Қазір көптеген талапкердің грант үшін сұраныстағы мамандыққа ағылып түсіп жатқаны ақиқат. Алайда оқуды тәмамдаған соң елге қажетті маман бола алмай қалатыны да жалған емес. Оқушылар өздерінің болашақта кім болатынын, қай бағытта еңбек ететінін ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсырғаннан кейін емес, сынаққа дейін ертерек айқындағаны абзал.
Осы мәселенің төңірегінде Фридрих Эберт қоры «Қазақстан жастары: құндылықтарын, сенімін, мақсатын бағалау» атты зерттеу жүргізген екен. Оған 14-29 жас аралығындағы 100-ге жуық адам қатысқан. Сондағы ақпаратқа сүйенсек, жастардың 41,9 пайызы мамандық бойынша жұмыс істемейді. Олардың үштен бірі «жұмыс табу оңай» десе, 10,5 пайызы «өте қиын» деп жауап берген. Нәтижесінде, көпшілігінің мемлекеттік секторға қарағанда, жеке секторда жұмыс істегенді құп көретіні анықталды. Расында мектеп оқушыларының көбі қай салада жұмыс істегісі келетінін нақты білмейді. Сол себепті мамандық таңдау кезінде қиындыққа тап болады.
– Бұл мәселенің шешімі – дұрыс кәсіптік бағдар беру. Сондықтан әр мектепте кем дегенде бір профориентатор жұмыс істеуге тиіс. Ол баламен тікелей байланыс орнатып, түрлі тестінің көмегімен әлсіз және мықты тұстарын анықтауына сеп болады, – дейді көпшілікке әлеуметтік желі арқылы танылған химия пәнінің оқытушысы, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Ұлан Үсенов.
Білім алушы ұнататын пәнінен бұрын әуелі қабілеті мен қызығушылығы бар салаға мойын бұрғаны дұрыс. Әрине, болашақ бағытын айқындауда ата-анасының, ұстазының, ортасының, әлеуметтік желіден көрген-білген ақпаратының да әсері болады.
– Адам мамандықты дұрыс таңдамаса, өмір бойы өзге адамның өмірін сүріп өтеді. Жылдың басында өтініш жазып, оқудан шығып жатқан студенттерді көп көрдім. Жауаптары: «бұл салаға өзім қалап келген жоқпын», «грант көп болғасын таңдап едім», «оқи келе менің мамандығым емес екенін ұқтым» деп жалғасып жатады. Бұл – мектепте, отбасында кәсіптік бағдардың болмағандығының айқын көрінісі. Біздің алдымызға әзірше тек 11-сынып оқушылары келіп жатыр. Барлық білім алушыға да, ата-анаға да айтатыным, мамандық таңдауға едәуір ертерек қимылдаған дұрыс, – дейді профориентолог маман Динара Оспанова.
Бұған қоса ол елімізде профориентациялық үдеріс енді-енді қарқын алып келе жатқанын айтты. Ал дамыған елдерде қалай? Мәселен, Финляндияда бала 9-сынып бітіріп, әлі де өзінің қай салаға барғысы келетінін білмесе, мектеп тағы бір жыл уақыт береді. Сол уақыт аралығында баламен кәсіби кеңесшілер жұмыс істейді. Сонымен қатар 7-сыныптан бастап кәсіби бағдар курстары өтеді. Курс негізінде әр оқушы міндетті түрде 1-3 апта өзі қалаған салада жұмыс істеп көреді. Ал Жапонияда оқушылардың мамандық таңдауында үш фактордың маңызы зор: өзіңді зерттеу, мамандықты зерттеу және кәсіби сынақ. Әр жылда 7-9-сынып оқушылары 16 салада бақ сынайды. Осылайша, үш жыл ішінде әр бала 48 саланы ішінара зерттейді. Нәтижесінде, оқушы алған тәжірибесін анықтайтын тест тапсырады. Сондай-ақ оларды бақылаған мұғалімдері де баға береді. Екі бағалау тестінің нәтижесі салыстырылып, баланың жеке бағалау индексі көрсетіледі. Осы индекске сәйкес әрі қарай оқу бағдарламасы ұсынылады.
Кейбір елдерде оқушының гуманитарлық бағытқа бейім екені анықталса, жоғарғы сыныптарда жаратылыстану пәндерінен босатылып, өз саласында жетілуіне себі тиетін 4-5 пәнді ғана оқиды.
– Меніңше, 9-сынып бітіргенше оқушыға жалпылама білім берілуі керек. Өйткені адамның көзқарасы есейе келе өзгеруі мүмкін. Ал 10-11-сыныпта толық мамандық бағытына қарай білім алғаны дұрыс. Кәсіби бағдар бойынша біздегі жоғары оқу орындары өзінің бейінді, жаңа мамандықтарын дәріптей білуі керек. Өкінішке қарай, мемлекет біздің университеттерді мемлекеттік грантпен бағып отыр. Сондықтан олар білім алушыға мұқтаж емес. Онсыз да мемлекеттен грант келеді, грантпен бірге студент келеді. Егер әрбір түлектің келуі маңызды болса, университеттер өңірлерге барып, өзінің мамандықтарын дәріптесе, жағдай мүлдем басқаша болар еді, – дейді «Qazbilim group» компаниясының басқарма төрағасы Аятжан Ахметжан.
Мемлекет басшысы республикалық педагогтер съезінде: «Балаларымыз заманға сай озық білім алуы қажет. Қазір еңбек нарығы өте жылдам өзгеріп, көптеген салаға жасанды интеллект еніп жатыр. Бұл үдеріс жылдан-жылға қарқын ала беретіні сөзсіз. Бүгін жоғары сұранысқа ие мамандық ертең қажет болмай қалуы мүмкін. Ғалымдар 2050 жылға қарай қазіргі кәсіптердің жартысына жуығын цифрлық және техникалық жүйелер алмастырады деген болжам айтып отыр. Сондықтан азаматтарымыз жаңа заманға қажетті дағдыларды үйренуі керек. Бұл – өте маңызды міндет», деген болатын.
Жаңа кәсіпорындар ашып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін білікті мамандар қажет-ақ. Үкімет кадрларды даярлау мақсатында мамандарға қажеттіліктің өңірлік карталарын құру жұмыстарын қолға алды. Мектептерде ерте кәсіптік бағыт берілсе, дипломы бар жұмыссыз жастардың саны азаяр еді.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті