Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтіп, депутаттар сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды ратификациялап, депутаттық сауалдарын жолдады.
Жаңа қызметіне сәттілік тіледі
Палата төрағасы алдымен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы белгілеп берген әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты міндеттерге тоқталып өтті. Мәулен Әшімбаев Президент тапсырмаларын іске асыру жолында барлық мүдделі тарап күш жұмылдырып, өзара іс-қимылды арттыру қажет екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген міндеттер депутаттардың ерекше назарында болуы керек. Палатаның іс-шараларын ұйымдастыру кезінде де жан-жақты ескеруіміз қажет. Сенат жүктелген міндеттерді іске асыруға қажетті заңнамалық шешімдерді Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп қабылдайды. Сондықтан барлық мемлекеттік органмен қоян-қолтық жұмысымызды жалғастыра береміз. Алдағы уақытта елімізді одан әрі дамыту жолында жаңа Үкіметпен бірге нәтижелі еңбек етеміз деп сенемін», деді Сенат төрағасы.
Отырыс барысында депутаттар Мемлекет басшысының Жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып тағайындалған сенатор Ақмарал Әлназарованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылдады. Мәулен Әшімбаев әріптесіне заң шығару ісіне қосқан үлесі үшін алғыс білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар сенаторлар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезінде жанама салықтар алу тәртібін айқындау бөлігінде өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Бұл заң Еуразиялық экономикалық одақ ішінде және ҚҚС төлеудің ашық тетігі бар үшінші елдермен де салық салудың тең жағдайын жасауға ықпал етеді. Ол үшін хаттама ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағында көрсетілетін электрондық қызметтер үшін жанама салық мәселелерін реттейді. Осылайша, заң салық салынатын базаны кеңейтуге, сондай-ақ бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Эстония Республикасының Үкіметі арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да мақұлданды. Аталған келісім екі ел арасындағы заңсыз көші-қонға қарсы шаралар қабылдау мақсатымен әзірленген. Осы құжат арқылы реадмиссияның құқықтық негіздері мен шарттары айқындалады. Келісімді ратификациялау тараптардың құзыретті органдарының заңсыз көші-қонға қарсы шаралар ынтымақтастығын арттыруға және екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға оң ықпалын тигізбек.
Тұлғалар есімі тасада қалып келеді
Сенаторлар отырыста маңызды мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарын жолдады. Мәселен, Бибігүл Жексенбай еліміздің кеңестік кезеңде де ұлтқа қызмет еткен көрнекті тұлғалар еңбегін зерделеуді және мерейтой шеңберінен шығып, жүйелі жұмыс жүргізуді ұсынды. Бұл патриотизм мен мемлекетке қызмет етуді нығайта түседі. Депутаттың айтуынша, Қазақстанның кеңес одағы кезіндегі тарихында терең білім, қажырлы еңбегі және табандылығымен елдің ұлттық мүддесін батыл қорғап, қоғамдағы түрлі саланың дамуына баға жетпес үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері жеткілікті. Сенатор ұлттық білім, ғылым жүйесін қалыптастыруға және қазақ тілін дамытуға зор үлес қосқан Шайсұлтан Шаяхметов та осындай өнегелі жан екенін атап өтті.
«Шайсұлтан Шаяхметов – 1960-1986 жылдар аралығында қазақ жерінде 500-ден аса қазақ мектебінің негізсіз жабылып, аралас мектепке айналғанын тоталитарлық жүйеден қаймықпай, ашық жазған тұңғыш саясаткер. 1992 жылы 18 қаңтарда қабылданған тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш «Білім туралы» заңын Ш.Шаяхметов әзірлеп, сол «Шаяхметовтің заңы» еліміздегі мемлекеттік емес оқу орындарының құрылуына, жекеменшік балабақша, мектептердің ашылуына негіз болды. «Болашақ» бағдарламасының негізін салып, 1989-1991 жылдары министрлік 15 шет мемлекеттің министрлігімен, жоғары оқу орындарымен байланыс жасады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылуына бастамашылық етіп, мемлекеттік тілді жедел оқыту орталығын ашуға мұрындық болды. Қазақ терминологиясының тәуелсіздік жылдарында дамуына да үлкен үлес қосты. Осы уақытқа дейін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбегін бағалау назардан тыс қалып келеді», деді Бибігүл Жексенбай.
Сенатор танымал тарихи тұлғалардың өмірбаянын жоғары оқу орындарының бағдарламасында белсенді түрде зерттеуді ұсынды. Атап айтқанда, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері үшін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы стипендия тағайындау туралы мәселені қарау керек. Депутат сонымен қатар Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығын толыққанды ұлттық ғылыми институт ретінде қайта құру, сондай-ақ Алматы қаласындағы педагог кадрлардың біліктілігін арттырудың республикалық институтына Ш.Шаяхметовтің есімін беруді ұсынды.
Жауапкершілік бәріне ортақ
Депутат Андрей Лукин анықталған құқық бұзушылық фактілері, кәсіпкерлердің мүдделері мен жауапқа тартылған кінәлілердің саны арасындағы теңгерімсіздік мәселесіне назар аударды. Сенатор бұған Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жетілдірілмеуі себеп екенін айтып, құжатқа бірқатар түзету енгізуді ұсынды.
2023 жылы бизнес субъектілеріне қатысты 14 мың заңсыз тыйым алынып тасталды, 500 млн-нан астам теңге болатын 4,5 мыңның үстінде айыппұл жойылды. Заң талаптарының бұзылғаны үшін мемлекеттік органдар тарапынан 680 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке және 121 адам әкімшілік жазаға тартылды. Сенатор кінәлі қызметкерлер көп жағдайда тәртіптік жазаға тартылу немесе жауапты болудан мүлдем жалтаратынын атап өтті.
«Бірінші кезекте, алшақтық ӘҚБтК-нің 173-бабы құрамы құрылымының әлсіздігіне байланысты болып отыр. Кейінгі 6 жылда осы баппен 63 құқық бұзушылық тіркелді. Осы құқық бұзушылықтың субъектілері – тек қадағалау және бақылау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, ал қалған мемлекеттік органдарды осы баппен жазаға тартуға болмайды», деді А.Лукин.
Сенатор айтқан алшақтықтың тағы бір себебі – ӘҚБтК-нің 32-бабына сәйкес тәртіптік жазалануға тиіс әскери қызметшілерді, арнаулы және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқанына әкімшілік жауаптылыққа тарту мүмкіндігінің болмауы. «Осы құқықтық олқылықты жою мақсатында ӘҚБтК-нің 173-бабының диспозициясын қайта қарауды ұсынамыз. Кодекстің 173-бабы 2-бөлігімен толықтырылсын, егер оларда қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналысуға кедергі келтіруге байланысты іс-әрекеттерге жауаптылық көзделсін», деді сенатор.
Шекаралық ауылдар өркениеттен шет қала ма?
Үкімет шекара маңындағы ауылдарда тұратын азаматтардың өмірін жақсарту жөнінде нақты шаралар қабылдауы қажет. Сенатор Арман Өтеғұлов депутаттық сауалында ауыл тұрғындарының мәселелерін жария етті.
Оның мәліметінше, еліміздің шекаралас аудандарында 1 миллион 786 мың адам тұратын 1 892 елді мекен орналасқан. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы шекара маңындағы 121 ауылда 91 мыңнан астам халық тұрады. Депутат олардың барлығы дерлік жолдың нашар екендігі, судың жетіспеуі, интернет пен ұялы байланыс сапасының төмендігі, жұмыссыздық деңгейінің жоғарылығы және т.б. мәселелермен бетпе-бет келіп отырғанын айтты.
«7 ауданның 25 елді мекені ауызсумен толық қамтылмай, суды құдықтан немесе тасымалдау арқылы ішіп отыр. Ауыл шаруашылығы саласына субсидия мен микрокредиттер шекара маңындағы ауылдарды толық қамтымайды. 10-нан астам елді мекенде интернет мүлдем жоқ, ал электр энергетикасы жүйесінің тозу деңгейі 90%-ға жетіп отыр. Облыс орталықтарынан өте алыс жерде орналасқан елді мекендердің көптігін есепке алғанда оларды жалғайтын жолдар да тозығы жеткен», деді сенатор.
Сенатор Өтеғұлов Премьер-министрге арнаған сауалында осы мәселелерді шешу жөнінде бірқатар ұсыныс айтты. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобалар арасында шекаралас елді мекендер үшін ерекше артықшылықтар беруді, сондай-ақ шекаралас елді мекендерге инвестициялық салымдардың тартымдылығын арттыру үшін шығыстардың өтеу пайызын салыстырмалы түрде жоғарылатуды ұсынамын. Ауыл шаруашылығы саласына инвесторларды тарту арқылы өндіріс қуатын ұлғайту керек. Сондай-ақ ауыл кәсіпкерлігін дамытудың негізгі проблемаларына, оның ішінде кепіл мүлкінің өтімсіздігіне байланысты несие ресурсына қол жеткізу мүмкін еместігіне назар аудару қажет», деді депутат Арман Өтеғұлов.
Сондай-ақ отырыс барысында сенатор Ернұр Әйткенов Павлодар облысының «Ертіс Орманы» орман резерватында ауылдарды су басу және өрт шығу қаупі төніп тұрғанын атап өтті. Осыған байланысты депутат Үкіметті аталған проблемаларды шешуге арналған шараларды қаржыландыруға ықпал етуге шақырды. Ольга Булавкина да Абай облысында орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі қызметкерлерінің жалақысын ұлғайту, оларға әлеуметтік қолдау көрсету шараларын арттыру мәселесін көтерді.
Депутат Жанболат Жөргенбаев Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты генетикалық банкінің қызметін жандандыруды және ауыл шаруашылығы дақылдарының негізгі ресурстарын толықтыру, сақтау, өсімін молайту бағытындағы жұмысты тиісті деңгейде қаржыландырып, оған «Ұлттық» мәртебе беруді ұсынды.
Ал Руслан Рүстемов Сыр өңірінде суармалы жерлердің тұздануына байланысты алаңдаушылық білдірді. Депутат атап өткендей, қазіргі таңда Қызылорда облысында мамандандырылған топырақтану зертханасын ашу қажеттілігі артып отыр.
Сенатор Ғалиасқар Сарыбаев елдегі әуежайлар қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келмейтінін және әуекомпаниялар арасында бәсекелестіктің жоқтығын айтса, Бекболат Орынбеков «Қарасу-Өтеген» учаскесіндегі республикалық жолды күрделі жөндеуге және «Қордай» шекаралық өткізу бекетінің жұмысын жақсартуға қатысты мәселені қозғап, сауал жолдады.