Мемлекеттік қызметтерді көрсету – мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының құрамдас бөліктерінің бірі. Адам дүниеге келгеннен бастап мемлекеттік көрсетілетін қызметтермен тығыз байланыста болады. Бүгінде азаматтардың уақытын үнемдеу, әкімшілік кедергілер мен қағазбастылықты жою мақсатында электронды көрсетілетін қызметтердің үлесі артып келеді.
Облыста 395 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Өткен жылы қызмет беруші мекемелер тарапынан 6 млн-нан астам қызмет көрсетілсе, соның 5 млн 151 мыңға жуығы жергілікті атқарушы органдар, 871 мыңнан астамы аумақтық мемлекеттік органдар үлесінде.
Электронды түрде қызметтер алу көрсеткіші 2022 жылы 97,8 пайызды құраса, былтыр 98,2 пайызға жетті. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» заңына сәйкес кез келген тұлға мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға және қызметті берушінің шешімдеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) белгіленген тәртіппен шағымдануға құқылы.
Сондықтан мемлекеттік қызметтерді көрсететін органдар үшін өз қызметінің сапасын арттыру, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының сақталуы басты қағида болуға тиіс. Дегенмен заңнаманың бұзылуына жол беретіндер де жоқ емес. Өткен жылы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қарауына 57 шағым түскен. Оның 19-ына департамент тарапынан жоспардан тыс тексеру тағайындалса, 22-сі тиісті мекемелерге жолданды. Иесінің өтініш хатымен 16 шағым тоқтатылды. Жоспардан тыс тексерулер нәтижесінде 3 азаматтың уәжі дәлелденіп, құқығы қалпына келтірілді. Шағымдардың басым бөлігі жер учаскелерінің табысталуына және әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты.
«Елді мекендер шегінде объекті салу үшін жер учаскелерін беру» мемлекеттік қызметін көрсетуде облыс орталығы тұрғынының шағымы негізінде Қызылорда қаласы әкімі аппаратына, қалалық сәулет және қала құрылысы, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдеріне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан келісуші органдарға қызмет алушының құжаттарын 111 күнге кешіктіріп жолдап, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібінің бұзылғаны анықталса, қалалық жер қатынастары бөлімі тиісті шешім жобасын қала әкімі аппаратына жолдамағаны белгілі болып отыр. Мемлекеттік органдар қызмет көрсету мерзімін сақтамай, азаматтардың құқығын бұзған.
Аталған факті бойынша қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің жауапты маманына тәртіптік жаза қолданылса, қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеру нәтижесінде департамент тарапынан енгізілген ұсыным негізінде қызмет алушының құқықтары қалпына келтірілді.
2022 жылдың шілде айынан бастап азаматтарға мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында орын алған бұзушылықтарды анықтау функциясы агенттікке берілді. Осы кезеңнен бастап департамент тарапынан мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелеріне қашықтан мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өткен жылы қашықтан бақылау тәртібін бұзған 132 дерек анықталды. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың басшыларына 21 әкімшілік хаттама толтырылып, бюджет кірісіне 724 500 теңге айыппұл өндірілді.
Қашықтан мониторинг жүргізу барысында Жалағаш ауданының Бұқарбай ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту» мемлекеттік қызметін көрсету мерзімі бұзылғаны анықталды. Департамент тарапынан шұғыл түрде Жалағаш ауданы әкімдігіне ескертпе хат жолданып, қызмет көрсету мерзімдерін сақтамай, қаулыны 5 жұмыс күніне кешіктіріп ұсынғаны үшін ауылдық округ әкіміне әкімшілік айыппұл салынды және ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманына тәртіптік жаза берілді.
Былтыр қашықтан мониторинг жасау жұмыстарының нәтижесінде 6 қызмет алушының бұзылған құқығы қалпына келтірілді.
Ерлеген МЕҢДАЛИЕВ,
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы