• RUB:
    5.41
  • USD:
    472.49
  • EUR:
    515.44
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 30 Қаңтар, 2024

Шопан жоқ, шикілік неде?

7522 рет
көрсетілді

Мал шаруашылығымен айналысып жүрген таныс жігіттің қала маңынан бордақылау алаңын тұрғызғанын білемін. Ала жаздай 150 бас ірі қараға есептелген қора салды. Күзде малшы отбасы іздеп, әупірімдеп тапқаны бар. Елден келген тай-жабағысы аралас 100-ден аса малдың жайын білетін адам керек екені белгілі. Оның өзі бордақыға тұрған мал болса, күнделікті жемшөбін айырмайтын, жылқы жайын білетін малшы ұстау, таныстың арманы болған.

Жалған намыстың жетегі

Қош, солай табылған малшы жігіт отбасымен көшіп келді. Жап-жаңа 4 бөлмелі баспанаға жайғасты. Құла түз емес, қала маңы, жан-жағында ел бар. Оның үстіне бордақыға қарайтын жігіттің отбасының жағдайы түгел жасалды. Үйге интернет пен цифрлы теледидар кіргізілді. Газ бен суын тартып, айлық азық-түлігін алып беріп жүрді.

Ендігісі – тиянақты тірлік. Қорада қамаулы жылқыға жемшөбін салып, құбырдан келіп тұрған суды науаға сарылдатып құю – малшы жігіттің жұмысы. Мұнда күн ұзақ жылқыны өрістету жоқ. Оның үстіне қала маңында қандай жайылым болсын. Жалақысы 150 мыңнан жоғары еді. Бастапқы үш айдан астам уақытта бордақыға қойылған ірі қараның бабына қарап жүрді. Неге екені белгісіз, аяқ асты жылқышы жігіт «өзге жұмыс табамын» деген сылтаумен бір күнде еліне кері қайтыпты. Мал иесі маған қоңыраулатады сол күні.

– Ел арасына шығып жүрсің ғой, малшы керек, айта жүрерсің, – дейді ғой баяғы. Малшысының бұл әрекетінен хабарсыз мен кері сұрақ қойдым.

– Ау, өткендегі жігітің тым жақсы еді ғой. Отбасымен көшіп келіп орныққаны қайда?

– Ай, бұл қазақты құртатын бос әңгіме. Ағайындары айтады дейді «мал соңында жүрсің салпылдап, азып-тозып». Мен аздырып-тоздыратындай жағдай жасамадым. Өзің білесің ғой, басында – жылы үй азық-түлігі – молынан, жалақысы – уақтылы. Сірә, ол жігіт жалған намыстың жетегінде кетті-ау...

Иә, бір заманда төрт түлікті төбесіне көтеретін жұрт, бүгінде оны бағудан түңіліп жүр. Неге?

 

Жарнамасы жақсы болғанмен...

Дұрыс дейік, бірақ барлық шаруа қожа­лық жоғарыда айтып кеткендей жағ­дай жа­сай бермейді. Мал иелері бақташының басы­на «бақ қондырамын» деп уәде еткен­мен, көп жағдайда ол іске аспай қалып жатады. Интернетте жарнамасы тым тәуір, «малшы отбасы керек» деген іздеушілерден көз сүрінеді. Былай қарасақ, айлығы да жоғары, тұрмыстық жағдайы да жақсы қаралған. Ал шын мәнісінде осыған келіскен кейбір қойшы не жылқышы болсын, бұдан опық жеп жатады.

– Рас, мал бағуда намыстанатын-ды біздің жігіттер. Оның үстіне жұрттың сөзі бар. Пәленше пәленшеге жалданып, мал соңында жүр дейді. Кейбір ағайын сенің адалдап ақы тапқаныңды да осылай сөз қылады. Бұл – бір.

Екіншіден, кейбір қожайындар алдайды, кейде ауырып өлген малды сенің мойныңа іле салады. Түсінеміз, «мал ашуы – жан ашуы» шығар. Бірақ белгісіз себеппен ажалы келген түлікке малшының не кінәсі бар? Жағдай жасаймын деп жарытымсыз айлық беретін шаруашылық иелері де жоқ емес. Әйтпесе «бәрі жақсы болады» деп ақысына келіскенмен, жоқ жерден сылтау тауып, жалақыңа келгенде тайғанақтайтын мал иелері жетерлік, – дейді аты-жөнін айтпауды өтінген жергілікті малшы жігіт.

Намыс демекші, сондай «жұрттың пікірімен» өмір сүретіндердің арқасында өз малын өзі игеріп жүргендер де бар.

– Жағдай жасалғанның өзінде мал бағуға келмейтіндер бар. Мысалы, біз қой бағатын шопан іздеумен шаршадық. Жергілікті жерден болса деймін. Жер жағдайын, жайылым-өрісті біледі ғой деген сенім ғой. Ауылдағы бірнеше жас отбасына айтып көрдім. Тіпті өз малыңды да қосып сонда бақшы деп те айттық талай жігітке. Көнбейді, одан сыртқа кетіп, құрылыс істегенді тәуір көреді. Қазір мал шаруашылығына мемлекет жақсы көмектесіп жатыр. Тиімді бағдарламалар бар. Көп жастарға соны түсіндіріп келемін, – дейді «Шархан» шаруа қожалығының иесі Шархан Тілеуназаров.

 

Бізге вахталық әдіс керек

Отбасылық қой шаруашылығын дамытып жүрген, «Жақып» шаруа қожалығының төрағасы, қызылорда­лық Нұрман Тахирдың ойынша, бізге вахталық әдіс керек сияқты.

– Алыс қыстау, жарық, байланыс жоқ. Жолдың қиындығы тағы бар.  Қойшы отбасылы болса, оның балаларына мектеп, балабақша керек екені тағы анық. Вахталық тәсіл енгізу керек. Шопандарға, жалпы мал бақтырам десек, сол тиімді.

Көп жігіттер айлап, жылдап иен далада екі жүз мыңдап ақша тапқанша, үйге кіріп шығатын жақын жерден қарауыл болсам деп ойлайды. Солай уақыт өткізеді. Мал иесі жағдай жасап, мен айтқан вахталық әдіспен жұмыс жүргізсе, онда мал басына қауіп аз. Бақташы да шаршамайды, тіпті оған көмекші қосып берсе де артықтық етпес, – дейді ол.

Нұрманның айтуынша, күні бойы мал соңында жүру бір адамды қажы­тып жібереді. Оның денсаулығы болмай, ауыруы мүмкін ғой. Оның да ағайыны, арала­сатын дос-жараны, қатысатын той мен өлім-жетімі болатыны тағы анық дүние.

– Мен бір уақыттары үш шопан ұстап отырдым. Айлығы да солай күндеріне, яғни әрқайсысының он күніне ақы төленеді. Бір адам өзінің он күндік міндеті біткен соң, келесі шопанға малды өткізіп, үйінің өзге де тіршілігін істеуге уақыт табады. Ал былай отбасымен малшы әкеліп, жыл бойы қыс тоңдырып, жаз күн астында қаңтарып қой бақтыру тым қиын, – дейді қожалық төрағасы.

Нұрман айтқан пікірді көпшіліктен де естіп жүрміз. Малды игеруге бір адам аздық етеді. Тұяқты мал ауырмай тұрмайды, шығын болып тұратыны да анық. Жыл сайын түрлі ауруға дәрі ектіруің тағы бар. Осындай қиындықтан соң мал иесі мен бақташы арасында түсінбестік туындайды да, арты жанжалға ұласып жататын жағдай да кезігеді.

 

Малшы мәртебесін айтқанда...

Қой демекші, қолда бар деректерді айтсақ. Бүгінде төрт түлік санында біраз өсім бар. Былтыр жыл соңында Primeminister.kz редакциясы ауыл шаруашылығы саласының дамуының нәтижелеріне арналған шолуды ұсынған еді. Сонда көрсетілгендей, 2023 жылы республика бойынша ірі қара мал басы 2,9% (9 млн бас), ұсақ мал басы 4% (23,6 млн бас), жылқы 8,3% (4 млн бас), түйе 5,3%-ға (277,6 мың бас) өскен.

Сарапшылардың пікірінше, қой санын арттыруда бұрынғы мамандар аз, сондай-ақ ауыл айналасындағы жайылымдық жер нашар. Қазір мал жайылуға қолайлы деген 187 млн гектар жердің де жыл өткен сайын күйі қаша бастағандай. Тағы бір мәлімет, бізде аумағы 60 млн гектарды құрайтын шалғайдағы жайылымдар пайдаға аспай, тектен-тек жатыр.

Екінші мәселе, қой өнімін тұтынушы азық-түлік пен тоқыма өңдеу жұмыстары мүл­­де жоқ десе де болады. Еті желінсе де тері­сі мен жүні шикізат күйінде жарамсыз қалып отыр.

Айта кету керек, Қазақстанда 1990 жылдардың басында 35,6 млн бас қой болған. Ал 1994-2020 жылдар аралығында Қазақстанда қой екі есе азайыпты.

Мамандардың пікірінше, қазіргі қойшыларға қатысты жеңілдіктерді қайта қалпына келтіру үшін бір кездегі Қазақ КСР үкіметінің 1991 жылғы қау­лысын негізге алу керек. Тіпті жеке қожалықтардағы шопан-малшыларға осы заң­дылықты жарату керек сияқты. Оған жеңілдікпен зейнет демалысына ер азаматтарды 55, әйелдерді 50 жаста шығару құқығы берілгені дұрыс. Жайылымдық учаскеде қосалқы жайлары бар қызметтік баспананы тегін беріп, жанар-жағар­май, коммунал­дық қызметтер мен электр қуатының төлемдерінен босатқан жөн. Балаларын 17 жасқа дейін мектеп жанын­дағы интернаттарға орналастыру да бұл тізімге кіреді. Жыл сайын шипажай, демалыс орындары мен басқа да сауықтыру мекемелеріне жолдамамен бірінші кезекте баруы керек. Көлік, жыртқыштарға қарсы арнайы қару, азық-түлік қоры, т.б. қажеттілермен уақтылы қамтылса, малшы мәртебесі өсер еді.

Бір қуанарлығы, елімізде атакәсіпті ардақтап, төрт түлікті түлетушілердің қатары көбейген. Мемлекеттік бағдар­лама­­лар арқасында кәсібін кеңейтіп отыр­ған азаматтар да жетерлік. Үкімет қол­дауы­мен инвестициялық жобаларды жеңіл­детілген несиелендіру бойынша осы сала­ның өсу динамикасы қалыптасып, мал басы мен өндірілген өнім жылма-жыл ұлға­­йып келеді. Мысалы, өткен жылы ауыл ша­руашылығы саласында 8,2 трлн теңгеден астам өнім өндірілсе, соның 3,8 трлн теңгесі мал шаруашылығының үлесінде.

Айналып келгенде, еңбек осы түлік­тер­дің жағдайына қарайтын адамдікі болса керек. Қыс суығы мен жаз аптабын жан-тәнімен сезініп, мал мехнатын тартып жүрген шопан болсын, сиыршы болсын, жылқышы болсын, оларға қолдау жан-жақты керек. Халық бекер айтпайды. «Балықшы дауылда, егінші жауында, ал малшы өлгенде тынады».

 

Малды айтасың, пышақ қайрай ала ма?

Бүгінгі кейбір оқығандардың пікірінше, қазіргі қазақтың мал бағудан қыры кеткен. Мал бақпақ түгілі атқа отыратын қазақты да сирек көресіз. Ата дәстүрден қол үзіп қалған соң, оның себебін алыстан іздеудің де қажеті жоқ шығар. Айтылған пікірді мойындамасқа лажың жоқ. Мұндайда біз өзіміз көріп жүрген кемшілікті тізбектейтініміз бар.

Мал бағады дейтін қазақ іздейміз. Бірақ тағы бір айтпасқа болмайтын нәрсе бар. Қой бауыздағанды көрсе, қалтырайтын ұл көп. Шапшыған қаннан шошып сырт айналатындарды көріп те жүрміз. Қазақтың бұрын басында болмаған жағдай. Сойған малды аяп, тізесі дірілдеген жігітті көргенде қойды емес, ана соқталдай азаматты аяйсың.

Рас-ау, Құрбан айттың кезінде өз қойын өзі соя алмай, қасапшы жағалап кететіндер де көп бізде. Кейбірі қойды қалай жығуды не ұстауды білмейді. Елеусіз нәрсе болуы мүмкін. Бірақ ата кәсіптен тым алшақтап кеткеніміз жасырын емес...