Алматы облысында «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 9 мыңға жуық адам тегін қаржылық сауатын арттырмақ. Алты ауданда басталған оқытудың бірі Бәйтерек аулында өтті. Оған 40-қа жуық азамат қатысты.
«Биыл өңірде «Қарызсыз қоғам» жобасының кезекті оқыту кезеңі басталды. Жыл соңына дейін 8 500 азаматтың қаржылық сауатын арттыру жоспарланған. Қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ, Қарасай, Талғар, Жамбыл, Іле және Ұйғыр ауданында оқу курстары басталып кетті. Бір ғана Еңбекшіқазақ ауданынан 1 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Өткен жылы осы жоба аясында 8 мыңнан астам өңір тұрғыны қаражатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренді», дейді «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Аслан Көбентаев.
Ал Алматы облысы бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі, ментор Айгүл Жайлыбаеваның айтуынша, ауыл азаматтары қаражатты үнемді әрі тиімді жұмсауды бірте-бірте үйреніп келеді. Курсқа қатысушылардың кіріс-шығысты есептей білуі, қаржыны ұтымды жоспарлауы, дұрыс мақсат қоюы жайлы пайдалы мәліметтер алуына мүмкіндік молаяды.
«Тұрғындар қаражатты тиімді жұмсауды үйреніп жатыр. Осы мақсатта қатысушыларға түрлі дәріс өтіп, үй тапсырмасын береміз. Сондай-ақ өз кәсібін бастағысы келетіндерге, табыс табудың түрлі жолын көрсететін пайдалы мәліметтермен бөлісеміз. Сарапшылар кәсіпкерлерге сауатты есеп жүргізуді оқытады», дейді ментор.
Оның айтуынша, үш сағаттық оқыту бес күнге созылады. Курстарды қаржылық-экономикалық білімі бар және аудиториямен жұмыс істей алатын сарапшылар жүргізеді. Сондай-ақ жоба аясында борышкерлерге тегін заң көмегін көрсету жоспарланған.
«Жобаға барлық ниет білдіруші қатыса алады. Ол үшін «Amanat» партиясының филиалдарына немесе қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жүгіну қажет. Біздің міндетіміз – мүмкіндігінше несиесі көп, қомақты қарызы бар адамдарды көбірек қамту. Олар несиелерді мерзімінен бұрын өтеуді, инвестициялауды, қаржы пирамидаларын және интернеттегі алаяқтықты ажырата білуді үйренеді», дейді Айгүл Жайлыбаева.
Айта кету керек, «Қарызсыз қоғам» − халықтың қаржылық сауатын арттыруға бағытталған «Amanat» партиясы мен «Halyk Bank»-тің бірлескен бастамасы. Аталған жобада несие берешегі бар және борышкерлер тізімінде тұрған ауыл тұрғындары, қарызы бар және оның мерзімін өткізіп алған азаматтар, мемлекеттен жеңілдікпен несие алуға үміткер кәсіпкерлер оқи алады.
Бұған дейін жобаның алғашқы оқыту курсы 2 мамырда басталып, өңірдегі 9 аудан мен Қонаев қаласында жүзеге асырылған.
Алматы облысы