Бүгін тағдыр сынына мойымаған кәсіпкер, облыстық мәслихаттың төрт дүркін депутаты Нұрмұрат Ерманов жайында әңгіме өрбіткелі тұрмыз.
Бала Нұрмұрат ауыл мектебін үздік бітірді. Әдебиетті, өнерді жанындай сүйді. Атасы Ерман қарт балам ақын-жазушы болар деп үміттенді. Ал анасы Әбила «Беларусты» жүргізетін шебер-механик болса дейтін. Әкесі Наят ата оң қолынан өнері тамған ағаш ұстасы еді. Бәлкім, Нұрмұраты тақтайдан ою-өрнек жасайтын ұста болар деп ойлаған. Жоқ, бала Нұрмұрат орта мектепті бітірген бойда Алматыдағы сол кездегі атағы дүркіреп тұрған СХИ-ға аттанды. Қас-қағым сәтте бес жыл өте шықты. Қармақшыдағы кіндік қаны тамған Жаңажол ауылына оралды. Өз ісін мұқият атқаратын жас жігіт төрт-бес жылдай инженер тізгінін ұстап, атақ-абыройға бөленді. Отау құрды. Ақылына сымбаты сай жары Қалимаштан Алмат, Қайыржан, Торғын, Гүлжанат сынды ұл-қыз сүйді.
Бірде жаңадан құрылып жатқан Қызылорда ағаш өңдеу зауытына бас инженерлікке конкурс жарияланды. 20 шақты үміткер бақ сынап, конкурсқа түсті. Топ жарған Нұрмұраттың бағы жанып, ағаш өңдеу зауытына инженер болып шыға келді, зауыттың тасын өрге домалатты. Жер-жерден жаңа құрал-жабдықтар, станоктар алдырып, техникалық базасын нығайтты.
Бірде Нұрмұрат сүйікті қарындасы Зина екеуі ауылға тартты. Астында бас инженерге берілген су жаңа «Зил 130» көлігі бар. Жаңа көлік жер апшысын қуырып, жүйткіп келеді. Зина екеуінің әңгімесі таусылар емес. Осылайша, әңгіме-дүкен қызып, Жалағаш тұсындағы бұрылысқа келіп қалғанын білмей қалды. Рульді шұғыл бұрды. Көлік аударылып, үш домалады. Дала жым-жырт. Нұрмұрат көлік астында оң қолын шығара алмай, шарқ ұрып жатты. Ал сүйікті қарындасы ауыр соққыдан фәни дүниеге аттанып кеткенінен бейхабар. Үлкен жолдың бойымен әншейінде ерсілі-қарсылы ағылған көлік толастамаушы еді. Бүгін біреуі жоқ. Сегіз сағат бойы Нұрмұрат көлік астында жатты. Кенет көлік гүрілі естілді. Балық аулауға шыққан үш орыс жігіті екен. Дереу аударылған көлікті орнынан қозғап, ес-түссіз жатқан Нұрмұратты Жалағаш ауданының орталығындағы ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер суыт қимылға шықты. Облыс орталығынан дәрігерлер шақыртты. «Операцияны осы жерде жасамай болмайды. Азаматты облыс орталығына жеткізу көп уақыт алады, қалайда осы жерде аман сақтап қалудың қамына кірісу керек», деп дәрігерлер бір шешімге келді.
Не істеу керек? Әбден жаншылған оң қолды иықтан кесу керек. Сонымен, отыздың қырқасына шыққалы тұрған азаматтың оң қолы иықтан кесілді. Алпамсадай арыстай азамат лезде домаланды да қалды. Міне, тағдыр... Ауруханада ұзақ жатты. Көп ұзамай облыс орталығындағы ауруханаға жеткізілді. Барлық ем қолданылды. Білікті дәрігерлер түн ұйқысын төрт бөліп, азаматтың сауығуына күш салды.
Бәрі есінде. Содан Нұрмұрат алты айдай емделді. Отбасына оралды. Бойын тіктей бастады. Сүйікті жары Қалимаштың осы бір қиын сәттегі демеу құшағы бәрінен бөлек болды. Нұрмұрат біртіндеп көшеге шығады, аула алдындағы орындыққа отырады, сәл-пәл серуендейді. Көзі түскендер аяған кейіп байқатады, мұны сезген сәтте жасып қалғандай болады, сәлден соң қайрат шақырады, қуат жинайды.
Жата-жастанып кітап оқиды. Қайсыкүні жары Қалимаш ақын Ілиястің жырлаған «Құлагері» мен Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын кітапханадан әкеліп бергені бар. Бас алмай оқыды. «Менің жерлесім, Социалистік Еңбек Ері Қасымтай Ізтілеуовтің екі аяғы жуан саннан жоқ, бірақ ол темір тұлпарды Ақжарда жүйткітіп жүр. Ал аяқ-қолы семіп қалған, көз жанарына әйнек орнатқан жазушы З.Шүкіровті журналист Ұ.Бағаев «Құрыш қазақ» деп тамсана жазды ғой. Механизатор Ж.Таспамбетова ше, бір аяғы комбайн штурвалына оралып, кесіп кеткенде рульге отырып, қазақ қызына тән батылдық танытты. Ал мен осыларды көріп неге мүжілуге тиістімін. Жо-жоқ, мен жұртты замандастарымды еңбекке шақыруға тиістімін», деп ой түйді Нұрмұрат.
Азаматтың өткен күндері бәрі көз алдында сайрап тұр. Бірер жыл көшеге шығып балмұздақ, папирос, шемішке сатты, арсынбады, тиыннан пұл құрап, отбасын асырады, біртіндеп қор жинады. Дүниеге жекешелендіру дүрбелеңі келді. Баяғы өзі еңбек еткен Қызылорда ағаш өңдеу зауыты тығырыққа тіреліп, жекелердің қолына өтті. Жұрт жаппай жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Нұрмұрат әрі ойланып, бері ойланып «Бабас» атты жауапкершілігі шектеулі серіктес құрды. Ағайын-туғандардың басын қосып, өзіне орынбасарлыққа інісі Жанат Ермановты тағайындап, өзі директор тұтқасын иеленді. Сонымен, «Бабас» серіктестігі әуелінде ағаш өнімдерінен есік-терезе, жиһаз түрлерін шығаратын кәсіпорынға айналды. Үш жыл ішінде айналымда 4-5 млн қаржысы бар үлкен ұжым атанып, өнімге сұраныс молая түсті.
Бәрі аңыз сияқты. Сол баяғы «Бабас» қазір қаладағы Мұратбаев көшесіндегі бес қабатты ғимаратқа қоныс тепкен. Кәсіпкер Нұрмұрат Ерманов бір кездері құлауға айналған бес қабатты жатақхананы сатып алып, қазір танымастай жөндетіп, ғимаратқа бірнеше кәсіпкердің басын қосып отыр.
«Бабас» серіктестігінің абыройы жылдан-жылға артып келеді. Серіктестік Қармақшының Жаңажол ауылында жүздеген гектар күріш егіп, тонналаған Сыр маржанын жер-жерге жөнелтуге мүмкіндік алды. «Бабастың» қала орталығында құрылыс материалдарын сататын базары да бар. Қала сыртында 200-ге жуық түйе, жылқы өсіретін, оның өнімдерін қала дүкендеріне сататын шаруа қожалығының ісіне сүйсінбей болмайды.
Азамат, кәсіпкер, депутат Нұрмұрат Ермановтың еңбегі бағаланып, «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Қазір облыстық тәртіптік кеңестің кеңесшісі, мүгедектер мұң-мұқтажын қорғайтын білікті заңгер.
Туған жері Жаңажол ауылындағы мектепке, балабақшаға әркез көмектеседі. Қызылорда қаласындағы бірнеше көше асфальтталып, су жүйелерін тартуға қаржы бөлгенін тұрғындар жиі ауызға алады. Қала іргесіндегі Махамбетов ауылына амбулатория ашуға мұрындық болды. Жоқ-жұқа жандарға, студенттерге қаржылай көмектесуді парыз санайды. Өзі отырған ғимарат жанынан «Заң консультациясы» кеңсесін ашып алған. Тұрғындар кеңес алатын нағыз орталыққа айналды. Жұмыссыз жүргендерді еңбекке орналастыруды ойдан шығармады.
Біз білетін Нұрмұрат – қазір нағыз кемел шағында. Бейне бір құрыш қазақ десең, жарасады.
Тағы бір жаңалық хабар естідік. Таяуда кәсіпкер Н.Ермановтың үлкен суретін Бейбарыс сұлтан даңғылына ілу туралы қала әкімінің шешімі әзірленіп жатқанынан хабардар болдық. Бұл құрмет – кәсіпкер еңбегінің жемісі.
Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
журналист
Қызылорда облысы