• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қаржы 07 Ақпан, 2024

Еуропа терезесі

146 рет
көрсетілді

Жыл басында еліміз орташа айлық жалақы бойынша 61-орынға шықты. Numbeo сарапшыларының бағалауынша, қаңтар айында біздің елде салықтан кейінгі «таза» жалақы 585 долларды (260,8 мың теңге) құраған. Бұл көрсеткіш Қазақстандағы орташа атаулы жалақы (үшінші тоқсанда 350,5 мың теңге) бойынша Ұлттық статистикалық бюроның соңғы деректерінен айтарлықтай ерек­ше­ленеді, бірақ ресми орташа жалақыға (230,9 мың теңге) ай­тар­лықтай жақын. Сондықтан Numbeo деректерін шындыққа жақын деуге болатындай.

Numbeo сарапшылары деректер жинайтын 97 елдің ішінде Қазақстан аутсайдерлер тобына кіреді. Еуропа мен Азияның көптеген елімен са­лыс­­тырғанда біздің республика өз азаматтарының жоғары, тіпті жа­­һан­дық орташа жалақысымен мақ­­тана алмайды. Жұмыс істейтін адам­дар жалдамалы жұмыстан ең жо­ға­ры табыс алатын бес елде сома мыңдаған долларға жетеді. Мысалы, Швейцарияда салықты төлегеннен кейінгі орташа жалақы – 6,6 мың доллар. Бұл біздің табыстан 11,3 есе көп. Теңгеге айырбастар болсақ, 6,6 мың доллар дегеніңіз – 2,9 млн теңге.

Әрине, Қазақстан мен Швейцария арасын мыңдаған шақырым ғана емес, бірқатар материалдық, мәдени ерекшеліктер де бөліп жатыр. Швей­ца­рия өмір сүру сапасының индексі жоғары елдердің қатарында. Ал Қазақстан бұл рейтингте Нигерияға таяу тұр. Мұны бір деп қойыңыз. Өмір сүру индексін шығару үшін елдегі өмір сүру құны, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау көрсеткіші, экологиясы мен тұрғын үй қолжетімділігі ескеріледі. Швейцария бұл рейтингте 185,8 индексімен алтыншы орында. Қазақстан көрсеткіштен екі есе төмен – небәрі 96,5 балл – және 84 елдің ішінде 73-орында.

Finprom сарапшыларының айтуынша, біздің республикамыз бар­лық дерлік көрсеткіштер бойын­ша – жалақының сатып алу қабі­леті, өмір сүру құны, ластану деңгейі, қа­уіпсіздік, денсаулық сақтау жағ­да­йы бойынша артта қалды. Екі елге ортақ бірден-бір нәрсе – азаматтар үшін баспананың құны мен қолжетімділігі. Егер Швей­царияда жылжымайтын мүлік құны­ның үй шаруашылығының табысына қатынасы 11 болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 10,9. Көрсеткіш орташа табысы бар азаматтың ауда­­ны 90 шаршы метрді құрайтын пәтерді сатып алу үшін қанша жыл жинақтау керектігін көрсетеді. Ай­лық­тары жоғары бол­ғанымен, швей­цариялықтарға үй сатып алу біз секілді қиынға соғады. Бір қызығы,  бұл елдегі ипотекалық несие­нің пайыздық мөлшерлемесі біздің азаматтардың арманына да кірмейді: 20 жылға тұрғын үй несиесін алғанда – небәрі 2,5 пайыз.

Осындай жақсы шарттар бола тұра кез келген швейцариялық отбасы несиеге пәтер сатып ала алмайды. Швейцария халқының 38,2 пайызы ғана жеке баспанаға ие. Мұның бәрі құнына байланысты. Швейцария қалаларындағы көпқабатты тұрғын үйдің бір шаршы метрінің құны 17,2 мың долларды құрайды. Бұл Қазақстанмен салыстырғанда 12 есе көп. Біздің елде шаршы метр 1,4 мың долларға бағаланады, бұл да – көптеген отбасы үшін қолжетімсіз баға.

«Швейцариялықтардың көпші­­лігі тұрғын үйді жалға алады, бұл да көп ақшаны қажет етеді. Цюрихте немесе Женевада бір бөл­мелі пәтерді жалдау құны – айына 2 200 доллар. Біздің елде орташа бағалар, Numbeo деректеріне қарағанда, әлі соншалықты жоғары емес: айына небәрі 552 доллар. Жылжымайтын мүлік агрегаторлары өте қымбат, бірақ еуропалық стандарттар бойынша шағын болса да, Алматыда айына 500-600 мың теңгеге (1,1-1,3 мың доллар) пәтерлерді ұсынады. Қазақстан мен Швейцарияда балабақша қызмет­терінің бағасы да айтарлықтай ерек­шеленеді. Еуропалық елде мек­тепке дейінгі мекемеде баланы тәрбиелеу мен күту үшін ай сайынғы төлем 2,8 мың доллардан асады. Ал Қазақ­станда, кем дегенде, теориялық тұр­ғы­дан алғанда, мемлекет негізгі шығындарды көтереді, ал ата-аналар тек тамақ үшін төлейді (бірақ бұл тек мемлекеттік балабақшаларда ғана, олар бұрыннан барлық балаларға жеткіліксіз болды)», делінеді.

Швейцарияда киім-кешек, комму­налдық қызмет, бензин мен азық-түлік те Қазақстаннан әлдеқайда қымбат. Дәмді ірімшіктер елінің экологиялық санасы өте жоғары. Ол жақтағылар экологиялық таза, органикалық өнім­дерді, тіпті қым­батырақ болса да сатып алуға да­йын. Үкімет «жасыл» егіншілікті де қолдайды: Швей­царияның ауыл шаруашылығы жақсы субсидия алады. Үш жыл бұрын Швейцарияның Экономикалық зерттеулер орталығы бай елдің ауыл­шаруашылық өн­дірісінен мүлде бас тартуы мүмкін деген мәліметтерді жариялады. Органикалық егіншілікке қойылатын жоғары талаптарды ескере отырып, қазірдің өзінде швей­ца­риялық өнімдерді өз бетіңізше өндір­геннен гөрі сыртқы нарықтан сатып алу тиімдірек.

Осы салыстырмалы деректерге сүйене отырып, мұндай жоғары баға­лармен швейцариялықтардың бүкіл жалақысын үлкен тұтынушылық шығындар «жеп қояды» деген қате тұжырым жасауға болады. Бірақ олай емес. Бұл еуропалық елде жалақының жоғары болғаны сонша, азық-түлік, киім-кешек және бензин бағасын төлеу қиын емес. Бір жыл бұрын «Рейтинг» әмбебап агенттігінің сарапшылары әлемнің 39 еліндегі азық-түлік құнының үлесін салыс­тырып, Қазақстан бұл тізімде соңғы орында деген қорытындыға келген. Қазақ отбасыларының азық-түлік шығындарының үлесі ең жоғары – 53 пайыз. Швейцарияда отбасылық бюджеттің 12,8 пайызы ғана тамаққа жұмсалады.