Алматы қалалық Әділет департаменті өткен жылы кәсіпкерлерден жалпы құны 16,7 млн теңгені құрайтын 16 774 контрафактілік өнімді тәркілеген. 2023 жылы құзырлы мекеме жүргізген 43 тексеру кезінде жоғарыда аталған сомаға тең жалған тауар, брендті бұйымдардың көшірмелері саудада жүргені анықталған.
Олар – ұялы телефондар, есептегіштер, сағыз, балалар ойыншықтары мен кәмпиттер. Заңсыз тауар айналымы темекі, алкоголь, бекіре, уылдырық, жанар-жағармай өнімдерін де айналып өтпейді. Оның ішінде ауыл шаруашылығында аса сұранысқа ие пестицидтер де бар.
Департамент басшысы Балайым Кесебаева атап өткендей, тексерулер авторлық құқық иеленушінің сенім білдірілген өкілдерінің және авторлық құқық иеленушілердің өздерінің өтініштері негізінде жүргізіледі. Яғни мұндай тексерулер құқық иеленушісінің немесе сенімхат бойынша құқық иеленушілердің өкілдердің өтініштері негізінде іске асады.
«Тексерулер негізінен сауда орталықтары, базар, бизнес орталықтары мен танымал брендтердің тауар белгілерін заңсыз пайдалана отырып, контрафактілік тауарларды әкелетін, сататын, сақтайтын қоймаларда жүргізіледі, олардың өндірісі белгісіз және сапасы күмәнді», дейді департамент басшысы.
Алматы қалалық Әділет департаменті құны 1,6 миллион теңге болатын «Apple», «iPhone» тауар белгісінің заңсыз бейнесі бар 4 мыңнан астам контрафактілік өнімді де тәркілеген. Сот қаулысына сәйкес оңай олжаға құныққандарға айыппұл салынып, тәркіленген тауарлар жойылады. Алайда осының бәріне қарамастан, заңсыз сауда айналымы өршіп тұрғанын жоққа шығаруға болмайды. Сөзіміз айғақты болуы үшін, TRACIT халықаралық үкіметтік емес ұйымының (Заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі трансұлттық альянс) Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Орталық Азиядағы заңсыз саудаға қатысты жүргізген зерттеулеріне, оның ішінде контрабанда мен контрафактіге байланысты алғашқы есебіне сүйенуге болады. Ұйым сарапшылары Орталық Азия елдері алдында, атап айтқанда, жақын көршілерімен өте тығыз экономикалық байланыстағы Қазақстанды да айналып өтпейтін жаңа экономикалық сын-тегеуріндерді төмендегідей талдайды.
Қазақстан ДСҰ мен ЕАЭО-ға мүшелігімен қатар, «Бір белдеу, бір жол» жобасының жерүсті инфрақұрылымындағы маңызды бөлігі екендігі аян. Осы жобалар аясындағы өзара іс-қимыл, барыс-келіс, сауда-саттық жаңа мүмкіндіктерге ғана емес, заңсыз сауданың қарқын алуына да жол ашып отыр. Елге заңсыз тасылған тауарлар көп жағдайда FMCG сегментінен болса, олар – темекі, алкоголь, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек пен аксессуарлар, сондай-ақ жанар-жағармай өнімдері. Дегенмен, контрафактілік темекі мен ішімдіктер, сондай-ақ дәрі-дәрмектер жетекші орын алады. Бірқатар экономикалық факторға байланысты сұйытылған мұнай газының контрабандасы да өсіп жатқаны байқалады. Оған қоса бекіре тұқымдас балықтардың, қымбат уылдырықтардың да көлеңкелі айналымына байланысты заңсыз балық аулау үлкен алаңдаушылық туғызады.
Ал заңсыз сауда айналымының дамуына қандай факторлар ықпал етіп отыр? Бұл – қорғалмаған шекара, бейресми «сұр» экономиканың орасан зор көлемі, реттеуші және құқық қорғау жүйелеріндегі кемшіліктер, сыбайлас жемқорлық, айыппұлдар мен көлеңкелі схемаларды ауыздықтау жөніндегі шаралардың жеткіліксіздігі, яки әлсіздігі, «қарақшылық» контенттің орасан зор көлемі. Бұған Орталық Азия елдеріндегі зияткерлік меншікке деген құрмет деңгейінің төмендігі де кіреді.
Осы орайда TRACIT сарапшылары заңсыз саудаға тиімді қарсы тұру үшін елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске және контрабанда мен контрафактіге қарсы іс-қимылды жетілдіруге ықпал ететін бірқатар шараны іске асыру, сондай-ақ халықтың және негізгі ойыншылардың адал және ашық сауданың маңыздылығы туралы хабардарлығын жүйелі түрде арттыру қажет екендігін атап өткен.
Сол сияқты трансұлттық альянс өз есебінде бірқатар нақты нұсқау берді. Мысалы, сарапшылар мемлекетке заңсыз саудаға қарсы күрес жөніндегі бірыңғай ведомствоаралық үйлестіруші қажет деп есептейді. Жеке секторды ынтымақтастыққа шақыра отырып, дәйекті салық саясатын жүргізу маңызды.
Аталған ұйым шекараларды контрабандадан қорғауды жақсарту үшін «транзитті үзу» немесе жалған транзит деп аталатын схемаларды жою арқылы көрші мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтуді ұсынады. Құқық қолдану саласында да өзгерістер қажет. Яғни контрабанда үшін қылмыстық жазаны қатайтып, ұлттық деңгейде ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту маңызды.
Сарапшылар акциздердің үнемі өсуіне байланысты темекі контрабандасы қарқынды дамып келе жатқанын дәйектейді. TRACIT-тың саясат жөніндегі аға кеңесшісі Эстебан Джудичи ұйымның мәліметтері бойынша заңсыз темекінің негізгі көзі – БАӘ-дегі зауыттар мен фабрикалар екенін алға тартады. Қалай болғанда да, нарықта жалған темекі өнімдердің үлесі артып келе жатқаны үлкен алаңдаушылық тудырады.
Мәселен, Үкіметтің мәліметінше, еліміздегі темекі өнімдерінің ішкі нарықтағы заңсыз саудасының үлесі 2020 жылы небәрі 1,6 пайызды құраған, алайда аналитикалық топтардың есептері оның 2021-2022 жылдары шамамен 3-6 пайызға жеткенін және өсуін жалғастырып келе жатқанын көрсетеді. Өкінішке қарай, Қазақстан Беларусь және Қырғызстанмен қатар Ресейге және одан әрі Еуропа елдеріне темекі контрабандасының транзиттік бекеті іспетті болып отырса, бұған – темекінің салыстырмалы түрде бағасы арзан, шекарадан өтудің жеңілдетілген шаралары және жеке пайдалану үшін мемлекеттер арасында темекі тасымалдауға тыйымның жоқтығы себеп болып отыр.
Оған қоса, контрабандалық және контрафактілік дәрі-дәрмектер нарығының ауқымы да сарапшыларды аса алаңдатады. Сонау 2016 жылы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ басқарма төрағасы Қазақстан нарығында сатылатын дәрі-дәрмектердің 70%-ға жуығы лицензиясыз немесе контрафактілі өнім екенін мәлімдеген болатын. Өкінішке қарай, сол уақыттан бері көп нәрсе өзгере қоймаған. Айта кетейік, «Қазақстанның ашықтығы» ҚҚ есебіне сәйкес, Қазақстан ДСҰ-ға ұсынған деректерге сәйкес, 2013 жылдан 2017 жылға дейін елімізге импортталатын өнім көлемінің төмендеуі байқалды, ал ЕАЭО бойынша әріптес елдердің есебі кері статистиканы алға тартады. Бұл деректерде Қазақстанға экспортталатын тауарлар көлемі жыл сайын өсіп отырған. Бұл ретте, фармацевтикалық өнімдер осы рейтингте екінші орынға ие болса, бұл дәрі-дәрмектердің көлеңкелі нарығының үлкен көлемін айқын көрсетеді.
Сол сияқты пестицидтер – бүкіл Орталық Азияда кеңінен сатылатын, сұранысқа ие тауардың бірі. Өкінішке қарай, бұл өнімнің үлкен көлемі, өсіп келе жатқан пайызы заңсыз тіркеледі және жиі жалған болып шығады. «CropLife International», ЭЫДҰ, EUIPO, IDSF және FICCI ұсынған мәліметтерге сәйкес, Орталық Азияда сатылатын барлық пестицидтің төрттен бір бөлігі – жасанды, жалған тауарлар. Өз кезегінде заңсыз пестицидтердің келетін зияны орасан және ауылшаруашылық өнімдерінің сапасы мен ауылшаруашылық жерлеріне тікелей қауіп төндіреді. Ал Қазақстанға контрафактілік пестицидтердің негізгі жеткізушісі – Қытай болса, контрафактілік тұқымдарды жеткізу бағыты Ресейден Қазақстанға дейін созылады, содан кейін көрші елдерге таралады.
Ал Қазақстанның кейбір өңірі мен қаласы жоғары тәуекел аймақтары ретінде айқындалған. Соның ішінде Алматы және Алматы облысы, Шымкент, Сарыағаш, Жамбыл, Павлодар және Қостанай облыстары бар. Заңсыз жеткізушілер негізінен OLX жеке хабарландыру платформасын пайдаланады, сонымен қатар «WhatsApp», «Telegram», «Ozon» секілді байланыс арналары арқылы фермерлер мен тұтынушылармен байланысады. 2022 жылдан 2023 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда осындай контрафактілік өнімнің 2 мың килограмнан астамы тәркіленген. Алайда сарапшылар бұл теңіздегі тамшы ғана деп есептейді.
Заңсыз саудамен күресу үшін құрылған ірі халықаралық компаниялар мен ұлтаралық салалық қауымдастықтардың альянсының сарапшылары «Орталық Азиядағы заңсыз сауда айналымын тежеу кешенді тәсілдерді, бірігіп қимылдауды талап етеді және жеке сектор мен мемлекет күш біріктіргенде ғана мәселені тарқата алады» дейді.
АЛМАТЫ