Бір-екі жан-жануардың жазым болуы жалпы табиғи жағдай екені түсінікті. Тіпті ондай шығынның өзі жерде жатпайды. Табиғаттың өз «дала санитары» бар. Бір өлексе бірнеше жануардың қорегіне айналады. Ал саны жүз емес, мыңнан асса, бұл – шетін мәселе. Бұл ретте Маңғыстау өңіріндегі мыңдап қырылған аққудың және басқа да дала тағыларының неден өліп жатқаны туралы зерттеуші маманнан сұрап көрдік.
2023 жылғы желтоқсан айынан бастап Ақтау қаласының маңындағы Қаракөлде мыңнан аса аққудың өлексесі табылды. Дәлірек, биылғы қаңтардың 18-іне дейін 1 018 құстың өлексесі тіркелді. Оның 45-і Қарақия ауданынан табылған. Қаракөл – негізінен жасанды көл. Бұл – қыс мезгілінде жан-жақтан ұшып келетін сан түрлі құстың қыстайтын мекені. Алайда биыл онда қыс қолайлы болмаған сыңайлы. Өйткені мыңдап қырылған аққудың жағдайы ондағы жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызып, қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде әртүрлі болжамдар айтылды.
Бұған қатысты құзырлы орындар тек жағдайдың тексеріліп жатқанын ресми мәлімдегенімен, қорытынды нәтижесін жариялаған жоқ. Жалпы, солай болып келеді. Былтыр да Каспийде итбалықтар мен бекіре тектес балықтардың қырылғаны айтылды, тексеріліп жатқаны жазылды, бірақ нәтижесі жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Өркениетті әрі ашық қоғамда экологияға қатысты кез келген келеңсіз жағдай кәсіби мамандардың зерттеуінен кейін қорытындысы ашық айтылуға тиіс. Әйтпесе, қоғамда түрлі қауесет тарап, жұрт дүрлігісіп қалатыны бар.
Осыған орай ветеринария ғылымдарының кандидаты, доцент Әділқасым Жақыпбаевтан жағдайдың жай-жапсарын сұрап көрдік. 55 жыл тәжірибесі бар зерттеуші маман аққулардың жаппай қырылу себебін құс тұмауы немесе көлге құйылатын қалдық судан улану емес екеніне сенімді. Оқиға орын алғаннан кейін Астанадағы Ұлттық ветеринария орталығы аққулардың неден өлгенін білу мақсатында Маңғыстауға барып, бәрін қырағы зерттеген. Оның құрамында Әділқасым Жақыпбаев ақсақал да бар. Зерттеуші маман аққулардың жаппай қырылуына байланысты оқиғалардың хронологиясын егжей-тегжей тексеріп шыққанын айтады.
«Барған соң бірден өлген аққулардың салмағын өлшеп көрдік. Әдетте аналық аққудың салмағы 5,5 келіден жоғары, аталық аққудың салмағы 8-9-ға дейін барады, ал бір жасар аққу 4,5 келі немесе одан жоғары болады. Алайда өлген аққулардың салмағы 4 келі 200 грамм шамасында шықты. Көбі осы мөлшерде. Одан кейін аутопсия жасап (жарып) көрдік. Денесінде бір майы жоқ болып шықты. Қара еті ғана қалған. Тіпті жүрек майы да түгесілген. Бұл екі жайт – ашығып өлудің белгілері. Сөйтіп, аққулардың аштықтан қырылған деген тұжырымға келдім», дейді маман.
Алайда бұған дейін орнитологтер мен экологтер бұл жағдайға құс тұмауынан болды деген тұжырым жасаған еді.
«Тұмауы бар құстар табылған. Ол көп емес. Мәселен, H5N1 типті құс тұмауынан аққулар жаппай өлуі мүмкін емес. Мұндай белгілер біраз аққудан шықты. Ол жерде аққудан да басқа құстар бар, егер құс тұмауы болса, басқа құстар да қырылатын еді ғой. Сондықтан аққулар аштықтан өлді деуіме тағы да мынандай дәйектерім бар. Мәселен, желтоқсан мен қаңтар айларындағы температура көрсеткіштерінің күнтізбесіне қарасаңыз, мұндай кезде Қаракөлдің таяз жағалауы қабыршықтанып қатып қалады. Ал өлген аққулардың көбі – бір жасар аққулар. Ол көлдің терең жерінен балдыр алып жей алмайды. Үлкен аққулардың мойыны 1 метр тереңдікке дейін жетіп, балдыр алып жей береді. Жас аққулардың оған мойны жетпейді», дейді зерттеуші.
Осы ретте біз ғалымнан «Аққулардың бұлай қырыла беруін тоқтатуға бола ма?» деген сұрақты көлденең тарттық. Оған да жауабы дайын болып шықты.
«Мен бұған қатысты ұсынысымды Маңыстау облысының әкімі Н.Ноғаевқа жазған хатымда көрсеттім. Әзірге хат әкімге жетпеді ме екен, жауап келмеді. Бұл мәселені қалай тыңғылықты шешуге болатыны жөнінде сол хатта жазылған. Қысқаша айтқанда, құстарға жем шашу керек. Өйткені жоғарыда нақты айттым, аққулар аштықтан өлген. Мәселен, ондай аяз қатты болған кезде көлдің шетіндегі мұздарды жарып шықса да жеткілікті, құстар өз жемін алып жейді. Ал қазір аяздың беті қайтты, бірақ олар әлсіреп қалғандықтан, әлденіп қатарға қосылып кеткенше жем шашып аман алып қалуға болады», дейді ол.
Аққулар Қызыл кітапқа енбеген жануарлардың қатарында. Ендеше оларға не себепті тегін жем шашу керек деген сұрақтың туындауы заңды. Бұған да зерттеуші маманның жауабы бар екен. Оның айтуынша, егер құстар көп қырылып, өлексе көбейсе, ол сол ортаны ластайды. Екіншіден, басқа жануарларға зияны тиюі кәдік, яғни одан түрлі ауру тарауы мүмкін. Сондықтан күн жылынып, көктем келгенше оларды аман сақтап қалу ең бірінші экологияны таза сақтау, одан соң табиғатқа деген жанашырлық болмақ.
Еріктілер тіпті жергілікті тұрғындардың күшімен аққуларға жем тастауды ұйымдастыруға тырысқан. Алайда орнитологтер оларды нақты себебі әлі белгісіз, өйткені құс тұмауының вирусы адамдарға да қауіпті болуы мүмкін деп тоқтатып қойған. Маман мұның қате қадам екенін айтады.
9 қаңтарда экологтер «Rixos» қонақүйінен көлге қалдық су шығарындыларын зерттеп жатқаны туралы ақпарат тарады. Расында, әлеуметтік желіге тараған бейнеде қонақүйден шыққан судың Қаракөл көліне құйылып жатқанын көруге болады. Жергілікті жұртшылық қалдық су аққулардың жаппай өліміне себеп болды деп болжайды. Сөйтіп, одан экологтер сынама алды. Алайда «Rixos» қонақүйінің бас менеджері Серік Исағалиев қонақүйден су тазартылған күйде Қаракөл көліне құйылатынын және бұл бұрын орталық кәріз жүйесіне қосылмай тұрғанда мақұлданғанын алға тартады. Бұған қоса кеше «Қаракөл көліне қалдық су құятын құбыр тоқтатылды», деп мәлімдеді қонақүй әкімшілігі.
Маңғыстаудағы итбалықтар мен басқа да балықтардың қырылу себебі неден болғаны туралы да маманнан сұрап көрдік. Оның айтуынша, ескі мұнай ұңғымаларының орнын кезінде дұрыс жаппағаннан болған.
«Былтыр итбалықтар мен бекіре тектес балықтар қырылды. Оларды да тексеруде болдым. Арнайы екі балықты алып келіп орталықта зерттеп көрдік. Нәтижесінде, балықтардың бойында мұнай қалдықтары бары анықталды. Оның себебі – ол жерде жүз жылдан бері мұнай қазылған. Сол мұнай ұңғымаларын бетонмен бітеу керек. Кейбір жерлерде ол дұрыс жабылмаған. Мәселен, итбалықтар көктемде теңіз жағасына келеді. Сол кезде көлдің жағасы майланып жатады. Балықтар содан уланған», дейді Ә.Жақыпбаев.
Зерттеуші бұдан енді балықтарды қорғау қиын екенін айтады. Оның айтуынша, балықтарда еліміздегі басқа көлдерге жерсіндіру арқылы сақтап қалуға болады.
«Каспий теңізіндегі итбалықтарды басқа көлдерге көшіруге болады. Мысалы, Арал теңізіне, Балқаш көліне немесе Сасықкөлге. Өйткені еліміздегі көлдер мен теңіздер – бір теңіздің түбі. Уақытша аман сақтау үшін майланып жататын жағалауларға мұнай секілді улы заттарды сорып алатын құрылғы орнатуға болады», дейді ол.
Естеріңізде болса, 2015 жылдары елімізде киіктер жаппай қырылғаны белгілі. Оның себебі әртүрлі жұқпалы аурулардан болды деген болжам айтылған еді. Алайда маман бұл негізгі себеп емес екенін айтады.
«Киіктер қырылғанда оның неден өлгенін зерттеп, қорытынды жасаған мамандардың бірі мен едім. Ол кезде киіктердің неден қырылғаны жөнінде дұрыс ақпарат таратылмады. Бірақ мен сол кезде де айттым. Оның бірден-бір себебі кене болатын», дейді ветеринария ғылымы.
Ғалымның болжауынша, қазіргі ауа райының жылы болуына байланысты биыл тағы да киіктер кенеден қырылуы мүмкін екенін айтады.