• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Сенат 02 Ақпан, 2024

Бала қауіпсіздігіне – айрықша назар

101 рет
көрсетілді

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, сенаторлар күн тәртібіне шығарылған заңдарды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.

Халықаралық хаттама ратификацияланды

Отырыс барысында Сенат депутаттары «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты Қырғыз Респуб­ликасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және Еура­зиялық экономикалық одақ орган­дары­ның актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.

Заң нормаларына сәйкес Қырғыз Респуб­ли­касының Еуразиялық экономи­калық одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пункттерін жайластыруды және материалдық-техникалық жарақтан­дыру­ды қамтамасыз ету жөніндегі мін­детте­мелерді орындау мерзімін 108 айға дейін ұзарту ұсынылады. Хатта­маны ратификациялау Еуразиялық эконо­микалық одақтың толық форматты интеграциялық бірлестік ретінде жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге және нығайтуға ықпал етпек.

 

Тәлімгерлік институты енгізіледі

Сондай-ақ сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарады. Оның негізгі мін­деттері балалардың қауіпсізді­гін қамтамасыз етуді, жетім балаларға арналған тәлімгерлік институтын енгізу­ді және білім беру ұйымдарының басқару еркіндігін кеңейтуді көздейді.

Балалардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін терезелердің ашылуына тос­қауыл қоятын арнайы тетіктерді мін­детті түрде орнату бойынша заңнамалық талаптар белгіленеді және мектептер, балабақшалар мен ауруханаларды есепке алмай, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге тыйым салынады. Одан бөлек, заңда балабақшаларға орын берудің бірыңғай кезегін және мектептерде ұялы телефондарды пайдалану ережелерін белгілеу жөнінде нормалар қарастырылған. Бұл ата-аналар үшін маңызды жаңалық екені анық.

Сонымен қатар сенаторлар мақұл­даған аталған заңға сәйкес, енді кәмелет­ке толған азаматтар балалар үйінде тұратын жетім балаларға тәлімгер бола алады. Құжатта осы өтеусіз қызметке үміткер кандидаттарға қойылатын талаптар мен құқықтар және жүктелетін міндеттер көрсетілген.

«Мемлекет басшысы балаларға білім беру, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау мәселелеріне үнемі баса мән беріп келеді. Президентіміздің бастамасымен педагогтердің мәртебесін көтеру, осы мамандықты таңдаған сту­дент­тердің стипендиясын ұлғайту, балабақша тәрбиешілерінің жағдайын жақсарту сияқты ауқымды іс-шаралар іске асырылып жатыр. Бүгін мақұлданған заң бұл саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін маңызды түзетулерді қамтиды. Атап айтқанда, балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа ережелер қарастырылған. Осы заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институты енгізіледі. Алдағы уақытта мақұлданған заң жас ұрпақтың мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

 

Вандализмге жазаны күшейту керек

Палата отырысында сенаторлар маңыз­ды мәселелерге қатысты өздерінің депу­таттық сауалдарын да жолдады. Сенатор Андрей Лукин еліміздегі ван­да­лизмнің жиілеп кеткені туралы мәсе­ле көтерді. Депутат 2023 жылы бес мың­нан астам тұрғын абаттандыру ере­жесін бұзғаны туралы деректі жария етті. Тәртіп бұзушылар жасыл желек пен ағаштарды жойып жіберіп, аялдама­лар мен лифттерді бұзып, басқа да инф­ра­құрылымдық және көшедегі сәндік нысандарды қиратты.

«Бір кездері Маңғыстау облысындағы Ыбықты сай шатқалының қабырғасына есімін балға-қашаумен ойып жазған мәдениет саласы шенеунігінің әрекеті жұртшылық арасында дүмпу туғызған болатын. Бұл адамдарды осылай жасауға не итермелейді? Әрине, бұзақылардың әрекеті заң бойынша қудаланады және тәртіп бұзғандарға айыппұл салынуы да, қамауға алынуы да мүмкін. Тиісті заңнамалық түзетулер өткен жылдың басында қабылданды. Дегенмен тәжірибе көрсетіп отырғандай, қолданыстағы шаралар жеткіліксіз болып отыр», деді сенатор.

А.Лукин Парламент депутаттары вандализм көріністері үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесін пысықтап жатқанын, сондай-ақ Үкіметке онымен күресу тетіктерін ұсынғанын хабарлады.

«Вандализм үшін жауапкершілікті күшейтуді және заңнамаға тиісті өзгеріс­тер енгізуді ұсынамын. Сонымен бірге қазір­­гі уақытта вандализмге қарсы күрес негі­зінен құқықтық салада жазалау арқы­лы жүзеге асырылады. Сон­дық­­тан халық­а­ралық оң тәжірибені пай­да­ла­ну мүмкін­дігін қарастыру және ван­дализм­нің алдын алуда креативті индуст­рия өкілдерінің қаты­суын пысықтау ма­ңызды. Олар өз өнім­дері арқылы жаңа жағ­дай­дың алдын алуға, халықтың, әсіре­се жастардың мәде­ниетін көтеруге ықпал етеді, мұндай әре­кет­тердің заңсыздығын қолжетімді тәсіл­дермен түсіндіре алады», деді депутат.

 

Автонесие отандық өндірісті қолдай ма?

Сұлтанбек Мәкежанов отандық автопаркті жаңарту және халықты авто­кө­лікпен қамтамасыз ету дең­гейін арттыру үшін қолға алынған жеңілдетілген автонесиелеу мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға қатысты проб­лемаларды атап өтті. Оның сөзін­ше, екінші деңгейдегі банктер ұсынған жеңіл­детілген автонесие көлемі халық­тың сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. Оны autonesie.kz платформасында 18 секунд ішінде аяқталған лимит мөлшері паш етті.

«2015 жылдан бастап мемлекет жеңіл­детілген автонесие беру арқылы отан­­дық автоөндірушіні қолдаудың нарық­­тық тетігін қолданып келеді. Мем­ле­кет отандық автоөндірушіні қолдай отырып, осында өндірілетін өнімнің қазақ­стандық құрамдас бөлігі арта түсе­тініне сеніп отыр. Мемлекет қаржылан­ды­ратын жеңілдетілген несие отандық авто­көлік өндірісін дамытуға іс жүзінде әсер еткен жоқ деп айтуға болады», деді депутат.

С.Мәкежанов осыған байланысты жеңілдетілген автонесиелеудің және жалпы автокөлік өндірісі саласының тағдырына қатысты Үкіметтің атына бірқатар мәселе айтты.

«Еліміздегі жеңілдетілген автонесие беру автокөлік паркін жаңарту мен халықты автокөлікпен қамтамасыз етуді арттыру мақсатын көздейді. Мемлекет автопаркті жаңарту үшін сырттан әкелінетін автокөлікке бастапқы тіркеу енгізді. Бастапқы тіркеу құны әкелінетін автокөліктің шығарылған жылына байланысты. Ол бойынша ескі көлік әкелу тиімсіз болуы керек еді, алайда іс жүзінде бұл барлық көліктің қымбаттауына әкеліп соқты. Кәдеге жарату алымын енгізу де көлік бағасының өсуіне едәуір әсер етті», деді сенатор.

 

Ауыл мәдениетіне қамқорлық қажет

Ауыл жастары мен тұрғындары мәдени дискриминацияға ұшырамауы қажет. Дархан Қыдырәлі депутат­тық сауалында ауылдық жерлердегі мәдениет үйлері мен кітапханаларды дамыту қажеттігі туралы айтты.

Депутаттың сөзінше, ауыл тұрғын­дары мен жастарына демалыс уақыт­тарын тиімді өткізетін, өздерін дамыта­тын түрлі үйірме мен секция жетіс­пейді. Жұмыс істеп тұрған 2035 мә­дениет үйінің 770-і және 2006 ауыл­дық клубтың 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Олардың кейбірі тозған, ал басқалары төтенше жағдайда тұр. Жүйесіз урбанизация мәдени иммунитеті төмен маргинал жастардың қатарын көбейтіп жатыр.

Сенатор сонымен қатар қазіргі кезде елімізде 3 891 кітапхана жұмыс істейтінін, оның 79%-ы ауылдық жерде екенін атап өтті. Алайда олардың көп­шілігі ескірген және материалдық-техни­калық базасы жеткіліксіз. Жергілікті атқарушы органдар көбіне «қалдық қағидаты» бойынша бөлетін шамалы қаржы кітап қорын толтыруға жетпейді.

«Құбылған заманда құбыладан жаңыл­мас үшін құндылықтар қажет екені белгілі. Біз «вандализм көбейді, қатыгездік артты, аялдаманы қирата­тын, жедел жәрдем жүргізушісін ұра­тын жү­генсіздік қайдан шықты, мәде­ние­ті­міз неге төмендеді?» деген сұрақ­ты жиі қоямыз. Мәдениет үйі жоқ жерде мәдениет қайдан болсын? Ауылда мәдени инфрақұрылым болмай, креативті индустрияның дамуы қиын. Кітапханасы тозған, бас қоса­тын мәдениет үйі ескірген, кино көруге, концерт тамашалауға, спортпен айна­лысуға жағдайы жоқ ауыл жастары мен тұрғындар сонда немен айналысады? Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда тәулік бойы жұмыс істейтін кітапхана ашуды армандайтынын айтқан еді. Соған сәйкес ауыл кітапханалары салына ма? Жалпы, ауылдың мәдени өмірін дамытуға арнайы бағдарлама бар ма?», деді Д.Қыдырәлі.

Бұған қоса отырыс барысында сенатор Геннадий Шиповских құрылыс саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп, жосықсыз құрылыс салушылардың қызметіне бақылауды арттыру қажет екенін айтты. Ал Амангелді Нұғ­манов Үкіметтің назарын Қазақстан мен Ресей шекарасындағы «Жайсан» өткізу пункт­тінің шамадан тыс жүктелуіне және елдегі теміржол вокзалдарының жай-күйіне қатысты түйткілдерге аударды.

Сенатор Амангелді Толамисов Үкіметті медицина қызметкерлерін өз міндеттерін атқару кезінде қорғауды күшейтуге және олардың мәртебесін осы тұрғыда әскери және полиция мәртебесіне теңестіруге шақырды.