ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Парламентаралық Ассамблеясының үйлестірушісі, ҚР Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов бастаған байқаушылар Әзербайжан Республикасы Конституциялық сотының Төрағасы Фархад Абдуллаевпен кездесті. Кездесуге қатысушылар сайлау процесінің құқықтық мәселелерін талқылады, деп жазады Egemen.kz.
Жақып Асанов ТМД ПАА Демократияны дамыту мониторингі халықаралық институтының сарапшылары дайындаған демократиялық сайлаудың халықаралық стандарттарына Әзербайжан заңнамасының сәйкестігі туралы қорытындыны Фархад Абдуллаевқа берді. Топ үйлестірушісі сонымен қатар ұзақ мерзімді мониторинг барысында байқаушылар жасаған қорытындымен бөлісті.
Сот төрағасы өз кезегінде сайлау қоғамдық-саяси өмірдің маңызды процестерінің бірі және демократиялық қоғамның маңызды көрінісі екенін атап өтті. Сондай-ақ Конституциялық Соттың қалыптасу кезеңдері, өкілеттіктері мен функциялары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.