«Жігіттер» квартетінің әншісі Ердос Қанаев «Urpaq» подкастында бұрын-соңды ешқайда бөліспеген жан сырын ақтарып салды. Ол алғаш әке атандырған ұлының ауыр диагнозбен дүниеге келгенін айтты. Жылдар бойы дертпен күрескен әншінің ұлы 10 жасында өмірден озған, деп жазады Egemen.kz.
Ердос Қанаев «Ата-ана қадірін балалы болғанда білерсің» тұжырымын әке атанғанда екі есе түсінген. Өйткені әншінің шаңырағында тұңғыш перзенті денсаулығында кінәратпен дүниеге келген. Ол 10 жыл бойғы қиын кезеңді есіне алып, көзіне жас алды.
«2010 жылы 26 жасымда алғаш әке атандым. Ол кезде әкелік жауапкершілікті жете түсіне қоймаппын. Қуанғанымнан көпшіліктен сүйінші сұрай беріппін. Бірақ тұңғышым бізге сынақпен келді. Есімін Абдурахим деп қойған едік. Сол баламыз 2020 жылы қайтты. 10 жыл ғана өмір сүрді. Ол бірден дүниеге сынақпен келді. Туғандағы қуанышымыз сол сәтте су сепкендей басылды. Перзентханаға келгенде ұлымды жансақтау бөліміне алып кетіпті. Екі ай вакуумде демалып жатты. Диагнозбен туғанын сол кезде білдік», дейді әнші.
Әнші сол күннен бастап отбасында ауыр кезең басталғанын жасырмады. Өнер иесі ән-сапарда жүргенде перзентінің жанында әншінің жары жиі болған.
«Мұндай сынақты мен жауыма да тілемес едім. Ұйқысыз түндер. Өнер адамы болғаннан кейін сыртта көп жүрдім. Анасы ғана жанында болды.10 жыл бойы аурухана мен үйдің арасында жүрдік. Апармаған жеріміз жоқ. Ауыр диагноз болғандықтан жансақтау бөліміне көп түсетін. Тіпті екі күн үйде, екі ай ауруханада жатқан кездер болды. Анасы жанында, мен сыртта көлікте күтіп отыратын едім. Әр сынақтың артында бір жақсылық бар дейді ғой. Сол баламыздан кейін Алла екі ұл мен екі қыз берді», деді Ердос Қанаев.
Подкастта «Жігіттер» квартетінің әншісі отбасы, ұрпақ тәрбиесіндегі ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті.