• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 08 Ақпан, 2024

Істің көзін табуға септеседі

119 рет
көрсетілді

Әр өңірде қысқамерзімді оқу курстарынан өтіп, соның шарапатын көріп отырған тұрғындар баршылық. Елорда әкімдігі тәжірибе жинап, жұмысқа орнығуды көздегендерге мейлінше жағдай жасауға ниетті екенін биыл да байқатып отыр.

Елорданың жұмыссыз тұр­ғындарының қысқамерзімді курстардан өтуіне мүмкіндік мол. Жұмыс берушімен келісім арқылы тікелей сол жұмыс орнында оқып, жаңа мамандығына машықтана алады. Мұның жай-жап­сарын Астана қаласы­ның Еңбек мобильділігі орталы­ғының директоры Олжас Омар елорданың коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәс­лихатында айтып берген еді. Со­ның ішінде жастарды оқы­ту және өз ісін ашуды ойлас­тыр­ғандарға гранттар, несие беру бағдарламасына екпін қойды.

Еңбек мобильділігі орталы­ғы қызметінің маңызды ба­ғыт­тарының бірі – кадр даяр­лау, қайта даярлау және жұ­мыс­сыздарды кәсіптік оқыту. Кәсіптік оқыту де­­ген­нің өзі екі бағытта іске аса­ды. Бірін­ші, жұмыссыз азамат оқу ұйым­­дарында жұмыс беру­ші­лер­­дің сұранысымен оқудан өтуі­не болады. Екінші, жұмыс беруш­і­лердің жұмыс орнында тәжірибе жинайды.

Бұл бағдарламаға қатысуды ойлаған қала тұрғындары алдымен мансап орталығына жұ­мыссыз ретінде тіркелуі қа­жет. Оқыту мерзімі алты айға дейін созылуы мүмкін. Бұл мезгілде жұмыс берушілердің сұрауы бойынша оқудан өтетіндер 32 681 теңге мөлшерінде шәкірт­ақымен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ медициналық тексеруден өтуге 2 АЕК немесе 7 384 теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі екен. Оқыту жұмыс берушінің жұмыс орнында өтсе, оған 73 840 теңге (20 АЕК) жалақы төленеді. Бағдарлама түлектері оқуды аяқтағаны туралы куәлік немесе сертификат алады. Ең бас­тысы, тұрақты жұмысқа орналасады.

«Мансап орталығы халық­тың әлеуметтік осал тобына жеке бизнес ашуға гранттар береді. Бұл қатарда атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасылар, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік жәрдемақыларды алушылар, қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған адамдар болуы мүмкін. Өтініштер business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады. Жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелу керек», деді О.Омар.

Осы мүмкіндіктен құр қал­мауды ойлаған тұлғаның жеке кәсіпкер ретінде тіркелу мерзімі 3 жылдан кем болмауы керек. Гранттар 3 жылдан аспайтын мерзіммен бір рет беріледі. Үміт­керден «Бастау Бизнес» оқы­ту туралы сертификат, құ­жат­тарының business.enbek.kz порталында белгіленген талап­тарға сәйкестігі талап етіледі. Әрі комиссияның оң шешімі болуы керек. Осылайша, тұлға 400 АЕК (1 476 800 теңге) көлеміндегі грантты өтеусіз және қайтарымсыз негізде алады. Биыл Астана қаласының тұр­ғындарына осы сома кө­ле­мінде 125 грант ұсыну жос­парланыпты.

Мансап орталығы жастарға шағын несие де береді. Бұл бағдарлама 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Жұмыс істейтін жастар осы мүмкіндікті пайдаланып, ісін дөңгелетсе әбден болады. Себебі олардың жылдық 2,5% мөлшерлемемен 5 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндігі бар. Қарыз мерзімі – 5 жылға дейін (мал шаруашылығын дамыту үшін – 7 жылға дейін). Ескеретін жайт, үміткер өтінім берген сәтте жеке кәсіпкер ретінде тіркеу мерзімі 5 жылдан аспауы керек. Сондай-ақ кепілмен қамтамасыз етудің болуы міндетті шарт саналады.

Кепіл ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Мұндай мүлік болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыс­тарын және т.б.) тартуға болады. Сәті түсіп несие алып, іске кіріскендерге де өзіндік жеңілдіктер қарастырылған. Орайы келгенде жеңілдетілген несиеге өтінім қалдырарда сұ­ралатын құжаттардың тізбегі туралы хабарлағанымыз дұрыс болар. Бұл үшін әуелі үміткердің жеке басын куәландыратын құжат, сосын жоба бойынша бизнес-жоспары қажет. Содан кейін шоттың болуы туралы қызмет көрсетуші банктен анықтама, қаржы ұйымдарынан кредиттік берешек, оның ішінде мерзімі өткен берешек туралы анықтамалар, үміткердің жалақысын және өзге де кі­рістерін растайтын құжат сұра­лады. Осы құжаттардың басын қосып, Аграрлық несие кор­пора­циясына тапсырған соң, ма­ман­дар мұқият қарап, тиісті шешім шығарады.