Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде қордаланған мәселелерді шешу жолдарын атап көрсетті. Президент басымдық беріп, сөз еткен тақырыптар арасында отандық агроөнеркәсіп кешені мен су ресурстары саласы да бар.
«Ауыл шаруашылығына бөлінетін қаржыны барынша, тіпті мүмкіндік болса, екі есе арттыру қажет. Оған бюджеттен ғана емес, басқа да қаржы көздерінен, соның ішінде екінші деңгейлі банктерден қаражат тартқан жөн. Көктемгі егіс науқанына және күзгі жиын-терінге жеңілдікпен берілетін несиені 1,5 триллион теңгеге дейін арттыру керек. Ал инвестициялық жобаларға бөлінетін жеңілдетілген несиені 800 миллиард теңгеге жеткізу қажет. Жеңілдікпен лизинг беруге жыл сайын кемінде 450 миллиард теңге бөлінуге тиіс. Сонда әр жыл сайын ауыл шаруашылығы техникасының 10 пайызы жаңарып отырады», деді Мемлекет басшысы.
Бұны ауыл шаруашылығы саласына үлкен қолдау деп білемін. Сонымен бірге, Президент салаға мемлекеттік қолдауды «бір терезе» қағидасы арқылы жүзеге асырып, профилдік қаржы институттарының қызметтерін біріктіру қажеттігін айтты. Сол мақсатта жеңілдікпен несиелендіру мен субсидиялауды бір цифрлық платформаның шеңберінде біріктіру қажет екендігін атап өтті. Бұл ұсыныс бүгінде өте өзекті және «Ауыл» партиясы көптен бері көтеріп жүрген «Агробанк» құру жөніндегі мәселемен үндес.
Бүгінде елімізде агроөнеркәсіп кешенін «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымдары «Аграрлық несие корпорациясы» мен «ҚазАгроҚаржы» қаржыландырады. Шаруалар көбіне осы ұйымдар арасында сабылып, көктемгі егін және күзгі жиын кезіндегі алтын уақыттарын қаржыландыру мәселесін шешу үшін сарп етеді. Ал осы мәселелерді шешуде «Агробанк» сынды бір ғана мекеменің төңірегіне шоғырландырылса, Президент айтқан «бір терезе» қағидаты оңтайлы жүзеге асқан болар еді. Біз «Ауыл» партиясы «Агробанк» құру бойынша ұстанымымызды бұған дейінгі Үкіметке ашық жеткізген болатынбыз. Жаңа Үкіметке де ұсынатын боламыз. Бұл – тек біздің ғана саяси амбициямыз емес, мыңдаған фермердің тілегі.
«Ауыл» партиясының негізгі мақсат-міндеті – ауыл шаруашылығы мен ауылдық елді мекендерді дамытуға бағытталған. Сондықтан да Мемлекет басшысының Үкімет алдына қойған тапсырмаларын толық қолдайды. Өйткені Президенттің жаңа Үкіметке белгілеп берген бағыты айқын, бағдары нық, талап-тапсырмалары да нақты болып отыр.
Серік ЕГІЗБАЕВ,
«Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты, партия фракциясының жетекшісі