Биыл жазда футболдан Германияда жалауы желбірейтін Еуропа чемпионатының іріктеу сайыстары әлі аяқталған жоқ. Дүбірлі додаға қатысуға үмітті командалар қатарында Қазақстан да бар.
Алғашқы іріктеу кездесуді жерлестеріміз 21 наурызда Афинада Грекия құрамасына қарсы өткізеді. Сол бәсекеге тыңғылықты даярлану мақсатында Магомед Адиев өз шәкірттерін Біріккен Араб Әмірлігіне (БАӘ) апаруды жөн көрді. 8 наурызда олар Дубайда оқу-жаттығу жиынын бастайды.
Ал 14 наурызда Түрікменстанмен жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отыр. Каспий теңізінің жағалауында орналасқан бұл мемлекетте футбол өнері жақсы дамып жатыр деп айта алмаймыз. Олардың ұлттық құрамасы халықаралық додаларда үнемі жеңілістің кермек дәмін татып жүр. Азия чемпионаты мен кубоктік бәсекелерде де ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жете алған жоқ. Қазіргі кезде Түрікменстан ФИФА рейтингінде 141-орынды қанағат тұтты. Ал Қазақстан құрамасы 100-орынды иеленді.