Қазақстанның Сүт одағы сауда сөрелерін жаулап алған импорттық тауарлар отандық өндірушілердің дамуына кедергі келтіруде деп мәселе көтеріп жүргені бүгін емес. Азық-түлік саласын алға бастырмай отырған да – реттеуге көнбей келе жатқан ішкі нарық. Егер ірі сауда желілері импорттық тауарларға басымдық беруді жалғастырып, Үкімет мұны үнсіз бақылап отыра беретін болса, онда алдағы жағдай қалай болмақ? Осыған ұқсас өзге сауалдарымызға жауап табу үшін Қазақстан Сүт одағының директоры Владимир Кожевниковпен аз-кем әңгіме-дүкен құрдық.
– Владимир Николаевич, әңгімені төтесінен бастасақ, қазіргі жағдайда сүт өнеркәсібі мемлекет көздеп отырған міндеттерге дайын ба? Өйткені Президент халыққа Жолдауында елімізді ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеудің ірі өңірлік орталығына айналдыру міндетін қойып отырғаны белгілі.
– Бұл жерде бір-бірінсіз алға жылжымайтын құрамдас екі бөлік бар: біріншісі – өндіріс пен өңдеу болса, екіншісі – дайын өнімді сату. Біздің өндірушілер бүгінде ЕАЭО елдері нарығында да, алыс шетелдерде болсын бәсекеге қабілетті жоғары сапалы өнім дайындай отырып, сүт шикізатының кез келген көлемін өңдеуге әлеуетті. Мәселе мынада, Қазақстанда техникалық регламенттердің талаптарына сай келетін сүт шикізаты жеткіліксіз. Барлық талаптың үдесінен шығатын шикізат – бағасы жағынан бәсекеге қабілетсіз. Өйткені көрші елдердің, мысалы, нарығымыздың жаулап алған Беларусь, Ресей өндірушілерінен сатып алу Қазақстанға қарағанда 10-30%-ға арзан және осы баға айырмашылығы жергілікті фермерлерге берілетін мемлекеттік субсидиялар есебінен қалыптасқан. Өкінішке қарай, біздегі фермерлерді қолдау шаралары ауқымды әрі тиімді болмағандықтан, ішкі нарықта көршілермен бәсекелесе алмай отырмыз.
Сондықтан отандық сүт өңдеушілер шикізаттың едәуір бөлігін көрші елдерден алады. Біздіңше, бұл – түбегейлі дұрыс емес. ЕАЭО деңгейінде фермерлерді мемлекеттік қолдауды теңестіретін регламенттерді пысықтау қажет. Бір елдің өндірушілеріне ортақ нарықтағы басқаларына қарағанда ұтымды жағдайда болуына жол беруге болмайды. Оған қоса көршілердің ауыл шаруашылығы ауқымы жағынан да көлемді, олардың айналымы бізге қарағанда 5-20 есе көп. Сондықтан біздің шаруа қожалықтары, шикізат өндірушілері – ақылға салынған әрі тиімді мемлекеттік қолдауға мұқтаж.
– Осы арада «Аmanat» партиясының агроөнеркәсіптік кешені жөніндегі Республикалық кеңесі сауда туралы заңнамаға, нақтырақ айтсақ, ҚР ішкі нарығында азық-түлікті өткізу бөлігіне түзетулер, өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына бастамашы болғанына тоқтала кеткен жөн болар.
– Бұл нарықтағы жағдайдың реттелмегенінен туындап отыр. Өкінішке қарай, сауда желілері отандық азық-түлік өндірушілерінің бәсекелестігіне тең жағдай жасамайды. Себебі бөлшек саудагерлер үшін импорттық өнімдерді сату коммерциялық тұрғыда тиімдірек, өйткені импорттағы желілердің маржасы көбірек. Ал отандық жеткізушілер оларды қызықтырмайтындықтан, сауда желілері толығымен кіріптарлық жағдай туындатып отыр. Мысалы, отандық өндірушілер сауда желілеріне үлкен ретробонустар төлеуге мәжбүр. Жеткізілген және сатылған өнім үшін төлемді айлап кешіктіреді. Жақында, тіпті бір сорақы жағдай болды: жергілікті сауда желісі Қазақстанның жетекші сүт компанияларының біріне миллиард теңгеге жуық қарыз болған! Бір жылға жуық уақыт бойы сауда желісі сатылған тауар үшін жеткізушіге ақысын төлемеген. Нәтижесінде, жеткізуші наразылық ретінде өзінің барлық өнімін осы супермаркеттер желісінен әкетуге мәжбүр болды. Өкінішке қарай, мұндай өрескелдік өте көп. Көп жағдайда өз өндірушілеріміз сауда желілеріне шарттарын орындатуға ықпал ете алмайды. Өйткені олар наразы өндірушімен арадағы мәміледен жай ғана бас тарта салуы мүмкін. Егер сауда желілері шындығында монополистер екенін ескерсек, өндірушінің басқа амалы жоқ, өйткені оған тауарын қалайда сату керек.
– Осындай жағдайда мемлекет отандық өндірушілер мен сауда желілерінің өзара қарым-қатынасын реттеуге араласа ала ма?
– Мемлекет отандық өндірушілер мен сауда желілерінің өзара қарым-қатынасын міндетті түрде реттеуге тиіс. Қазір сатушылар мен өндірушілердің қарым-қатынасын жабайы нарық реттейді және сауда желілері күштілік танытып, «бізде сатқың келе ме, онда шарттарымызға бағын, бағынғың келмесе, кете бер», деп отыр. Егер әрбір қалада қай сауда желісінің сөзі жүріп тұрса, онда өндірушінің басқа баратын жері жоқ. Базарлар мен шағын дүкендер сатылымның тек 20-30%-ын қамтамасыз ете алады, ал негізгі азық-түлік саудасы үлкен супермаркеттерде жүргізіледі.
Біз, өндірушілер, осы мәселелерді бұрыннан көтеріп жүрміз және «Аmanat» партиясына сол үшін және «Сауда қызметін реттеу туралы» заң жобасын бірге әзірлеуге дайын болғаны үшін алғыс айтамыз. Бұл өндірушілердің ритейлмен өзара қарым-қатынасын нақты реттеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жергілікті саудада отандық өндіруші үшін басым жағдайлар жасайды деп үміттенеміз.
– «Сүт одағына» кіретін компаниялардың Қазақстандағы сауда желілерімен өзара қарым-қатынасы қалай?
– Қазір біздің өндірушілердің сауда компанияларымен қарым-қатынасы шиеленісіп тұр. Миллиард теңгеге жуық қарыздар туралы айтып өттік. Мәселе тек төлемдерді кешіктіруден туындап отырған жоқ, келісімшарт жасасу барысында үнемі қысымға тап боламыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, ретробонустар, басқа да төлемдер мен қосымша қызметтер бойынша күрделі, экономикалық тұрғыдан тиімсіз шарттар міндеттеледі. Нәтижесінде, бізге ресейлік және беларусьтік өнімдермен баға жағынан бәсекелесу өте қиын, өйткені олардың импорттық көлемі, әсіресе шекара маңындағы аудандарда орасан. Сауда компаниялары ұялмай, «импорттық тауармен жұмыс істеу бізге тиімдірек» дегенді ашық айтады. Нәтижесінде, жылдан-жылға біздің өз нарығымызда саудамыз құлдырап барады, өндіріс толық көлемде жұмыс істей алмайтындықтан, азық-түлік қауіпсіздігімізге де қауіп төніп тұр.
– Расында, ірі сауда желілерінің бірінен импорттық өнімдердің бүтін бір бөлімдері пайда болғанын көріп жүрміз, тіпті дүкен ішіндегі дүкен деуге болады.
– Өкінішке қарай, солай. Бұл үрдіс тек супермаркеттерде ғана байқалып жатқан жоқ. Мысалы, бізде тек Беларусь өнімдерін сататын дүкендер желісі бар. Сол сияқты әсіресе шекара маңында тек ресейлік азық-түлік сататын дүкендер табылады. Ол жерлерден сіз жергілікті ештеңе таппайсыз. Неліктен осыған жол берілді? Неліктен мемлекет отандастарымызды өз өнімдерімізді сатып алуға үгіттемейді? Жарайды, супермаркеттерге бұл керек емес делік, бірақ мемлекет экономиканың дамуына мүдделі болуы керек емес пе еді? Көршілердің нарығын мысал етіп қарасақ та, олардан тіпті шағын болса да, тек қазақстандық тауарлар сатылатын дүкенді таба алмайсыз.
Сауда компанияларының импорттық азық-түлікпен белсенді сауда жасауға құлшындыратын өзіндік себептері бар. Бұл жоғарыда айтылғандай, Ресей мен Беларусьтегі аграрлық секторды субсидиялау, ЕАЭО шеңберіндегі бірыңғай реттеу мәселесімен байланысты. Оған қоса импорттық тауарларға отандық өнімдерге қарағанда бақылау аз. Мысалы, сүттің белгілі бір маркісіндегі бір партияны тексереді де сертификат береді. Сонымен бітті, үш жыл еркін сата бер. Ал отандық тауарлар қатаң бақылауға алынып, тексеріліп отырады. Сапасы, құрамы сияқты стандарттарға сәйкестігі бойынша қырғын есеп беруді талап етеді. Неліктен біздің мемлекет өзінің регламенттерімен жергілікті өндірушілерді әбден мезі қылады да, импорттық азық-түліктің үстемдігіне қарсы әрекет жасамайды? Мұндай жөнсіз реттеу тәжірибесі әлемнің басқа ешбір елінде жоқ сияқты.
Мәселен, сол Беларусьтің өзін алып қарасақ, сауда сөрелерінің көрнекі бөлігі 70-80%-ы отандық азық-түлікпен толуы керек деген қағида заңды түрде бекітілген. Иә, әзірге біз 80%-ды талап ете алмаймыз, өйткені біз барлық сегментте үлкен көлемде өнім шығармасақ та, сүт, қаймақ, сүзбе шығаруда жетіп қалуымыз мүмкін. Бірақ қалай болғанда да регламенттерде отандық өнімдер сөрелердегі ең жақсы орындарда тұруға тиіс екенін көздеу қажет. Қазірдің өзінде біз елдегі сауда сөрелерінің жартысын қамтамасыз ете аламыз.
– Сіздің ойыңызша, отандық өнімдер сатылатын сөрелерді тартымдырақ ету, танымал ету жұмыстары қалай жүргізілуі керек?
– Сауда сөрелеріндегі ең үздік орындар импортқа емес, отандық өнімдерге берілуі керек. Қазақстанға дамыған елдерде де, көрші елдерімізде де билік белсенді қолданатын қатаң протекционистік тәжірибелерді енгізетін уақыт келді. Бізде бүкіл елдегі сатылымдарды бақылайтын екі-үш басым сауда желілері бар. Егер олар бес, сегіз, он болса, онда өндірушіде таңдау пайда болады, ал желілер тек клиент үшін ғана емес, сонымен қатар өндіруші үшін де бір-бірімен бәсекелеседі.
Ең бастысы, сауда компаниялары өндірушілермен ынтымақтастық шарттарына енгізіп отырған келісімшарттық міндеттемелерді жөнге келтіру қажет. Біз сауда желілеріне жеткізушілерден ретробонустар мен басқа да қосымша сыйақылар алуға заңнамалық түрде тыйым салуды ұсынамыз. Желілер мұны қазіргі келісімшарттар шеңберінде отандық жеткізушілерге жүктеп қойған.
Бөлшек сауда компаниясы тек сауда үстемесінен ақша табуы керек және алымдарды «қосымша қызметтер үшін» деп жасырмауы керек. Жеткізілген тауар үшін сауда компаниясының төлем мерзімін нақты реттеу қажет. Қазір жаңа заңға қатысты ұсыныстарымыз жұмыс тобы аясында пысықталып жатыр. Егер осы тармақтардың барлығы заңда бекітілсе, онда бұл, әрине, біз үшін үлкен қолдау болады. Біз де тұтынушымызды сапалы әрі алуан түрлі сүт өнімімен қуанта аламыз, өйткені өзімізде өндірілген өнім – мыңдаған шақырым жерден тасылған импортқа қарағанда әлдеқайда балғын әрі табиғи екені даусыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ