Парламент Сенатының депутаты елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйіне, кітапханалардың ескіргеніне алаңдаушылық білдірді. Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға сауал жолдаған сенатор Дархан Қыдырәлі ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс екенін де назарға алуды сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақ халқы ауылды алтын бесікке, мәдениеттің мәйегіне, ұлт руханиятының өзегіне теңейтіні белгілі. Үкіметке сауал жолдаған сенат депутаты Дархан Қыдырәлі осыны айта келе, ауылдың мәдени өмірі жұтаң тартып бара жатқанына тоқталды.
«Құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз «вандализм көбейді, қатыгездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?» деген сұрақты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын?! Бұл ретте елді мекендердегі, әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейтіні жасырын емес. Олардың басым көпшілігі 90-жылдары жекешеленіп кетті. Қазір жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірі тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Мәселен, біз жұртшылықпен кездескен Түркістан облысында 625 елді мекенде мәдениет үйі жоқ. Мұндай мысалды әр өңірден келтіруге болады», делінген Премьер-министрдің орынбасарына жолданған сауалда.
Депутат ұсынған дерекке зер салсақ, қазір Қазақстанда 3 891 кітапхана бар, олардың 79%-ы ауылдық жерлерде орналасқан. Десе де ауыл кітапханаларының көпшілігі, дәлірек айтқанда 60%-дан астамы ескірген.
«Біз барған Сайрам ауданының орталық кітапханасы 1968 жылы салынған. Кітапханалардың материалдық-техникалық базасы нормативтік талаптарға сай емес. Жалақасы төмен болғандықтан, маман тұрақтамайды. Көптеген кітапханаларды кезінде мектептерге қосып жібергені белгілі. Қарапайым тұрғындар оны пайдалана алмайды. Мәдениетке көбіне «қалдық принципімен» қарайтын жергілікті атқарушы органдар бөлетін мардымсыз қаржы кітап қорын толықтыруға жетпейді. Мың данамен шыққан кітап кітапханаларға қайдан жетсін? Әсіресе көркем әдебиет жетіспейді. Көркем ниет – өркениет өзегі десек, ол көркем әдебиет оқу арқылы қалыптасады», деп қосты Сенат депутаты.
Сонымен қатар ол ауыл спортын дамыту мәселесі де уақыт күттірмейтінін жеткізді. Ресми дерекке сәйкес, 2 270 елді мекенде спорттық нысан мүлде жоқ. Тиісінше, ауыл тұрғындары мектеп спорт залдарын пайдалана алмай жүр.
«Мектеп бітірген ауыл жастары мен тұрғындары демалыстарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын мәдени ошақтар аз, шығармашалықпен айналысуға домбыра, қолөнер сияқты қарапайым үйірмелер жетіспейді. Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустриянының дамуы қиын. Арадағы мәдени алшақтық ұлғайғандықтан, ауылдан қалаға ағылған жастар қатары артып келеді. Олардың қалаға жақсы жұмыспен бірге, жайлы тұрмыс, мәдени орта іздеп келетіні анық. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтеді. Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? «Қазақстан жастары» мекемесінің зерттеуіне сүйенсек, елімізде жастардың көпшілігі бос уақытын әлеуметтік желіде (74,3%) және интернетте онлайн фильмдер қараумен (63,6%) өткізеді», дейді Дархан Қыдырәлі.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа мерзімдегі алғашқы Жарлығы ауылды дамыту жөнінде болды. Мұны ескерген депутат «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан істер аз емес екенін алға тартты.
«2021 жылдан бері кітапхана қызметкерлерінің жалақысы артып келеді. Жастарды жұмыспен қамту үшін қаржы бөлініп жатыр. Ал ауылдағы мәдени өмірдің сапасын жақсартуға қашан басымдық беріледі? Әлеуметтік-экономикалық ахуал жақсарып, жаңа мектептер салынып жатқанда, ауыл тұрғындары өздерін жайлы сезінуі үшін мәдениет ошақтарын да жаңалау шарт. Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы тиіс! Мемлекет басшысы Құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандайтынын айтқан еді. Соған сәйкес ауыл кітапханалары салына ма? Жалпы ауылдың мәдени өмірін дамытуға арнайы бағдарлама бар ма?», деп қорытындылады сенатор.