• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Басылым 08 Ақпан, 2024

Бәрінің бастауы бар

233 рет
көрсетілді

Қаламмен қағаз жүзіне кесте әдіптеп келе жатқан ата жазушы Өмір Кәріпұлының «Бастау» атты романы қолыма тиді. Алматыдағы «Алгоритм» баспасынан 2022 жылы 500 данамен автордың өз қаражатына бастырылып шыққан кітаптың «Бастау» деп аталуы да тегін емес.

«Дүм-дүниенің қайнар көзі – бас­тау. Бастаусыз еш нәрсе молығып көбеймейді. Бастаудың пәрмені жаратушымен деңгейлеседі. Жаратушы бар болса, бастаудың да бар болғаны. Құдіретті Жаппар Һақ барша жанды-жансызды уақыттың пәрменіне бағындырып, соның дегенін болдырып қойған. Уақыттың құзыры «бастауға» жүре қоймайды. Неге десең, бастау әу баста бар. Бар нәрсе жоғалмақшы емес. Бастаусыз адамзат баласы адасу­шы­лыққа ұшырап, тек-тамырынан көз жазады. Уақыттың құлына айналып, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылады. Есіл-дерттері дүниеге ауып, тойымсыз ындынға бой алдырады. Баққұмарлыққа салынып, бір-бірімен жаға жыртысады. Дүниенің боғына бола итше ырылдасады, атысып-шабысады. Түп себебіне келсек, бастауға барып тіреледі. Бассыз адам болмақшы емес, бастаусыз халық та жоқ. Жер-жаһанды билеп-төстеуге бет алған ғаламдану «Бастаудың» жауы. Аз халықты жұтып салатын айдаһар...», дейді романдағы кейіпкерлердің бірі. Жазушы бастаудың барша адамгершіліктің, рух дүниесінің қайнары екенін аңғартады.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында батыс ойшылдары Ноосфера атты жаңа ғылым, жаңа ұғымды дүниеге әкелді. Бұл ұғым адамзат санасының табиғатпен астасып, жаңа заман ағымын, дамудың жаңаша үрдісін алға тартар құбылысты негізге алады. Жазушының Бастауы осы Ноосфера зерттейтін алғашқы жаратылыс пен бар игілік, адами құндылықтың қайнары деуге болады. Өткен ғасыр ортасынан бастап, адамзат баласы Жер шарына толық иелік етіп, ғаламшарға геологиялық, экологиялық өзгерістер жасай бастады. Бұл өзгерістер ұлғая келіп, қазіргі таңда Жер жарықтықты үлкен экологиялық қатерге душар қылып отыр. Жер шары өзінің табиғи қуат-қайнары арқылы әу бастағы тұнық-тұма, таза қалпына келе алатын қасиетінен жыл өткен сайын айырылып барады. Оған ғарышқа ұшып, топырақ қыртысын қопарып, ауаға у шашып, суды лайлаған адамзат өркениеті кінәлі. Ол бергі жағы. Ал қазір аспанды апырып, жерді жапырып отырған адам баласы да тура Жер анасы секілді өзінің тұнық-таза, бейбіт кезіне орала алмайтын халге жетіп қалды. «Кірлеген жүрек өз ішін тұра алмас әсте жуынбай» деп Абай айтқан таза жүрек заманы өткен. Міне, жазушы осыны тіке айтып отыр. Біз қайда барамыз? Даланың аңын бітіріп, сәнін құртып, көкорай шалғын жайлауларды тақырға, өзен-көлді сорға айналдырдық. Қаланың тірлігі алқынған ақпаратты қорытумен тиянақталады. Қала адамы күні мен түнін айырмас, шала ұйқы, шала есті жүрдім-бардым күйкі пендеге айналғалы қашан! Романда осы бүгінгі аянышты ахуалымыз әр бөлімнен-ақ аңғарылады...

Кітапта кейіпкерлер мен өрбіген оқиғалардың бірнеше параллелі ұтымды берілген. Бас кейіпкерлердің бірі – қорықшы, классикалық дәстүрді ұстанатын дарынды сазгер Келес пен атаққұмар әнші, сазгерсымақ Ерсін арасындағы, Келестің жасында сүйген қызы Ақшагүл мен тағдыр қосақтаған жары Орынша арасындағы, дөй даланың соңғы қасқыры Жетім бөрі мен арқарлар, киіктер, браконьерлер арасындағы қайшылыққа толы оқиғалар сәт сайын шиеленісіп, айғай-шулы ақпараттың өткінші Кеңістігінен романның мәңгі Уақытына санаңды сүйрей жөнеледі. Романда Келестің кезіндегі досы, кейіннен ата жауына айналған Ерсін қаланың ит асыраушы байшыкеші болса, Келес – аспанмен, таумен, қала берді қасқырмен сырласатын даланың дарқан дарыны. Ерсін, Келес пен Оңал ақын үшеуінің достығы ақыр соңында үлкен қастыққа ұласып, оқиға достардың бір-бірін оққа байлауына дейін ширығады. Сазгердің сүйгенін Ерсін айналдырып, қолына түсіреді. Келес болса Ерсіннің қарындасы Орын­ша­мен отау құрады. Халтурщик әнші, сазгерсымақ, «итбегі» Ерсін бас қалада тұрса, түрмеден жазасын өтеп шыққан дарынды сазгер қиян даладағы Қызылсүйір тауының етегінде ғұмыр кешеді. Ерсін браконьерлердің жолбасшысы болса, Келес – даланың қасқыр, киігінің сырласы, табиғат жанашыры, қорықшы.

Романдағы кейіпкерлердің прото­тип­тері бәрімізге етене. Бірі сазгер болса, екіншісі – ақын, үшіншісі – атаққұмар «халтурщик», одан қалды – бақытсыз сұлу, көмпіс келіншек, жаралы қасқыр мен азалы киіктер. Бәрін де танимыз ғой – әркімнің ішінде бұғып жатқан персонаждар. Бәрі де маңымызда жүр ғой. Роман кеңістігіндегі оқиғалар да осы кеше-бүгін болып жатқан жайлар. Арқаның соңғы бөрісі оққа ұшқан күні ұлы зобалаң пандемия басталады. Даладағы дарқандық қаланың қым-қуыт жанталас өмірімен қатар суреттеледі. Әдеби шындық өмірдегі оқиғалардың үстінен қарап, романның мәңгі уақытын анықтап береді. Ол оқиғалар біздің басымыздан кеше де, бүгін де өткен, ертең де айналсоқтап өте беретіні анық.

Жазушы осынау күрделі заман туралы күрделі дүниені оқырманына оңтайлы түсіндіру үшін қазіргі әдеби кеңістікте жаңалықша қабылданып келе жатқан «Мистикалық шындық» әдісін пайдаланады. Кәдімгі адам өмірі ертегімен астасатындай, мифтік ой-сана ағымы, жанды мен жансыздың бірлігі, адамның аңға айналуы, аңның адамша ойлап, тіл бітуі, зарын төгіп, адамды пана тұтуы – бәрі-бәрі мистикалық шындық деңгейінде ұтымды суреттелген. Автор бізге «осылай да, осылай» деп баяндап әуре болмайды. Болған жайды сөз суретімен, бейнелі ой, қиял қуатымен көз алдымызға әкеледі:

«Қасқыр жандалбасамен өзінің адамша сөйлеп кеткенін есепке алмады. Жүріп-жүріп кеп, оншадан-мұншада екі аяқты жан иесіне тән қабілетпен өткен-кеткенді қопсытқанын есіркеп-елей қоятын кім бар дейсің? Айдалада азынаған жетім бөрінің біресе ит болып ұлып, біресе адамша зарлағаны ешкімге де таңсық емес. Темірге жан біткен дүбірлі кезеңді бастарынан өткеріп, «шайтан арбасын» құйындата ұшыртып, ерсілі-қарсылы зымырағандар жетім бөрінің байбаламын не қылсын! «Бөрі азығы мен ер азығы жолда» деп және жұмсақситыны бар. Сөйткен адам дегендерде ынсап-ұят қалмай барады. Пайда ойлаған өлермендер қара жердің қыртысына сұғынып, қара тасты да үгітіп жіберуге бар. Жер төсіне өң берген сандаған өскіндердің жұлма-жұлмасын шығарады. Ағаш біткенді қидалап, тал-теректі бұтарлап, көкөрім өскінді көктей солдырып, табиғатты тонаушылыққа ұшы­ра­т­қанын хайуан да болса сезінуге мәжбүр. Өсімдіктер дүниесінің жағдайы осы бол­ғанда, аңдар мен құстардың көрген күні күн емес...» дейді жазушы. Бұл табиғаттың ғана емес, рух экология­сы­ның көрінісі. «Бастау» осыны сезінуге үндейді. Адамзатқа әлі де ештеңе кеш еместігін айтады. Әлде, кеш қалдық па?..

Қазақ қана емес-ау, біз сынды «кенже ұлттардың» бәрі қазір үлкен таңдау алдында тұр. Техногенді өркениет дамуының алдына түсіп, озып кеткен өзге жұрт-жұраттар әлдеқашан әдебиетін, мәдениетін де дамытып, ұлтының ішкі шерін ақтарып, жазып та, айтып та үлгерген. Ал қазіргі өркениет кеңістігінің жазба әдебиеті өлшемдеріне салсақ, әлі де айтары-жазары көп, ішкі шерінен арыла алмай келе жатқан біз секілді ұлт қайтпек? Мың жылдар бойы күллі әлем айтып, жазып келе жатқан ақиқаттарды өз тілімізде, өз басымыздан өткеріп, жан-сарайымызда саралап айтып үлгереміз бе? Кез келген адам, топ, халық дамуы үшін өткенін толық ой елегінен, сана сарасынан өткізуі шарт. Өз кемшілігі мен қателіктерін мойындап, ар алдында жауап беруі шарт. Әйтпесе, алға басу жоқ. Бұл – тарихи уақыт дәлелдеген шындық. Ал біз әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін өз басымызға «жамап алып», толыққанды дами аламыз ба? Өркениет жүріп өткен жолды өз тағдыр-талайымызбен кешіп өтпей, көршілердің соқпағымен жүріп өте саламыз ба? Кеңестік кезеңде «феодализмнен коммунизмге өте шығып, капитализмнен оздық» деген жалған мақтан, жұбаныш КСРО кеңістігіндегі жұрт-жұрат, ұлт-ұлыстарды әлемдік өркениеттен жүз жыл артта қалдырғанын қазіргі заман көрсетіп-ақ отыр. Техникалық рахатшылықты былай қойғанда, ой-санамыздың өзі жабайы капитализмнің жетістіктерінен жаңа ғана аздап арылып, енді-енді алға қарап келеміз. Кез келген ұлт фольклорлық сана мен діни фанатизмнен толық арылғанда ғана нағыз өркениетке қол жеткеретіні анық. Бізде әлі сол фольклорлық сана – әлеужелілердегі ауыз әдебиеті мен қысыр сөз, айтыс, деген екендер, қалың жиналыс-отырыстардан, есеп беру үшін ел алдаудан арылмай отырмыз. Діни фанатизмнің жұқпалы дертімен ауырған замандастарымыз әлі ада-күде жазылған жоқ. Осындайда бізді құтқаратын жазба әдебиет пен үлкен ғылым ғана екенін кім ескереді екен?

Міне, атайы жазушының «Бас­та­уынан» осындай ойға қанықтық. Бірқатар сауа­лымызға жауап та алдық. Сауалға сауал­мен жауап жұптар екіұдайылыққа да ұрын­дық. Бүгінгі әдебиеттің де миссиясы осындай болса керек-ті...

 

Серік САҒЫНТАЙ,

жазушы