• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Ақпан, 2024

Техникалық шарттардың жарамдылық мерзімі қысқарды

5124 рет
көрсетілді

Тұрғын үйлер мен нысандардың иелері көгілдір отынға қосылу үшін, ең алдымен, газ тарату ұйымынан техникалық шарттарды алу керек. Енді қызметтің осы түріне жүгінуді ойлаған тұрғындар табанынан таусылып мекеме кезбейді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ газ желі­леріне қосыларда техникалық шарттарды алу үшін өтінімді енді eGov.kz порталында электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен онлайн қалдыруға болады. Дайын болған техникалық шарттарды SMS хабарлама түрінде жолданған сілтемеге өтіп, жүктеп алуға болады. Осы орайда техникалық шарттардың тегін берілетінін атап өткен жөн.

Құлаққағыс ретінде айтар болсақ, 2023 жылдың 29 тамызында «Табиғи монополиялар туралы» заңына техни­калық шарттардың мерзіміне қатысты өзгерістер енгізілді. Осы түзетуде тех­никалық шарттар берілген сәттен бастап жарамдылық мерзімі 3 жылдан аспайтыны нақты жазылған. Тек бұл өзгерістердің құрылысы жүріп жатқан техникалық шарттарға еш қатысы жоқ.

Осы түзетулерге дейін техникалық шарттардың арнайы белгіленген мерзімі болмаған. Осылайша, техникалық шарт­тардың барлық иелері құжаттың жарамдылық мерзімі берілген уақы­тынан үш жыл өткенде, бірақ ол мер­зім 2024 жылдың 1 шілдесінен ерте аяқталмайтынын ескеруі керек. Бұл жобаларды дәлірек жоспарлауды және тиімді бақылауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар газдың бос қуат тапшылығын болдырмайды. Заңнамадағы түзетулерді Парламент Мәжілісінің депутаттары ұсынып, қабылдады.

Бұған қоса инфрақұрылымдық желі­лердің қолжетімді болуы үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында 2023 жылы қолжетімділік шарттары да жеңіл­детілді. Техникалық шарттарды алуға өтініш беру үшін қажетті құжаттар саны екі есе қысқарды. Сондай-ақ тұрғын үй немесе нысанның газ жүйесіне қосы­луға дайындығын тексеру үшін қажет­ті құ­жаттар саны 14-тен 5-ке дейін қыс­қарған.