Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент аса өзекті мәселеге айрықша тоқталып, еліміздің барлық азаматына бірдей жағдай жасап, шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға жәрдем беру – әлеуметтік мемлекеттің басты міндеті екенін атап көрсетті.
Қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатыр. Кейінгі жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылды. Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе болып жатыр.
Халықтың денсаулығы – ең маңызды мәселе. «Бірінші байлық – денсаулық» деп халқымыз текке айтпаған. Осы тұрғыдан алғанда саланы жедел жақсарту қажет екендігін ел-жұрт көріп те, біліп те отыр. Мемлекет басшысы «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес», деп орынды сын айтты.
Сонымен қатар көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалатынын, салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келетінін атап өтті. «Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс», деді Президент. Мемлекет басшысы ең өзекті мәселелерді атап көрсетіп, әрқайсысына қатысты өз ұсынысы мен пайымын ортаға салды.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты