Жылқының шоқтығынан асатын қар соңғы рет 1966 жылы жауған деседі Марқа жұрты. Араға 60 жылға жуық уақыт салып, қаңтарда қапалақтаған қар шекара шебіндегі ауылдарды құрсаулап тастаған. Ауыл арасындағы жолдарды ашу былай тұрсын, қора-қопсыға дейінгі аяқ жолын салу мүмкін болмай қалған. Бәрінен бұрын тебіндегі малға қиын соғып тұр. Оның үстіне өткен түндері сынап бағанасы -45 градусқа дейін төмендепті.
Марқакөл өңірінде табиғи сипаттағы төтенше жағдай әлі сақталып тұр. Техника тізгіндеген азаматтар күні-түні ауылдық жерлерге апарар жолдарды күреумен әуре. Әрине, табиғаттың тосын мінезіне төтеп беру оңай емес. Кейбір тұстағы қасат қарға күрек батпайды. Десе де әдіс-айласын тапқан трактор жүргізушілері күрежолдарды тіліп өтіп, бірқатар ауылдарға жол ашты. Қазіргі уақытта түу түкпірдегі Шанағатты мен Балықты бұлақ қана қарға қамалған қалпы жатыр. Алайда дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткілікті. Бір аптаға жуық электрсіз отырған Шанағатты ауылына мамандар тікұшақпен жетіп, желіні жалғаған.
Қалың қардың құрсауында қалған ауылдың жолы 12 күннен кейін бірақ ашылған. Алты күн тоқтаусыз жауған қардың қалыңдығы екі метрге, кейбір жерлерде үш метрге дейін жеткен. Қысқы каникулда ауылда жатқан студенттер күні кеше ғана қалаға қарай жол тартты. Азық-түлік тасымалдап жүргендер де неше күннен бері қамалып жатқан. Төсқайың ауылына барар жолдың көп бөлігі бір бағытта ғана. Қарама-қарсы шыққан көліктер бір-біріне жол берісіп өтпесе, қиындау. Сол үшін жол тазалаушылар әр жерден көлік тұрағын шығарып кеткен. Тракторларда тыным жоқ. Қар лақтырған қарқындарына қарасақ, көп ұзамай-ақ екінші бағыттарды да ашып үлгереді.
Ауылдар 12 күн бойы қарға қымтанып жатқанымен, азық-түлік тапшылығы болмады дедік қой. Сөйтсек, бұл жақтың халқы азықтарын орталыққа бір барғанда-ақ артығымен, молынан жеткізіп алады екен.
– Төсқайың ауылында 68 отбасы бар. Ауыл ішінде екі дүкен жұмыс істеп тұр. Мен соңғы күндері бір барғанымда ешкімнің келіп дүкеннен ұн алмағанын сұрап білдім. Өйткені бізде азық-түлікті тұрғындар молынан әкеліп алады. Ал жол жабылып қалып, оқуға жете алмай қалған студенттерге анықтама жазып бердік. Оқушы, студенттер ғана емес, Ұранхай ауылында шетелдік бір турист бірнеше күн қамалып жатқан. Жол ашылғанда еліне қайтты, – дейді Төсқайың ауылдық округінің әкімі Әлижан Беткенбаев.
Түкпірдегі тұрғындардың қыс маусымына ерте қамданып алатын әдеттері заңды да. Себебі қалың қар жаумаған күннің өзінде де Мәрмәр асуын асып, орталыққа жету оңай емес. Аудан орталығы, Марқакөлден әрі сайрап жатқан асфальт жол жоқ... 500-600 шақырымда жатқан облыс орталығына жету тіптен қиын.
Ел дәл қазіргі таңда тебіндегі жылқысына алаңдаулы. Жан-жақтан көмек ретінде жеткізілген жемшөпті алаңқайларға шашып, жылқыны жол басып, түсіріп жатыр. Бірақ жеткізілген азық ақпан, наурызға жете ме? Сол үшін де жылқыларды Боран және Қарашілік өңірлеріне қарай түсірмек. Жалпы, Төсқайың ауылдық округінде 2 мыңға жуық жылқы болса, оның 350-ден астамы етекке қарай орын ауыстырмақ. Жылқылардың етекке түсірілуін округ әкімдігі мен ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бірлесе ұйымдастырады.
– Жылқылардың күйі кетпей етекке түсіріп алуымыз керек. Қазір жүдеп кетсе, көктемде тіптен қиын болады. Тұрғындардың ішінде жылқысын ойға түсіргісі келмейтіндері де бар. Олар жылқымыздың күйі келмейді деп отыр. Айта кетейін, жылқыларды етекке айдағанда жемшөп тиеген көлік еріп отырады. Қажет болса, Марқакөлге 100 тонна жем дайын тұр, – дейді ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рамиль Сағындықов.
Басқа амал да жоқ. Тауда тебіндеп жүрген жылқы жем-шөпке үйренісе қоймаған. Жем болған күннің өзінде Қамбар ата төліне тебін керек. Әйтпесе, қыстан көтерем шығып, көктемде қиналып кетуі мүмкін. Оның үстіне кейбір тұрғындар ала жаздай дайындаған шөбін ауыл маңына жеткізе алмаған.
– Бар шөпті жеткізе алмай отырмыз. Қыс бұлай қаталдығын жалғастыра берсе, жағдай көктемде қиын болмақ. Қолайлы бағада жемшөп жеткізіп берсе дұрыс болар еді. Жылқымды төменге түсіргенге күйі келмейді, – дейді Төсқайыңның тұрғыны Бақытбек Байсақов.
Аудан басшылығы берген мәліметке көз салсақ, 12 техника екі бағытта жұмыс істеп, бірқатар ауылдарға жол ашты. Қараой, Ақжайлау ауылдарындағы ішкі көшелердің де қары тазаланып жатыр. Ал жол ашылмаған ауылдарға азық-түлік, керек-жарақ заттар тікұшақпен жеткізілген. Аудан басшылығы атап өткендей, қандай да жағдай болса, тікұшақ ұшуға дайын тұр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Марқакөл ауданы