• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Білім 08 Ақпан, 2024

Бүгінгі талапкер һәм болашақ мұғалім

419 рет
көрсетілді

Рухани бастамалардың жаршысы болуға тәрбиелейтін бірден-бір маман – мұғалім. Ол ұлттық жауһарларға жақын азаматтың қалыптасуына еңбек сіңіріп, берік сабақтастықтың алтын көпіріне айналып отыр. Себебі азаттықтың да, азаматтықтың да ұстанымын ұрпақтан-ұрпаққа аманаттайтын ұстаздар қауымы екені әуелден мәлім. Халық ішінде: «Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен, тарихтағы ең ұлы кәсіп» деген даналық текке айтылмаса керек. Тарихта өз бағасын алған ұстаздықтың бүгінгі жай-күйі қалың бұқараны алаңдатпай қоймайды. Әсіресе педагогикалық кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарына артылған жауапкершілік салмағы орасан. Неге десеңіз, әлемдік аренадағы құндылықтардың өзгеруі, медиакеңістіктің көз ілестірместей дамуы, инновациялық білім технологияларының серпіні сынды факторлар оқу және оқыту ісін айналып өтпесі анық.

Әсілінде, оқыту парадигмалары өзге­ріске ұшырағанымен, педагогикалық тенденциялар өз қалыбында. Әлемдік білімді ұлттық тәрбиемен ұштастырып, бүгінгі заманның талабына сай «Цифрлы педагог» әзірлейтін отандық оқу шаңырақ­­та­ры өз стратегиялық мүмкіндіктерін молы­­нан пайдаланып келеді. Жасыратыны ­жоқ, кейінгі уақытта «Педагог мәртебесі», «Пе­дагогикалық кадрларды даярлау» сын­ды мәселелер күн тәртібінен түспей тұр. Біздіңше, бұл – қалыпты құбылыс. Қай заманда да бала оқыту ісіне келгенде салғырт қарамайтын ұлттық ерекшелігі­міз жаңа дәуірде де өз дәстүрінен айнымай, аталған мәселені жіті назарға алып, аса ыждағаттылықпен мән беріп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезі мінберінен: «Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәр­бие мен озық білім беру – өте маңызды міндет. Сондықтан ұстаздар қауымына, яғни сіздерге зор жауапкершілік жүк­теледі. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қам­тамасыз ету өте маңызды», деді.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы­ның «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін тү­зеу­ден бастауымыз керек» дегені дәуір са­бақ­тастығының үзілмегенін, ұлттық құн­­дылықтардың күні бүгінге дейін өз биігінде екенін айқындап тұрғандай. Рас, мемлекет дамуының деңгейі, бәсекеге қабілеттілік межесі, дүниежүзілік на­рық­тағы беделі – бәрі-бәрі білім сапасы­­мен анықталатын индикатор. Сондықтан педа­­гогикалық кадр даярлауда нысанаға – ақ­­параттық жүйеге дағдыланған, шы­ғар­машылық ұмтылыс қарқыны жо­ға­ры, жүктелген міндеттерді шешудегі тұ­рақ­тылығы көзделеді. Біз өз кезегімізде өмір сүріп жатқан қоғамымыздың сая­си және әлеуметтік, экономикалық құры­лымын қайта құруда халыққа білім беру жүйесіне қойылатын жаңа талаптар­ды қанағаттандыруға мүдделіміз. Себебі білімге және ғылыми әлеуетке негізделген қоғам ғана жаһандану құбылыстарын лайықты қабылдап, әлемдік даму көшіне отаншылдық рухта ілесе алады.

ХХІ ғасырдың педагогикалық парадигмасы адам ресурстарын бағалауға негізделіп, экономикалық даму қажет­тіліктерге сай болуды талап етеді. Айта­лық, педагог кадрларды даярлау үдері­сінің тарихи аспектісі ғылымға дейінгі, классикалық және қазіргі заманғы деп жік­телуі қазіргі күні өзіндік сипатта құ­былу үстінде. Бұл ретте «Баршаға қол­жетімді сапалы білім» ұлттық баяндама жобасы білім беру саласындағы сәтті уақытта қолға алынған жоба болғанын тілге тиек ете кетейік. Виртуалды және толықтырылған шынайылық, интерактивті платформалар мен жасанды интеллект іспетті цифрлық технологиялар, шын мәнінде, оқу үдерісінде студенттерге тео­рия мен тәжірибелік дағдыларды тиім­­­дірек меңгеруге мүмкіндік береді. Қуан­­­татыны, отандық педагогикалық жо­­ғары оқу орындарындағы иммунитет бұл өзгерістерді қабылдауға дайын әрі бейім. Сәйкесінше, елдегі педагог­тер­дің жетіспеушілігі мәселесін шешуде жаңа үлгідегі педагогикалық білім беру бағдарламаларын қамтитын оқу орын­дарының ашылуы – ең ұтымды ше­шім. Осы туралы Президент: «Елорда­да педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын. Бұл – дер кезінде көтерілген бастама. Сол ар­қылы салынып жатқан мектептерге қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік туады. Әділетті қоғамды құру үшін, ең алдымен, өскелең ұрпақтың жан-жақты, толыққанды дамуын қамтамасыз ету ма­ңызды. Сондықтан мектептердегі білім беру ісі балалардың әлеуметтік жағдайына қарамастан, инклюзивті әрі барлық бала үшін қолжетімді болуға тиіс», деді.

Осы арқылы біз педагогтердің тап­шылығы кезек күттірмейтін мәселе екенін ұғынамыз және оның шешімін табуға атсалысып келеміз. Мәселен, 2024 жылдың қаңтар айындағы есеп бойынша, респуб­лика мектептеріне 3 мыңға жуық педагог жетіспейді. Министрлік тарапынан өңірлерде педагогикалық мамандық­тар­ға мемлекеттік білім беру гранты мен оқуға қаржы бөлу бойынша шаралар қа­былданып жатыр. Айталық, қазіргі уақыт­та педагогикалық бағыттарда оқитын жо­ғары оқу орындарының студенттері үшін шәкіртақы мөлшері 67 мыңға дейін ұлғайтылған. Педагогикалық білімі жоқ адамдар үшін педагогикалық қайта даярлау бойынша жұмыс жалғастырылып отыр және 2020 жылдан бастап педагогтер­дің жалақысы 2 есе артқан, әлі де артады. Ал мұғалім тапшылығы – маңызды мәсе­ле. Бұл педагогикалық кадрларға қажетті­лік деңгейін көрсетіп отыр. Қазіргі таң­да жоғары оқу орындарында педагогика­лық үдерістің барлық құрамдас бөлігі­нің интеграциялық әлеуетін кеңейту шаралары күшейтіліп жатыр. Сондай-ақ педагогтерді оқытудың тәжірибеге бағ­дарланған модельдерінің кең спектрі әзірленіп, жаппай енгізілу үстінде. Бұл қажеттіліктерді қанағаттандыру әрі қарай жалғасып, қарқынды түрде жүзеге асырылар болса, мәселенің түйіні тарқатылады дегенге сеніміміз мол.

Әлемдік үрдістер және педагогтерді даярлаудың халықаралық тәжірибесіне мұқият ден қояр болсақ, кейінгі кезде құлағымыз жиі шалатын «жасанды ин­теллект» ұғымымен соқтығысып қа­лып жатамыз. Бұл дегеніңіз – адамның зият­керлік күшін компьютерлік жүйелер ар­қылы модельдеу. Елімізде жасанды интел­лект мектебінің ашылуы, отандық ғы­лымның осы бағытта ілгерілеуі расын­да көз қуантады. Алайда көпшілікті «Мұғалім және жасанды интеллект» тан­демі алаңдататын көрінеді. Демек бо­лашақта ұстаздың рөлін жасанды интеллект алмастырады деген қауіп бар. Рас, бұл жүйенің ресурсы әлдеқайда жоғары әрі мұндай дәуірдегі мұғалім анағұрлым педагогикалық шеберлікті меңгерген маман болуы қажет. Алайда біз жасанды интеллектіге емес, жасанды интеллект бізге жұмыс істеуі керек. Ол ешқашан мұғалімнің орнын алмастыра алмайтынын, мұғалім берген мейірімді бере алмайтынын ұмытпайық. Сондықтан оның мүмкіндіктерін белгіленген шекте ғана пайдаға жаратып, жалпыға ортақ игіліктер үшін қолданған абзал.

Қазіргі күні 2023-2029 жылдарға ар­налған жоғары білім мен ғылымды да­мыту тұжырымдамасы шеңберіндегі міндеттерді жүзеге асыруда отандық оқу орындары түбегейлі өзгерістерге төтеп бере алатынын дәлелдеп отыр. Солардың бірі – түлектері еліміздің педагогикалық әлеуеті жоғары крите­рийі­мен сұранысқа ие Ы.Алтын­са­рин атын­дағы Арқалық педа­гогикалық инс­ти­туты. Өңірдегі педа­гогикалық жоғары оқу орны педагог­терге арналған ұлт­тық біліктілік талап­тарына сай, темірқазы­ғы мықты мұғалімдерді даярлауымен, ұлт­тық нақыш элементтерінің ерекшелігін оқытуда шебер пайдалана алатын маман әзірлеумен танымал. Мұнда мемлекеттік стратегияны ілгерілету бағытындағы жо­ғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім­нің қолжетімділігі, озық кадрлық қамтамасыз ету, жоғары білім берудің инфрақұрылымы мен цифрлық архитектурасын дамыту, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді интернационалдандыру, университеттің үшінші миссиясы, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту сынды міндеттер басты назарда. Біз «талапкер – студент – түлек» моделі үштігінің байланысын нығайтып, әрқайсысының өз функциясын жоғары дәрежеде орындауына мүдделіміз.

Білім беру жүйесіндегі жаңашыл­дық, саяси, мәдени кеңістіктегі оқытудың рөлі, ұлттық және жалпыазаматтық құн­ды­­лықтар төңірегіндегі ғылыми көз­қа­рас­тар қақтығысы – педагогика­лық кадр даярлаудың алғышарттарының бірі. Ғылыми-педагогикалық саладағы білім беру үдерісі және нәтиже деген екі ұғым­нан тұрады. Білім берудегі мақсат, міндет, маз­­мұн – үдерістің еншісінде болса, нәти­жеге дағды мен іскерлікті жат­қызамыз. Сон­д­ай-ақ психологиялық-педагогика­лық технологиялардың маман даярлау­дағы үлесі басым. Педаго­гикалық білім­нің жаңашылдық деңге­йін зама­науи трендке сәйкестендіру үшін иннова­ция­лық педагогикалық, педа­го­гикалық менеджменттегі мотивация­лық, бола­шақ маманның зияткерлік, жас­тардың ғылыми әлеуетін мықтап ны­ғыздап, тамырын тереңдете түсу керек. Сонда ғана оқытудағы заманауи қажеттіліктерді қа­нағаттандырып, озық, креативті, цифр­лы педагог мамандарға қол жеткізе­міз. Мәселен, Ы.Алтынса­рин атындағы Арқалық педагогикалық институтындағы профессор-оқытушы­лар құрамы мен студенттердің смарт ресурстарын арттыру олардың нарықтағы бәсекеге қабілетті­лік деңгейін көтереді. Институт ұжымы педагог кадрларды даяр­лаудың проб­лемалары мен заманауи мүмкіндіктері­не анализ жасай отырып, өзіндік тұжы­рым жасауға бейім. Айталық, институт сапалы кадрлық құрамды қалып­тасты­ру­ға, қызметкерлердің кәсіби же­тілуіне және жеке өсуіне ерекше назар аудара­ды. Осы арқылы бәсекелестік ортада жа­уап­кершілікті арттыруға және көш­бас­шы­лықты қамтамасыз етуге бағыт­талған адами ресурстарды басқару жүйе­сін құру ала­ңын қалыптастырып отырмыз.

Оқу орнында педагогикалық білім беру бағдарламалары жаңа кәсіптердің аймақтық атластарына негізделіп, әзір­ленеді. Сәйкесінше, білім беру стратегия­лары үздіксіз жаңғырғанымен, ұлттық біріз­діліктен іргесін тасалаған емес. Оған «Altynsarin institute»-ның ғылыми-зерт­теу жұмысы және халықаралық ынты­мақ­тастығы ғылым драйверіне айнал­ғаны дәлел. Себебі халықаралық ын­ты­мақтастық – институт қызметінің басым бағыттарының бірі. Оның үстіне инс­титут ұжымының алдында бірлескен және мүмкіндігінше қос дипломды білім беру бағдарламаларын әзірлеу, сондай-ақ студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын іске асыру мақсатында ынтымақтастықты дамыту міндеті бар. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын іске асыру жүйелі жүзеге асады. Оқу ордасындағы білім беру және ғылыми үдерістерді жаһандандыруды арттырудың негізгі индикаторларының бірі – шетелдік жетекші жоғары оқу орындарынан шетелдік профессорларды тарту. Осындай әлеуетті қадамдар арқылы әлемдік педагогикалық талаптарды қанағаттандыратын әмбебап педагог даярлауға даңғыл жол саламыз.

Айта кету керек, «Altynsarin institute» «Университеттің үшінші миссиясын» орындауға үлкен ынта-жігермен кірі­сіп кетті. Бұл дегеніміз жастар арасын­дағы еріктілікті, жоғары оқу орын­дары­ның өңірдің әлеуметтік өміріне тар­тылуын, әлеуметтік-экономикалық бағ­дар­ламаларды іске асыру міндеттерін көздейді. Сәйкесінше, оқу ордамыздың қабырғасында ерлі-зайыптылардың, әке мен бала, ана мен қыз арасындағы түсініспеушілікті сейілтіп, консультация жүргізетін психологиялық қолдау орталығы, тартынбай тамшы-тамшы тәлім беретін «Ғибрат сабақтары» сынды іс-шара­лар жолға қойылып, жүргізіледі. Бұл өз кезегінде әке, ана, дала мектебін қалып­тастыруға, ата-ана болмысын айшық­тау негіздері сияқты мәселелерді көз­деп, әлеуметтік қолдауға сеп болатын тың бас­тамаларға айналып отыр.

Қоғамға, ең алдымен, адами қасиеттер бойына дарыған азамат керек, елімізге ұлттық құндылықтармен біте қайнасқан ұлтжанды перзент қажет, түлекке жұмыс берушіге қажетті дағдыларды сіңірген қызметкер болуы маңызды десек, отбасына мейірім мен жауапкершілігі жоғары ата-ана, ал жеке адам үшін бақытты және дені сау өмір иесі болуға тиіс. Міне, осы құндылықтар мен шарттарды орындау мектептен басталады. Отандық білім беру жүйесі осы талаптарға сай болуы керек-ақ. Арқалық педагогикалық институты осы ерекшеліктерді біледі, түсінеді және осы бағытта жан-жақты жұмыс атқару­ды мақсат тұтады.

Сөз соңында, алғашқы дала мектебі­нің іргетасы қаланған Торғай жеріндегі киелі шаңырақта еңбек ету әрбір жауапты азамат үшін абырой деп есептеймін. Себебі небір ағартушылардың ізі қалған өңірде болашақ ұстаздарды даярлауға атсалысу – азаматтық ұстанымды айқындайтын өлшем.

 

Ержан ӘМІРБЕКҰЛЫ,

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының

басқарма төрағасы-ректор