• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Баға 31 Қаңтар, 2024

Өнімдер қолжетімді бағамен сатылады

143 рет
көрсетілді

Бұл тапсырманы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жөніндегі кеңесте берді.

Қолжетімді бағадағы көкөністермен барынша қамту үшін өңірлерде жәрмеңкелер басталады. Осы ретте сәуір айының екінші жартысынан бас­тап «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы Өзбекстан мен Тәжік­станнан импорттау жұ­мысын жүргізеді. Атап айтқанда, Қазақстанның ерте көкөністерге қажеттілігін қамтамасыз ету үшін ұсынылған көлем: картоп – 8,2 мың тонна (сәуір-маусым), пияз – 5 мың тонна, (мамыр-маусым).

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуын­ша, өткен жылдардағы тәжі­рибені ескеріп, «QazTrade» картоп пен пиязды ішкі нарыққа жеткізу мүм­­кін­діктерін пысықтаған, жеткізу схе­масы әзірлеген, оның ішінде ше­каралық шарттармен бірге бірқатар логистикалық мәселелер ескерілген.

Кеңесте сондай-ақ қанттың ең төменгі көтерме бағасын белгілеу мүмкін­дігі талқыланды. Серік Жұманғарин осы мәселеге қатысты түрлі пікірлерді ескеріп, бірлескен шешім әзірлеу үшін салалық қауымдастықтар, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп министрліктері және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен кеңес өткізуді тапсырды.

Сондай-ақ өңірлік комиссиялардың қызметі туралы да баяндалды. Жыл басынан бері өңірлерде 74 комиссия отырысы өткізіліп, шекті тауар бағасынан асып кетудің 67 фактісі анықталған. Олардың басым бөлігі Павлодар, Түркістан облыстарында, Шымкент, Алматы және Астана қалаларында тіркелді.

Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының өсу динамикасы 0,2%-ды құрады. Өткен аптаның қорытындысы бойынша баға индексінің көрсеткіші тұрақты.