• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 07 Ақпан, 2024

Әкім халықтың көбіне сүйенсе, күшті болады – Әлихан Бөкейханов

311 рет
көрсетілді

Афоризм – шағын философиялық ой, тәжірибелік түйін, логикалық қисын. Афоризмнің басты шарттары – өмірлік құбылыстарға және адам мінездеріне деген көзқарастағы анықтық, ойды жеткізудегі дәлдік пен қысқалық. Афоризм – ой тамызығы. «Афоризмдер» айдарында бүгін Әлихан Бөкейханов ойларын ұсындық.

(XX-XXI ғғ.)

Әлихан Бөкейханов

1) Ақылға саңыраулық та айып.

2) Жұрт әділ болмай, жұрт ісі оңға баспайды.

3) Адам баласы нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды!

4) Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.

5) Жалпақ жұрттың көкірегінде жақсылық болмаса, жұрт жұрт болып, тіршілік құра алмақ емес.

6) Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса, қазақ халқы соңынан ерер еді.

7) Әкім халықтың көбіне сүйенсе, күшті болады.

8) Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген заман.

9) Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады.

10) Халық ісін орнына салуға көп ақыл, көп қызмет, көп жылғы шебер істеген әдіс керек.

11) Ер жігіттің белгісі – адасқанын мойнына алғаны.

12) Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды.

13) Көкіректе сайрап тұр, қолды заман байлап тұр.

14) Бұл жұрт жұмысын жұрт болып іздемес пе еді?!

15) Ғұмыр ісі заң хатына қашан сыйған?!

16) Керекті жақсы сөздер тозбайды.

17) Әр нәрсенің амалын біліп, өз орнынан жұмсағанда ғана іс көркейеді.

18) Бір өнер қылған екі кісіге тар жер екі өнер қылған екі кісіге кең болады.

19) Бұл ғұмыр тойына шақырылған көптің бәрі бірдей өз өнеріне тиісті орын ала бермейді.

20) Тұрмыс құрсауы – Құдайдан соңғы күшті.

21) Түрік затты халықта біздің қазақтай бір жерде тізе қосып, қалың отырған іргелі ел жоқ.

22) Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақ тілі.

23) Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық, саясат ісін ұғынбаса, тарих жолында тезек теріп қалады. Бақыт пен махаббаттан тысқары болады: бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек?!

(Ербол Шаймерденұлы құрастырған «Қазақ афоризмдері» кітабынан іріктеліп алынды)