• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 07 Ақпан, 2024

Біртүрлі көрме

134 рет
көрсетілді

Кез келген елде дәстүрлі сурет галереялары мен сәулет ескерткіштерінен бөлек көрген адамды таң-тамаша қылатын ерекше көрмелер бар. Ерекшелері ғана ұмытылмас экспонатқа айналып жатады. Соның бірегейі – «Телефон қойлар» көрмесі.

Немістің өнер теоретигі Фридрих Шеллинг «мүсін – таста қатып қал­ған әуен» дейді. Көрмені де затқа қонған үн немесе ой десек болады. Су­ретші Жан Люк Корне ескі қа­лалық телефондарға ұлы өнердің қа­сиетін қондыра білді. Ол «Телефон қойлар» деген көрме ұйымдастырып, көрген жанға ерекше сезім сыйлады. Суретші өзгеше «қойларды» телефон кәбілдерінен және ескі телефондардан жасап шығарған.

Көрме жансыз затқа тіл бітіре алуымен ерекшеленеді. Қарапайым дү­ние­ден көрермен көзайымына айнал­ған мүсін технологияның қан­шалықты жылдам дамып келе жатқанын және ескі заттарды қалай тиімді пайдалануға бо­латынын көрсетеді.

Қазір сымы бар стационарлық телефондар қолданыстан шықты. Олардың барлығы дерлік Қытайға қайта өңдеуге кетті, бірақ кейбірі ерекше француз суретшісі Жан Люк Корненің қолына түсті. Франкфурттағы байланыс мұра­жайындағы көрме өнертанушылар тарапынан «біртүрлі көрме» деген баға алған. 32 басы бар түрлі-түсті қойлар көрмесі үнемі жаңарып тұра­ды. Олардың аяқтары телефон тұт­қа­ларынан, бастары аппараттардың өзінен, ал қалың қой терісі бұралған сымдардан жасалған. Автор цифрлық дәуірде үдерістің қаншалықты жылдам жү­ретінін көрсеткісі келген.

Жаһан жылдам жаңарады, бір орында тұрмайды. Сәт сайын жаңа технологиялар пайда болып, ескілік есік табалдырығында қалып жатыр. Бірақ осы көрмедегі «қойлар» секілді, дүние өз­герсе де бір қалыпта тұра беретін өш­пес, өлмес дүниелер тағы бар. Сурет­шінің айтқысы келгені де – осы.