Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында көлік-логистикалық әлеуетті арттыруда белсенді жұмыс қажеттігін айтты. Елді Еуразияның көлік-логистикалық және транзиттік хабына айналдыру стратегиялық міндет екенін де атап өтті.
Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты саланың нормативтік құжаттық базасын реформалау, жаңалау және өзектендіру жұмыстарын жүзеге асырып жатыр. Қазір салалық 1 200-ден аса нормативтік құжаттама бар. Алайда арасында бір-біріне қайшы келетіні, дер кезінде өзектендірілмеген құжаттар да кездеседі. Бір жылда құжаттамалардың 48%-ы қайта қаралып, оңтайландыру немесе жою туралы ұсыныстар берілді. Бұл бағыттағы жұмыс 2026 жылға дейін жалғасады.
Президент ерекше назар аударған, жолдың сапасына тікелей әсер ететін жол құрылыс материалдарының сапасын артыру мақсатында, «ҚазжолҒЗИ» Көлік министрлігінің Автомбиль жолдары комитетінің қолдауымен «Жол құрылыс материалдарының бірыңғай базасын» (rcmbase.kz) іске қосты. Бұл құрылысты жеңілдетеді және жолдарды жобалауды жылдамдатады. Деректердің ашықтығы құрылыс сапасын жақсарту мен үшінші тарап мүдделерінің басымдыққа ие болу факторларын жоюға көмектеседі.
Қазір мамандардың тапшылығы мен біліктілігін арттыру да жіті назарда. Статистикаға жүгінсек, жолға жыл сайын 2 мыңнан астам білікті маман қажет. Ал оқу орындар жылына 100-ден аса маман ғана дайындап шығарады. Білікті мамандардың тапшылығы жұмыс сапасының деңгейіне тікелей әсер етеді. Кейбір жұмыс берушілер қаржы үнемдеу мақсатында қызметкерлерін біліктілікті арттыру курстарына жібермейді. Жұмыс сапасына, жаңа технология енгізуге мұның да теріс әсері бар.
«ҚазжолҒЗИ»-да біліктілікті арттыру курстары жұмыс істеп тұр. Кейінгі бір жылда 300-ден аса маман біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Негізі институт ұсынған жол саласы мамандарының «Jolshy.kz» бірыңғай біліктілік базасы білікті кадрлар жетіспеушілігі сынды мәселені шеше алады. Кадрлардың бірыңғай біліктілік базасы, салалық еңбек биржасы немесе кәсіби мамандардың сандық банкі десе де болады. Біліктілік базасы арқылы мердігер ұйымдар онлайн режімде жолдарды жобалау, салу және қайта құру үшін қолайлы мамандарды таба алады. Сондай-ақ жол құрылысшысы кәсіби құзыреттерін дамытуға ынталы болады. Базада маманның дағдысы, оқыған курс сертификаты мен біліктілік деңгейі де көрсетіледі.
Институт ғалымдары Қазақстанның қатал климатына төзімді отандық ғылыми жаңалықтарды ұсынды. Оның бірі – ылғал мен күрт континенталды ауа температурасына төзімді жол белгілері, екіншісі – алғашқы отандық -350С-қа дейін қасиетін жоғалтпайтын көктайғаққа қарсы материал. Аталған инновациялар мен отандық жолшылардың IT-шешімдерін пайдаланып, жол саласының нормативтік құжаттамасын оңтайландыру, жаңа технологиялар мен заманауи шешімдер қолдану, жол-құрылыс материалдары сапасын бақылауды ғалымдар жүргізеді.
Есенбек АЙДАРБЕКОВ,
«ҚазжолҒЗИ» жетекші ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының кандидаты, профессор