Бүгін Ауған соғысының ардагері, Арнайы мақсаттағы 177-жеке жасақтың атақты командирі Борис Керімбаевтың қайтыс болғанына бес жыл толады.
Көзі тірісінде «Қара майор» атанып кеткен Борис Төкенұлының бұрын-соңды көпке беймәлім болып келген өмір жолы кейінгі жылдары БАҚ-та, кітаптар мен деректі фильмдерде жарыққа шыға бастады. Әрине, бұл – уақыттың талабы. Өйткені қоғам отаншыл жастарға өнеге қылатын құрметке лайық батырларын көрсеткісі келеді. Ал ондай батырлар қазақта жетіп артылады.
Майор Керімбаев басшылық еткен әскери бөлім 1981 жылдың 29 қазанынан бастап, 1983 жылдың соңына дейін Ауғанстанда күрделі жауынгерлік міндеттерді орындағаны белгілі. 177-арнайы мақсаттағы жасақ 1982 жылы сегіз ай бойы стратегиялық маңызы зор Панджшер шатқалында дала командирі Ахмад Шах Масудтың қоластындағы өздерінен күші басым содырларға қарсы тұрды. Борис Төкенұлының сауатты командирлік басқаруының арқасында көптеген сарбаз, офицер мен бейбіт тұрғын ажал тырнағынан аман қалды. Осы жетістігінің арқасында майор Керімбаев кейін АКӘШК басшылығының, КСРО Қарушы күштері қолбасшыларының және интернационалист жауынгерлердің жоғары бағасын алып, зор құрметіне бөленді.
Дегенмен Б.Керімбаев үшін бұл соғыс оңай болған жоқ. Әсіресе отты жылдар оның денсаулығына айтарлықтай нұқсан келтірді. 1990 жылдары ауыр дертпен күресе жүріп, отбасы мен Отаны үшін адал қызмет атқарды. Әскери және азаматтық борышқа жан-тәнімен берілген Борис Төкенұлы қоғамдық жүктемені жауапкершілікпен көтерді – хабар-ошарсыз кеткендерді іздеуге қатысты, мүгедектердің мүддесін, құқықтарын қорғады, ТМД ардагерлер ұйымдарымен халықаралық байланыстарды қолдап, жастарға әскери-патриоттық тәрбие берді.
«Қара майордың» елдің түрлі өңірінде көпшілік алдында сөйлеген сөздері тірі кезінде-ақ оған бүкілхалықтық сүйіспеншілік пен даңқ сыйлады. Ол халықты алаңдатқан өзекті мәселелер туралы батыл айтатын және қоғамдық бірлестіктердің жекелеген өкілдерінің тарапынан артықшылықтар мен марапаттар үшін популизмнің, екіжүзділіктің және кулуарлық араздықтың кез келген көрінісіне өткір сын айтып, батыл ұсыныстар жасады.
Отставкадағы полковник Керімбаев бірінші кезекте Десанттық-шабуылдау әскерлері мен биыл 24 ақпанда құрылғанына 30 жыл толатын арнайы мақсаттағы Әскери барлау жасағаның әскери қызметшілерінің жауынгерлік рухын көтеруге зор үлесін қосты. Сонымен қатар 1994 жылы Қапшағай гарнизонының басшысы, подполковник Уәли Еламановпен бірге Қарулы күштердің жаңа құрылымы – 71170 әскери бөлімнің жеке құрамын сол жерде алғаш болып құттықтады. Кейінгі жиырма бес жылда 177-жасақтың бірінші командирі, полковник Керімбаев пен Мобильді күштердің бірінші қолбасшысы, генералы У.Еламанов нағыз достар болды. Екеуі де майдан даласының «ащы дәмін» татқан: бірі – Ауғанстанда, екіншісі Мозамбикте зор әскери және өмірлік тәжірибе жинақтаған еді.
Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуына 35 жыл толуы қарсаңында полковник Б.Керімбаев пен оның пікірлестерінің мемориалдық қызметін, атап айтқанда, 1997 жылы 28 гвардияшы-панфиловшылар паркінде Ауған соғысында және басқа елдердің аумағында қаза тапқан Қазақстан жауынгерлеріне арналған ескерткіш тұрғызуды ұйымдастырғанын ерекше атап өткен жөн. 2003 жылы 15 ақпанда ашылғаннан бері әскери ерлікті насихаттайтын, қаза тапқандар рухына тағзым етіп, көзі тірі соғыс ардагерлеріне құрмет көрсететін орынға айналған бұл мемориал тек оңтүстік астананың емес, жалпы республиканың да көрікті әрі маңызы мол жерлерінің біріне айналды.
2019 жылы желтоқсанда аты аңызға айналған командирдің есімі Қапшағайда 1980 жылы қаңтарда «БББ» деген атаумен құрылған Қарулы күштер Арнайы мақсаттағы 177-жеке жасағына берілді.
Б.Керімбаевтың майдандағы ерлігі мен бейбіт күндегі еңбегі отандастарымыздың санасында патриотизм мен ұрпақтар сабақтастығының символы ретінде берік орныққанына қарамастан, тірі кезінде қолға алып, бастамашы болған игі істері тиісті деңгейде бағаланбады. Халық батырлары, Екінші дүниежүзілік соғыс командирлері – Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Рахымжан Қошқарбаев секілді, оның да Отан алдындағы жанқиярлық ерлігіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей келеді. Борис Төкенұлымен бірге өмірдің едәуір бөлігін көргендердің барлығы оның өмір жолының қаншалықты ауыр болғанын жақсы біледі. Өкінішке қарай, «Қара майордың» өміріндегі тағдыр тауқыметі мен денсаулығы үшін күрестің ауыртпалығын серіктестері мен достары бөлісуге «дайын» болмай шықты. Керісінше, оған кездейсоқ жолыққан адамдар жиі көмектесетін. Жеке мүдделерге сүйеніп, жеке кеңістікке басып кірген «достары» арнайы әскери барлау офицерінің өмірі бір кездері азап пен күйзеліске толы болғанын білгісі келмеді. Сондықтан Керімбаев қайтыс болғаннан кейін сол «көзкөргендердің» жасаған айла-шарғыларын «күтпеген жағдай» деп емес, моральдық қасиеттерінің төмендігі, тіпті сол моральдың мүлдем жоқтығы деп қабылданғаны рас.
Бүгінде Б.Керімбаевтың мәртебесі туралы мәселе идеологиялық маңызға ие. Осыған байланысты оған «Халық қаһарманы» атағын беру туралы өтінішпен бұрын Ақорда, Парламент пен Қорғаныс министрлігіне жолданған ондаған ұжымдық өтініш назардан тыс қалмайды деп үміттенеміз. Тұтастай алғанда, олар қандай да бір конъюнктуралық реңк пен саяси екпінсіз халықтың шынайы пікірін көрсетеді, қоғамдық жетілудің, рухани және патриоттық тәрбиенің айқын индикаторлары болып есептеледі.
«Ешкім ұмытылмайды, ештеңе ұмытылмайды» рухындағы маңызды мысалдар ретінде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар – қайтыс болғаннын кейін егемен еліміздің ең жоғары атағына лайық мергендер Төлеуғали Әбдібеков пен Ибраим Сүлейменов, жаяу әскер Александр Несмиянов, артиллерист Әбдіғали Қаймолдин, байланысшы Иван Гапичке қатысты 2022-2023 жылдардағы Үкімет шешімдерін айта аламыз. «Қара майорға» қатысты жоғарыда көрсетілген фактілерді елемеу және немқұрайдылық таныту – әскери дәстүрлерге нұқсан келтіру, ұрпақпен нәзік байланысын бұзу және ел Президентінің әділетті Қазақстан құру аясындағы қоғамды институционалдық дамыту, жаңарту және жаңғырту жөніндегі ағымдағы күш-жігеріне күмән келтіру деген сөз. Бұған жол бермеу – біздің азаматтық борышымыз. Қазір болашақ Отан қорғаушылар саналатын мыңдаған жасөспірім тәрбиеленіп келе жатыр. Олар Борис Керімбаев сынды нағыз ерлерін танып-біліп, құрмет тұтып өсуі қажет. Заманымыздың нағыз батыры – аты аңызға айналған «Қара майордың» есімімен байланысты ерлік пен даңқты қайта қалпына келтіру, есімін жаңғырту арқылы мемлекеттің беделін нығайтудың объективті мүмкіндігі бар. Оның жарқын естелігі ұрпақ үшін батылдық, парыз және абыройдың лайықты мысалы ретінде ұлттық тарихта жазылған.
Ермек НҰРЖАНОВ,
Қарулы күштер арнайы жасағының бірінші командирі ,«Полковник Б.Т.Керімбаев
атындағы патриоттық дамуға жәрдемдесу орталығының» басшысы