Марк Твен «әлемде үш түрлі өтірік бар: өтірік, шектен шыққан өтірік және статистика» деген екен. Өткен аптада Мәжілістің жалпы отырысында осы статистикадағы саласындағы сәйкессіздік мәселесі көтерілді.
Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарап болған соң, тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына сауалдарын жолдаған. «Respublika» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдаған сауалында статистика жүргізудегі кемшіліктерді атап көрсетті.
Депутаттың айтуынша, әрбір отандасымыз, соның ішінде нәресте балаларды есепке алғанда, әр күн сайын жарты килограмм картоп тұтыну керек. Ал бұл салыстырмалы түрде картоптың отаны саналатын Беларусь елінен бірнеше есе көп.
«Статистикаға бекер сүйеніп отырған жоқпын. Ашығын айтсақ, еліміз картопты көрсеткен мөлшерінен екі есе аз өндіреді. Дәл осындай жағдай басқа салада да кездеседі. Яғни бұл ресми статистика мен шынайы өмірдің сәйкес емес екенінің анық мысалы. Салалық одақтардың бағалауына сәйкес, бидайға қатысты берілген есеп 3 миллион тоннаға артық. Бәріміз білеміз, 2021 жылы Маңғыстаудан бастап бүкіл оңтүстік батыс өңірлерде қуаңшылық болды. Сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі ауыр жағдайға қарамастан 20,1 миллион тонна астық жиналғанын сүйінші сұрап жеткізгені есімізде. Жекелеген аймақтарда мал басын санағанда анықталған сәйкессіздік 40 пайызды көрсетті.
Осындай өтірік кімге, не үшін керек? Жалған есептер еліміздің ауыл шаруашылығы саласын құрдымға жібермей ме?! Барлық деңгейдегі әкімдік, орталық мемлекеттік орган жалған мәлімет беруді әбден үйреніп алды. Былай айтқанда, жеке қосалқы шаруашылықтардың көрсеткіштерін өз бетінше еселеп, статистиканы түрлендіре береді. Ал бұл үшін жауапкершілік мүлдем қарастырылмаған», деді А.Қожаназаров.
Депутат әкімдер арасындағы бәсекелестікті бағалайтынын, бірақ нақты атқарылған іспен, нәтижемен жарысса ғана құптауға лайық болатынын атап өтті. Оның айтуынша, ойдан шығарған сандармен арзан ұпай жинау елге қажет емес.
«Мұның зиянын бюджетті жоспарлау кезінде көріп отырмыз. Нарықты реттегенде қате шешімдер қабылданады. Бәрін былай қойғанда, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігінің тас-талқанын шығаратынын баса айтқым келеді. Мемлекет басшысы 2025 жылға ауыл шаруашылық саласының мәліметтерін қайтадан жүйелеу үшін нақты тапсырма бергенін білесіздер. Алайда Статистика бюросы тарапынан тиісті дайындық жұмыстары әлі күнге дейін басталмай отыр.
Жоғарыда айтылған жайттарды ескере келе, келесідей қадамдарды ұсынамыз. Әкімдіктердің жұмысын бағалау критерийі ретінде қолданылатын өнім көлемі индексі сенімді бизнес көрсеткіштеріне ауыстырылуы керек. Мүмкін кәсіпорындар рейтингін есепке алған жөн», деді А.Қожаназаров.
Сондай-ақ «Respublika» партиясының төрағасы әкімдердің жұмысын бағалауды нақты қолда бар құралдарға қарап бекітуді ұсынды. Мысалы, ауыл шаруашылығы өндірісіне бөлінген жер учаскелері, берілген субсидиялар, жасалған инфрақұрылымдар, тартылған инвестиция көлемі, несиелер көлемін секілді критерийлерді ескерген жөн.
«Статистикалық есепті мал басын есепке алудың ақпараттық жүйесін, дақылдардың ғарыштық мониторингін, салық және зейнетақы есептеулер, кедендік декларацияларды және электрондық шот-фактуралардың базасын интеграциялау арқылы жүргізу қажет. Кәсіби фермерлерді, жетекші IT-компанияларды және халықаралық сарапшыларды тартып, жұмыс тобын құру арқылы ақпараттық, әдістемелік және нормативтік-құқықтық базаны жетілдірген жөн. Егер шаруа қожалығы жергілікті әкімдердің сұрауы бойынша өндірілген өнім көлемін ұлғайтып көрсетсе, оған тиісінше салынатын салық көлемі де ұлғайтылуға тиіс», деді А.Қожаназаров.