• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Денсаулық 03 Ақпан, 2024

МӘМС жарнасы бес есе ұлғаяды деген рас па?

334 рет
көрсетілді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (МӘМС) бұрынғыдан бес есе артық ақша аударылады деген жаңалықтың анық-қанығы белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz ақпарат агенттігі. 

КТК телеарнасының жазуынша, жарна бес еселеп өседі деген ақпаратты қордағылар жоққа шығарып отыр. Қордың мәліметінше, төлемнің шекті мөлшері 10 ең төменгі жалақыдан 50-ге көтерілген.

- Жарна төлеу бес есеге артады деген жоқ, олай емес. МӘМС-тің жарнасы өзгерген жоқ. Қазіргі қолданыстағы заңда МӘМС-тің жарнасын төлеу үшін жоғарғы деңгей 10 ең төменгі жалақыны құрайды. Ол деген биыл 850 мың. Сол деңгей бес есеге көбейтіледі. Яғни 4 миллион 250 мың теңгеге көтеріледі, – деді Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің директоры Аян Мұхаметқалиева.

Елімізде 850 мың теңгеден көп жалақы алатындар саны 500 мыңнан сәл асады екен. Яғни аталмыш өзгеріс халықтың тек 9 пайызына ғана қатысты. Қалғаны сол баяғыдай табысының екі пайызын төлей бермек.

Мысалы, 850 мың теңге жалақы алатын бірінші қызметкер айына медициналық сақтандыруға табысының 2 пайызын, яғни 17 мың теңге төлейді. Ал айына 3 миллион теңге жалақы алатын екінші қызметкер де 17 мың теңге төлейді. Өйткені ең жоғарғы сома осындай. Енді келесі жылдан бастап өзгеріске сай, айына 3 миллион теңге табатын қызметкер табысының 2 пайызын, яғни 60 мың теңге төлейтін болады. Мысалы, 4 миллион теңге тапсаңыз, 80 мың теңге төлейсіз.

Қордағылар мұны әділетті дейді. Өйткені көбірек ақша табатын адам айлығы төмендермен бірдей жарнамен құтылмауы тиіс. Ал қаржы саласының кейбір сарапшылары басқа пікірде. Қазір табысы тәуір адам ауырса, МӘМС арқылы емес, жекеменшік емханаларға барып емделеді деген уәж келтірді.

- МӘМС-ке көбірек төлейтін адамдарға ешқандай пайдасы жоқ. Жалақың көп пе, көбірек төлейсің деген қағидат әділетсіз. Қорға қаражат қажет болса, неге оны халық төлеу керек? Сондай-ақ қор өзінің жинақтарымен дұрыс жұмыс істемейді. Ондағы ақшаның қайда жұмсалып, қайда кетіп жатқанын біз білмейміз. Мен өзім, мысалы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жүгінбеймін. Бірақ жалақымнан ай сайынғы төлем ұсталып отырады. Не үшін төлеп жүргенім түсініксіз, – дейді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Денсаулық сақтау министрлігі осы жаңашылдықты енгізу арқылы қорға жетпей жатқан 243 миллиард теңгені толтырамыз деп айтқан еді. Экономистер медициналық сақтандырудағы қаржы тапшылығын жойған күннің өзінде де, аса бір өзгеріске әкелмейді деп отыр.