25-28 қаңтарда Қазақстан құрамасы The Goa International Robotics Festival халықаралық ашық чемпионатына қатысты. Ел намысын Екібастұз, Құлсары, Алматы және Астана қалаларының оқушылары қорғады, деп хабарлайды Egemen.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Үш күндік чемпионаттың қорытындысы бойынша құрама қоржыны үш жас санатындағы алты жоғары наградамен толықты. Атап айтсақ:FLL Explore 6 жастан 10 жасқа дейін:
«Challenge Solution» марапаты - Billion Team командасы, Екібастұз қаласының «Robopark» робототехника мектебі;
«Team model» - Jylyoi Tehnik командасы, Құлсары қаласының Е.Халықов атындағы №7 және А. С. Пушкин атындағы №6 мектеп құрамалары.FLL Challenge 10 жастан 16 жасқа дейін:
«Engineering Excellence» марапаты - Nova Fusion командасы, Астана қаласының дарынды қыздарға арналған лицей-интернаты;FTC 12 жастан 18 жасқа дейін:
1-орын «Motivate award 1st runner up» - Sana team командасы, Алматы қаласының БИЛ;1-орын «Think award Winner» - xCellence командасы, Астана қаласының ФМН НЗМ және Astana Garden School мектептерің құрамасы;1-орын «Inspire award 1st runner up» - Qazaq style командасы, Алматы қаласының №124, №81, №178, №206, №200 мектептерінің және Түркістан облысы, Жетісай қаласының №6 мектебі.
«Біздің командаларымыз жарысқа қатысу тәжірибесінің аздығына қарамастан өте жоғары кәсіби деңгейін байқатты. Чемпионатта тамаша ойын өрнегін көрсетіп, төл мәдениетімізді паш етті. Елімізге шетелдік командаларды шақыру үшін үлкен жұмыс атқарылды. Осылайша, ақпан айында Астанадағы Орталық Азия ойындарына Үндістан мен Шри-Ланкадан бірнеше команда қатысатынын растады», деді «Алматы дарыны» орталығының бөлім басшысы Жанна Алмусаева.