• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 07 Ақпан, 2024

Оқу үдерісіндегі жаңашылдық

127 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті бакала­вриат деңгейіндегі оқу үдерісіне біршама өзгеріс енгізіп жатыр. 2024-2025 оқу жылынан бастап 1-курс студенттері жасанды интеллект саласын оқып, ғылыми зерттеулер жүргізеді.

Жаңа оқу жылында университет барлық педагогикалық бағыт бойынша бакалавриат деңгейіне арналған «Minor» бағдарламасын енгізеді. Студенттер инклюзивті білім берудің үш қосымша пәнін оқиды: «Инклюзивті сыныпта оқытудың әмбебап дизайны», «Ерекше білім беруді қажет ететін баланың отбасына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету» және «Ерекше білім беруді қажет ететін тұлғаларды тьюторлық қолдау». Осы бағытта университет қызметкерлері ерекше білім беру қажеттіліктері бар студенттермен жұмыс істеу бағытындағы оқытушыларға арналған әдіс­темелік ұсынымдар әзірледі.

– Жыл сайын техникалық, инженерлік және педагогика­лық мамандықтарды меңгеруге ниет білдіргендер саны артып ке­леді. Біздің университет еңбек нарығының қажеттіліктеріне және технологияның дамуына сәй­кес білім беру бағдарламаларын үнемі жетілдіреді әрі жаңаларын әзірлейді. Жұмыс берушілермен, шетелдік университеттермен, ірі компаниялармен бірлесіп, еңбек нарығының сұранысы бойынша жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларын әзірлеп жатырмыз. Қазір 40-қа жуық инновациялық бағдарлама бар. Олардың 18-і педагогикалық, инженерлік және техникалық бағыттарды қамтиды. Оқу орнында оқыту үдерісі үш тілде жүргізіледі және 45 білім беру бағдарламасы ағылшын тілін­де қарастырылған. Сондай-ақ уни­верситетіміз қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша үш жыл математика пәні мұғалімдерін даярласа, биыл «Ғарыштық техника және технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша докторантура ашылды, – деді университеттің Академиялық мәсе­­лелер департаментінің дирек­торы Байжұман Қашқынбай.

Ұлттық университетте педаго­гикалық, инженерлік, техни­ка­лық бағыттағы жоғары білік­ті кадр­ларды даярлауға көп кө­ңіл бө­лінеді. Қазіргі таңда оқу ордасын­да осы салаларда үш деңгей бойын­­ша 12 мыңнан астам студент бі­лім алып жатыр. 244 білім беру бағ­дар­ламасының 100-і педагогика­лық, инженерлік-техникалық бағыт­тар бойынша қарастырылған.

Дарынды жастарды ғылымға тарту мақсатында 2024-2025 оқу жылынан бастап бакалавриат бағ­­дарламаларына екі жаңа модуль енгізіледі. Олардың бірі ғы­лыми компонентті қарасты­ра­­ды. Студенттер оқудың бірінші жылынан зерттеу жұмыстарымен айналысады. Екіншісі – модуль жа­санды интеллектіні зерттеуге бағыт­тал­ған. Студенттер осы бағытта білімін кеңейтіп, озық цифрлық тех­нологияларды мең­гереді деп күтіліп отыр.

 

Нұрдәулет КӘРІБАЙ,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 2-курс студенті