Бүгінгі қоғамның ең түйткілді мәселесі – халықтың қарызбен өмір сүруі. Қарыз, несие алу жұртшылықтың ажырамас өмір салтына айналды деуге болатындай. Бұл – әрине, дабыл қағатын жағдай. Статистикалық деректер қарыздың ай сайын өсе түсуі және несие төлей алмайтын қарыз алушылар санының артып келе жатқанын айғақтайды. Ұзақмерзімді миллиондарға алынатын ипотекалық қарыздарды былай қойғанда, тіпті адамдар күнделікті тұтынатын азығын да несиеге алатын болған.
Кішігірім азық-түлік дүкендерінің өзінде үш айға бөліп төлеуге банк несиесі қарастырылған. Елдегі тұрғындардың көліктен бастап, дүние-мүлкі, киетін киімі мен ішетін тамағы да қарызға алынады. Бұған қарап қаржылық сауаты төмен әрі жауапсыз деп халықтың өзін айыптай салу оңай. Бірақ бұның ар жағындағы пайыздық үстемақысы жоғары несиелерді оңды-солды тарататын банктердің ашкөздігін жоққа шығаруға болмайды. Өйткені несие алуды оңайлатып жіберген, үйден шықпай, төлем қабілетін растамай-ақ, екі минутта несиені онлайн ресімдей алады.
Алынған несиені еселеп қайтаруды білетіндер де, біліп тұрса да, осы қадамға амалсыздан баратындар да көбейіп кетті. Оның соңы төлей алмаған қарызын жабу үшін тағы несие алып, қарызды қарызбен жабу, ақырында қарызға белшесінен бату, сөйтіп қара тізімге ілігуге алып келеді. Банк несие беруден бас тартса, микроқаржы ұйымдары бар, олар адам назар аудара бермейтін жоғары пайыздарды белгілейді. Несиені төлей алмай, мерзімін өткізгені үшін өсімпұл, айыппұл немесе несие бойынша есептейтін пайыздар түптеп келгенде қаржылық жағдайды одан сайын қиындатып жібереді.
Біздегі банктер беретін несие көлемі жыл сайын артып отырғаны тағы бар. Деректерге көз жүгіртсек, берілген несие өткен жылдың алғашқы үш айының өзінде 16,1 трлн теңгені құраған. Бір айда ол 1,1%-ға өскен, бірақ бұл өсімнің 90%-ға жуығы кепілсіз тұтынушылық несиелер болған. Қаржы мамандары осы несиелердің бір бөлігі ерте ме, кеш пе қайтарымсыз несиеге айналады деген пікірде. Бұл еліміздегі кредиттік жүктеме негізінен табысының біраз бөлігін несие өтеуге жұмсайтын халықтың осал топтарына түсетінін көрсетеді. Алайда банктер бұл мәселені мойындағысы келмейді, сондықтан несие беруді жеңілдетіп жіберген деуге болады.
Несиеге тәуелділікті адамдар өздері қаламайды, қарызсыз өмір сүру кімге ұнамайды? Десек те елдегі жүйе солай қалыптасқан. Банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы жоғары пайыздық үстемесінің өзі халықтың ай сайынғы төлем несиесін қиындатып жіберді. Адамдар пайыздық үстемеге көңіл аудармайды. Осылайша, қарыз тұзағына қалай түскенін білмей қалады.
Сарапшылар халықтың несиеге өмір сүруі экономика үшін қауіпті, несие тұзағынан құтылудың жолы жеке тұлғалардың банкроттығы екенін айтады. Осы ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі күрделі мәселенің бірі – халықтың қарызға батуы, несие туралы жыл басында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында: «Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Президент ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бір реттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым. Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр. Екінші жағынан, тұтыну несиесін беру тәртібін және коллектор ұйымдарының қызметін қатаң реттеу керек», деді.