Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа келісім шеңберінде 2024-2026 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіруді жалғастырады. Премьер-министр Әлихан Смайылов тиісті қаулыға қол қойды.
Бұл құжатта отандастарымыздың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру мақсатында тараптардың өзара тығыз іс-қимылы қарастырылған. Бірлескен күш-жігер экономиканы ауқымды және терең трансформациялау, инвестицияларды ұлғайту және инфляция бойынша мақсатты көрсеткіштерді орындау арқылы сапалы экономикалық өсуге қол жеткізуге бағытталады.
«Үкімет өз міндеті ретінде ортамерзімді перспективада экономиканың өсу қарқынын 6%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Ұлттық банк мақсаты – инфляциялық таргеттеу режімінде ортамерзімді перспективада инфляцияны шамамен 5% төңірегінде тұрақтандыру», делінген келісім мәтінінде.
Атап айтқанда, Үкімет тұрақты экономикалық өсу үшін теңгерімді салық-бюджет саясатын жүргізетін болады, бюджет шығыстарының мұнай бағасына тәуелділігін төмендету, сондай-ақ олардың тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдайды. Сонымен қатар кәсіпкерлік қызмет пен инвестиция тартуда белсенділікті арттыру үшін қолайлы және ынталандырушы жағдайлар жасау бойынша қадамдар қарастырылады.
Азық-түлік өнімдерін тұтынудағы импорт үлесін қысқарту, оның ішінде жаңа құс және ет комбинаттарын, сүт зауыттарын іске қосу, алма бақтарын өсіру арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасады.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының ауылшаруашылық тауар өндірушілерден тұтынушыға дейінгі қозғалысын цифрландыруға мүмкіндік беретін өнімді қадағалаудың Ұлттық жүйесі іске қосылады.
Үкімет сыртқы сын-қатерлердің Қазақстан экономикасына теріс әсерін барынша азайту үшін сыртқы тауар айналымын, сауда шарттарын және тәуекелдерді бақылауды жалғастырады.
Сондай-ақ құжатта инновациялық және бәсекеге қабілетті ортаны дамыту, көлеңкелі секторды азайту, мемлекеттің экономикаға қатысуын азайту, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және т.б. мәселелер бойынша жұмыстарды әрі қарай жалғастыру қарастырылған.
Келісімде тараптар Қазақстанда институционалдық реформаларды жүргізудің, институттардың тәуелсіздігін нығайтудың, құқықтық базаны күшейтудің және республиканың институционалдық стандарттарын озық үлгіге жеткізудің маңыздылығын айқын атап өткен.