Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Халықаралық хаттама ратификацияланды
Отырыс барысында Сенат депутаттары «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Заң нормаларына сәйкес Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жайластыруды және материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындау мерзімін 108 айға дейін ұзарту ұсынылады. Хаттаманы ратификациялау Еуразиялық экономикалық одақтың толық форматты интеграциялық бірлестік ретінде жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге және нығайтуға ықпал етпек.
Тәлімгерлік институты енгізіледі
Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның негізгі міндеттері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын енгізуді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терезелердің ашылуына тосқауыл қоятын арнайы тетіктерді міндетті түрде орнату бойынша заңнамалық талаптар белгіленеді және мектептер, балабақшалар мен ауруханаларды есепке алмай, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге тыйым салынады. Одан бөлек, заңда балабақшаларға орын берудің бірыңғай кезегін және мектептерде ұялы телефондарды пайдалану ережелерін белгілеу жөнінде нормалар қарастырылған. Бұл ата-аналар үшін маңызды жаңалық екені анық.
Сонымен қатар сенаторлар мақұлдаған аталған заңға сәйкес, енді кәмелетке толған азаматтар балалар үйінде тұратын жетім балаларға тәлімгер бола алады. Құжатта осы өтеусіз қызметке үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар мен құқықтар және жүктелетін міндеттер көрсетілген.
«Мемлекет басшысы балаларға білім беру, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің бастамасымен педагогтердің мәртебесін көтеру, осы мамандықты таңдаған студенттердің стипендиясын ұлғайту, балабақша тәрбиешілерінің жағдайын жақсарту сияқты ауқымды іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бүгін мақұлданған заң бұл саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін маңызды түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа ережелер қарастырылған. Осы заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институты енгізіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң жас ұрпақтың мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Вандализмге жазаны күшейту керек
Палата отырысында сенаторлар маңызды мәселелерге қатысты өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Сенатор Андрей Лукин еліміздегі вандализмнің жиілеп кеткені туралы мәселе көтерді. Депутат 2023 жылы бес мыңнан астам тұрғын абаттандыру ережесін бұзғаны туралы деректі жария етті. Тәртіп бұзушылар жасыл желек пен ағаштарды жойып жіберіп, аялдамалар мен лифттерді бұзып, басқа да инфрақұрылымдық және көшедегі сәндік нысандарды қиратты.
«Бір кездері Маңғыстау облысындағы Ыбықты сай шатқалының қабырғасына есімін балға-қашаумен ойып жазған мәдениет саласы шенеунігінің әрекеті жұртшылық арасында дүмпу туғызған болатын. Бұл адамдарды осылай жасауға не итермелейді? Әрине, бұзақылардың әрекеті заң бойынша қудаланады және тәртіп бұзғандарға айыппұл салынуы да, қамауға алынуы да мүмкін. Тиісті заңнамалық түзетулер өткен жылдың басында қабылданды. Дегенмен тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы шаралар жеткіліксіз болып отыр», деді сенатор.
А.Лукин Парламент депутаттары вандализм көріністері үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесін пысықтап жатқанын, сондай-ақ Үкіметке онымен күресу тетіктерін ұсынғанын хабарлады.
«Вандализм үшін жауапкершілікті күшейтуді және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді ұсынамын. Сонымен бірге қазіргі уақытта вандализмге қарсы күрес негізінен құқықтық салада жазалау арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан халықаралық оң тәжірибені пайдалану мүмкіндігін қарастыру және вандализмнің алдын алуда креативті индустрия өкілдерінің қатысуын пысықтау маңызды. Олар өз өнімдері арқылы жаңа жағдайдың алдын алуға, халықтың, әсіресе жастардың мәдениетін көтеруге ықпал етеді, мұндай әрекеттердің заңсыздығын қолжетімді тәсілдермен түсіндіре алады», деді депутат.
Автонесие отандық өндірісті қолдай ма?
Сұлтанбек Мәкежанов отандық автопаркті жаңарту және халықты автокөлікпен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін қолға алынған жеңілдетілген автонесиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты проблемаларды атап өтті. Оның сөзінше, екінші деңгейдегі банктер ұсынған жеңілдетілген автонесие көлемі халықтың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Оны autonesie.kz платформасында 18 секунд ішінде аяқталған лимит мөлшері паш етті.
«2015 жылдан бастап мемлекет жеңілдетілген автонесие беру арқылы отандық автоөндірушіні қолдаудың нарықтық тетігін қолданып келеді. Мемлекет отандық автоөндірушіні қолдай отырып, осында өндірілетін өнімнің қазақстандық құрамдас бөлігі арта түсетініне сеніп отыр. Мемлекет қаржыландыратын жеңілдетілген несие отандық автокөлік өндірісін дамытуға іс жүзінде әсер еткен жоқ деп айтуға болады», деді депутат.
С.Мәкежанов осыған байланысты жеңілдетілген автонесиелеудің және жалпы автокөлік өндірісі саласының тағдырына қатысты Үкіметтің атына бірқатар мәселе айтты.
«Еліміздегі жеңілдетілген автонесие беру автокөлік паркін жаңарту мен халықты автокөлікпен қамтамасыз етуді арттыру мақсатын көздейді. Мемлекет автопаркті жаңарту үшін сырттан әкелінетін автокөлікке бастапқы тіркеу енгізді. Бастапқы тіркеу құны әкелінетін автокөліктің шығарылған жылына байланысты. Ол бойынша ескі көлік әкелу тиімсіз болуы керек еді, алайда іс жүзінде бұл барлық көліктің қымбаттауына әкеліп соқты. Кәдеге жарату алымын енгізу де көлік бағасының өсуіне едәуір әсер етті», деді сенатор.
Ауыл мәдениетіне қамқорлық қажет
Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы қажет. Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен кітапханаларды дамыту қажеттігі туралы айтты.
Депутаттың сөзінше, ауыл тұрғындары мен жастарына демалыс уақыттарын тиімді өткізетін, өздерін дамытатын түрлі үйірме мен секция жетіспейді. Жұмыс істеп тұрған 2035 мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауылдық клубтың 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Олардың кейбірі тозған, ал басқалары төтенше жағдайда тұр. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтіп жатыр.
Сенатор сонымен қатар қазіргі кезде елімізде 3 891 кітапхана жұмыс істейтінін, оның 79%-ы ауылдық жерде екенін атап өтті. Алайда олардың көпшілігі ескірген және материалдық-техникалық базасы жеткіліксіз. Жергілікті атқарушы органдар көбіне «қалдық қағидаты» бойынша бөлетін шамалы қаржы кітап қорын толтыруға жетпейді.
«Құбылған заманда құбыладан жаңылмас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз «вандализм көбейді, қатыгездік артты, аялдаманы қирататын, жедел жәрдем жүргізушісін ұратын жүгенсіздік қайдан шықты, мәдениетіміз неге төмендеді?» деген сұрақты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын? Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустрияның дамуы қиын. Кітапханасы тозған, бас қосатын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айналысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандайтынын айтқан еді. Соған сәйкес ауыл кітапханалары салына ма? Жалпы, ауылдың мәдени өмірін дамытуға арнайы бағдарлама бар ма?», деді Д.Қыдырәлі.
Бұған қоса отырыс барысында сенатор Геннадий Шиповских құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, жосықсыз құрылыс салушылардың қызметіне бақылауды арттыру қажет екенін айтты. Ал Амангелді Нұғманов Үкіметтің назарын Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Жайсан» өткізу пункттінің шамадан тыс жүктелуіне және елдегі теміржол вокзалдарының жай-күйіне қатысты түйткілдерге аударды.
Сенатор Амангелді Толамисов Үкіметті медицина қызметкерлерін өз міндеттерін атқару кезінде қорғауды күшейтуге және олардың мәртебесін осы тұрғыда әскери және полиция мәртебесіне теңестіруге шақырды.