздің елдің сыртқы қарызының пайыздық мөл­шерлемесі – 2–2,5 пайыз. Бұл елдің жоғары ин­вестициялық тар­­тым­дылығымен және шетелдік компа­ния­лардың сенімімен түсін­діріледі. Халық­аралық тәжірибеде мемлекеттік қарызды өтеуге бюджет шығыстарының 15%-дан аспайтын бөлігін жұмсау әдет­ке айналған. Ал біздің елде бұл көрсеткіш 7 пайыз­дан ас­пай­ды. Демек дәл қазіргі жағ­дай­­да қарызды өтеу құнының дең­гейі барлық өлшем бойынша төмен деңгейде. Халық­аралық рей­­тинг­тік агенттіктердің жо­ғары рей­­тинг­тері мен инвестициялық тартым­дылығы Қазақстанға тиім­ді шарттармен несие алуға, сон­дай-ақ ағымдағы несиелерді қай­та қаржыландыруға мүм­кіндік береді.

«Біз үшін қарыз қаражатының жұмсалу тиімділігіне назар ауда­ру маңызды. Сырт­қы қарыз, ин­фра­құрылым нысандарына, адам капиталының өсуіне және жаңа технологияларды енгізуге бағытталуға тиіс», дейді сарапшы.

Сарапшы айтып өткендей, сыртқы қарыздың үлесінде фирма­­­аралық қарыз үлесінің көп бо­луы тікелей инвестиция­ны, эко­номиканың өсім беріп жат­қанын, қарыздардың көпшілігі мем­лекеттік кепілдендірілмегенін білдіреді. Басқаша айтқанда, еліміз экономикасына бұл қа­рыздардан төніп тұрған қауіп жоқ. Олар біздің елге өз технологиясы, капиталы арқылы инвестиция алып келді, ішкі нарыққа тәуекелмен кіреді. Банкротқа ұшыраса, шы­ғын өздерінің есебінен өтеледі. Сондықтан ондай қарыздың мемлекетке, бюджетке зияны жоқ.

«Сыртқы қарыз статистикасында айқын­дылық жоқ. Бірақ Ұлттық банк өт­кен жылдан бас­тап квазимемлекеттік сек­тордың қарызын Үкіметтен бөліп қа­рап жүр. Қазір квазисек­тордың қары­зы жалпы қарыздың 10-15 пайызын құрайды. Квази­сектордағы қарыз ұлт­тық компа­ниялардың қарызы ретінде қарас­­тырылғандықтан, оларға сырт­қы қаржы институт­тары қорық­пай қарыз береді екен. Себебі олардың басым көпшілігі Үкі­меттің кепілдігімен несие ала бе­реді. Соң­ғы нәтижеде ол ком­панияның емес, Ұлт­тық қор есе­б­інен өтелетінін көріп жүр­міз. Қарыз қайтарылмаса, қар­­жы институттары Үкіметті де­фольт­қа ұшы­райды деп таниды. Сол себепті қарыз алушы ком­пания­лардың жауапкершілігі, қарызды алу лимиті, сыртқы қарыз бен Ұлт­тық қор арасындағы қарызды қайтару арасындағы келісім, қарыз­ды қайтарудың Ұлттық қорға және бюджетке әсері туралы мә­селелер ашық болуы керек», дейді Е.Ибрагим.

Сарапшының пайымдауынша, біздің елде біраз уақытқа дейін сырт­қы қарыздың мөлшері туралы, қа­рыз­дарын қалай өтейтініміз туралы нақ­тылық болмай келді. Үкімет өткен жылы осы мәселе бо­йынша барынша ашық ұстанымға басымдық беретінін, сектор­дың қарызы ашық көрсетілетінін айтып отыр. Енді басқа секторлардың да қарызы көрсетілсе, Үкіметтің сыртқы қарыздар алдындағы жауапкершілігінің салмағы жеңіл­дейді.

Бірақ, сарапшы айтып өткен­дей, Қаржы министрлігінің дерек­тері тек мемлекеттік қарыздарды көрсетеді, бірақ Ұлттық банк, жер­гі­лікті атқарушы органдар мен квазимемлекеттік сектор да қарыз алуға құқылы. Бірақ олардың қа­рыз­дарының мөлшері туралы дерек әртүрлі.

Сарапшылардың басым көп­шілігі құп көріп отырған бұл пікір Парламентте де қолдау тапқанын көріп жүрміз. 2022 жылы сәуір айында депутат Нұрлан Бекенов Сенат отырысында сыртқы мем­лекеттік қарыз сомасын атап, оның өсуіне не себеп болғанын айтып берді. Оның айтуынша, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша мемлекеттік қарыз 22 трлн теңгеге немесе ІЖӨ-нің 27,4 пайызына жеткен.

Үкіметтің сыртқы борышы, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың кепілдік берген сырт­қы борышы 37 млрд долларды құрады, бұл Ұлттық қор актив­терінің 67 пайызына, шекті мәнге жақындап келеді.

Ұлттық қорды қарыз­дарды өтеу бойынша кепілден­дірілген резерв ретінде ғана қарас­тыруға болмайтыны өткен жылдан бас­тап ашық айтыла бас­тады. Демек Үкімет пен Ұлттық банк ал­да­ғы уақытта қарыздарды қай­та­­ру­дың, жо­балық-сметалық құ­жат­­таманың құ­нын нақты реттеу және экономиканың бар­лық сала­сындағы шығындардың ба­сым­дықтарын белгілеуге екпін салады деп үміттенеміз.

Жалпы, сыртқы қарыздың бета­лысын шектеу туралы ұсы­ныс­тар, оның ішінде сыртқы қа­рыз­ды негізсіз тартқаны үшін бірінші басшы жауапқа тартылу мүмкіндігі көп айтылды.

Депутат Ерлан Саиров бізбен әңгіме­сінде Бюджет кодексінде мемлекеттік қа­рызды реттеу тетік­тері қарастырылуы тиіс екенін айта­ды. «Осыған дейінгі дұ­рыс жүр­гізілмеген экономикалық сая­сат мем­лекеттік қарыз, кедейшілік, эконо­микалық теңсіздік, оны әртарап­тандыру проблемалары сияқты дамудың іргелі проблемаларын шеше алмады. Қазір Ұлттық қорға деген тәуелділікті азайту туралы әрекетімізді ниет деңгейінде қабылдауға болады. Экономика әртарап­тандырылмаса, тәуел­ділік деңгейі төмен­демейді, әлеуметтік реформаны сыртқы қарыз арқылы шешу жалғаса береді», дейді Е.Саиров.

Депутат айтып өткендей, сыртқы қарыз мөлшері қазір шектен шығып кеткен жоқ. Бірақ Үкімет мемлекеттік қарыз туралы есеп бергенде тек мемлекеттік несиелер туралы айтады.

«Импортқа тәуелдіміз. Қаржы­ның да импортына тәуелдіміз. Сон­­дықтан мемлекеттік қарыз мә­се­лесіне сақтықпен қарауымыз керек. Жағдай ушығып кетсе, мем­лекет қарызы кесірінен эко­но­микалық іргетасын жоғалтқан Ла­­тын Америкасы елдерінің қай­­­ғылы жо­лын қайталауымыз мүм­кін. Латын Аме­рикасы елдері­нің қарызды қайтару үрдісі 30 жыл­ға созылды. Кейбіреулері дол­лар­дың пайдасы үшін өз валютасы­нан бас тартуды ойлап жатыр. Гре­кияның эко­но­микасы ЕО елде­рінің сыртқы бақы­лауында. Мемлекеттік қарыздың дең­гейін бақыламасақ, экономикалық еге­­мендігімізден айырылып қа­луы­мыз мүм­кін. Сондықтан Үкіметтің қарыз алу үдерісі қоғам мен Парла­менттің тұрақты бақы­лауында болуы керек», деп сөзін түйіндеді Е.Саиров.

 

АЛМАТЫ