Жеке және заңды тұлғалардың жолдаған хаттары мен шағымдарын жан-жақты сапалы қарау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру – прокурорлар жұмысындағы басты міндеттердің бірі.
2023 жылы прокуратураға азаматтар мен заңды тұлғалардан 373 мыңнан аса жолданым келіп түскен. Оның негізгі бөлігі, яғни 158 мыңы әлеуметтік-экономикалық саладағы мәселелерге қатысты. Хаттардың үштен бірінен астамы сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің заңдылығына білдірілген шағымдар. Сондай-ақ ел азаматтары қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша сот актілерімен келіспеушіліктерін білдірген. 171 мыңнан аса арыз-шағымды прокурорлар тікелей қараса, қалған хаттар құзыреті арқылы уәкілетті органдарға жолданды.
Жеке қабылдаулар барысында прокурорлар 51 мыңнан аса азаматты қабылдады, ал әрбір үшінші арызды прокуратура басшылығы арызданушылардың қатысуымен қарады. Нәтижесінде, 48,9 мың арыз берушінің құқығы қорғалып, 5,6 мыңнан аса прокурорлық қадағалау және ден қою актілері енгізілді.
Қылмыстық үдеріске қатысушылардың құқықтары мен мүдделерін 18,2 мың жолданым бойынша қорғағаны туралы ерекше атап өткен жөн. Қылмыстық қудалау органдарының 2,2 мың заңсыз үдерістік шешімдерінің күші жойылды. Прокурорлар істерді объективті шешуге бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексерулер бойынша 3,4 мың нұсқау берді.
Мәселен, В.Цой мен Қ.Қарабаев алаяқтық фактісі бойынша Астана қаласы ішкі істер органдарының заңсыз қылмыстық қудалауына ұшырадық деп Бас прокуратураға шағымданған. Іс материалдарын тексерумен «Банк Центр Кредит» АҚ және «Объектілерді оңалту дирекциясы» ЖШС арыздары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру негізсіз жүргізілгені анықталды, өйткені тараптар арасында қылмыстық-үдерістік тәртіппен шешілуге жатпайтын азаматтық-құқықтық қатынастар туындаған. Осыған байланысты Бас прокуратура биыл қаңтар айында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.
Прокуратура міндеттерінің бірі – азаматтар мен кәсіпкерлердің әлеуметтік-экономикалық саладағы құқықтарын қорғау. Бұл бағытта прокуратура 10 мың жолданым бойынша құқықтар мен мүдделерді қалпына келтірді.
Мәселен, Астана прокуратурасына жергілікті кәсіпкер А.Елмұратов хабарласып, салық органының оған қосымша құн салығы бойынша тіркеу есебіне қою мақсаттары үшін көзделген ең төменгі айналымнан асып кетуі туралы хабарламаны негізсіз жібергенін айтқан. Кәсіпкердің жолданымын қарау нәтижесінде, елордалық Алматы ауданы прокуратурасының наразылығымен 2023 жылғы желтоқсанда салық органының заңсыз хабарламасы жойылды.