Ай күнтізбесі бойынша келетін биылғы Шығыс Жаңа жылы –Соллаль мерекесі 10 ақпанға тура келеді, дәл осы күні жасыл ағаш айдаһар жылы күшіне мінсе, бізде наурыз айында нағыз ұлу жылы басталады. Егер елімізде Жаңа жылды үш рет қатарынан қарсы алатын ұлт болса, ол – Қазақстан корейлері. Біріншісі – кәдімгі григориан күнтізбесіндегі жаңа жыл, екіншісі – Соллаль, үшінші – Наурыз.
Осылайша, биыл да өздерін қалжыңдағанда «төртінші жүз» деп таныстыратын Қазақстан корейлер қауымдастығы Алматыда ауқымды мереке ұйымдастырып, Шығыс Жаңа жылын айта-айта жүрерліктей атап өтті. Республика сарайында өткен мейрамға екі мыңнан астам қонақ, бірнеше жүздеген өнер майталмандарын жинады. ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енген корей ұлттық әні «Ариранның» 60 шақты нұсқасы, 3 600-дей түрі болса, соның бір ғана вариациясын төрт бірдей – «Родина», Бидангиль, «Эдельвейс», «Радуга» хор ансамбльдері орындаса, «НамСон» халықтық би ансамблі, «НамСон» балалар хоры, «Хассак» этнофольклорлық ансамблі, «Саран», «Бидульги» ансамбльдері, «Namson family» корей өнері студиясы, «Инсам» шоу-тобы мен Республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры көрермендеріне тамаша көңіл-күй дарытқан нағыз думанға бөледі.
Айтқандай, Алматыдағы Корей музыкалық комедия театры Қазақстанда да ғана емес, әлемдегі ең алғашқы этникалық және Корей түбегінен тыс жердегі жалғыз мемлекеттік әрі ерекше тағдырлы театр екендігін айта кету керек.
Ал екі мың жылдық тарихы бар Соллаль мейрамына қайта оралатын болсақ, ол ең басты әрі қоғамдық маңызды мереке ретінде 1989 жылы ғана ресми тіркелгендіктен, Кореяның өзінде соңғы 15-20 жылда ауқымды деңгейде тойлана бастаған. Дегенмен корей халқының үлкендері Ай күнтізбесі бойынша келетін жаңа жылын ұмыттырмау үшін отбасында дәріптеп, дәстүр жоралғыларын жасап отырған деседі.
Ықылым замандарда Соллаль мейрамы бірнеше апта қатарынан тойланып, оның алғашқы және соңғы күні аса маңызды болғандықтан, жастар биік қыраттарға, төбеге жүгіріп шығып, кім бірінші толған Айды көрсе – сол адам жыл бойы бақытқа кенеледі деген ырым бар. Ал қазіргі заманауи Корея бұл мейрамды үш күн қатарынан тойлайды және отбасылық мереке болғандықтан, әрбір адам туған үйіне, әке-шешесіне асығады. Әдет-ғұрып бойынша алдымен чхаре – өткен-кеткен ата-бабаларды еске алу рәсіміне арналған дастарқан жайылады. Екінші рәсім – себэ. Үлкендер мереке күні таңертең міндетті түрде кішкентай балаларға себэдон таратқан кезде ересектер бетін оңтүстікке, ханбоки (ұлттық киім) киген бала-шаға солтүстікке қарап тұрады. Балалар жасына қарай, үлкенінен бастап иіліп сәлем беріп, ата-әжелері бата, ризашылық ретінде ақша таратады. Осыдан кейін ғана үй іші үшінші рәсімге оралып, аруақтарға жайылған дастархан басына жиналып, дүниеден өткен кісілерден денсаулық, отбасының амандығын сұрап, дәмнен ауыз тиеді. Соллаль мерекесін қысқаша сипаттағанда осындай. Әйтпесе, бұл мерекеде шамандар мен көріпкелдер сәуегейлік жасап, астықтың түсіміне, тағы басқа да болжамдар жасайтыны, басқа да ұлттық ойындар туралы қызықты баяндай беруге болады.
Алматыдағы мерекеге оралатын болсақ, алдымен үлкен концерт Қазақстан Республикасының Әнұранымен басталып, дүрк етіп көтерілген отандастарымызға Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы, белгілі кәсіпкер Юрий Шин жүрекжарды лебізін арнады.
Юрий Германович: «Жаңа жыл – өткенге есеп беріп, алдағы күндерге жоспар құратын уақыт қана емес, қоштасқан жылда бізге қолдау білдірген, көмектескен, баршамыздың ортақ үйіміз – Қазақстанның көркеюіне, Корейлер қауымдастығының дамуына үлес қосқан әрбір адамға алғыс айтатын күн!», дей келе, корей тілі мен дәстүрін ұмыттырмай, жалғастырып келе жатқан қандастарына тағзым етті.
Қазақстан корейлері қауымдастының жетекшісі біздің қоғамдық және саяси өміріміздің тұрақтылығына еңбек сіңіріп отырған жандарға, мұғалімдерге, ғалымдарға, дәрігерлерге, полиция, авиация қызметкерлеріне, өнер иелеріне, спортшыларға, өндірістегілерге, волонтерлерге, ең соңында, келешегімізді сеніп тапсыратын жастарға дейін алғысын аяған жоқ.
– Біздің әрқайсымыз қазақстандықпыз, бойымызда жетістіктерімен бірге кемшіліктері де бар қарапайым адамдармыз. Бір шаңырақтың астында туған әрқайсымыздың Қазақстан азаматы атануға құқығымыз бар. Біз бәрін бірдей құрметтеп, әрбір отандасымызды бағалауымыз керек. Біз әртүрліміз, бірақ теңбіз және біртұтаспыз. Сіз бен біз үшін, балаларымыздың, еліміздің жарқын болашағы үшін елімізді сүйіп, оның әр қаласына, әр ауылына сенейік. Ауызбіршіліктің күшімен еліміздің абыройын асқақтата берейік. Өйткені біз ұлы жауынгерлердің ұрпағымыз! Ұлы дала, Ұлы ел, Ұлы Қазақстан, Соллаль мерекесі құтты болсын! – деді Юрий Шин.
Құттықтаулар легін Оңтүстік Кореяның Алматыдағы консулдығының Бас консулы Пак Нэчхон жалғастырды. Салтанатты оқиға аясында «НамСон» корей би ансамбліне Мәдениет және ақпарат министрлігінің пәрменімен «Халықтық» (үлгілі) көркемөнерпаздар ұжымы атағы беріліп, мәртебелі сыйлық ансамбль жетекшісі Марина Кимге тапсырылды.
Құттықтаулар сахнаны ертегідей әлемге алмастырған, бүкіл музыкалық технологиялардың табысын тоғыстырған ғаламат концертке ұласты.
АЛМАТЫ