• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Ақпан, 2024

Саяси жауапкершілік қажет

114 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев батыл әрекет жасауға кірісіп, саяси реформалардың әлеуетін қолдана бастады. Өйткені Конституциялық реформа мен өткізілген сайлаулар Үкіметтің өкілеттігін айтарлықтай кеңейтті. Ол Президент Әкімшілігінің ұсақ-түйек бақылауынан босатылып, оның қайталанатын функциялары Үкіметке берілді. Салалық шешімдерді қабылдау құқығы да тиісті мемлекеттік органдар деңгейіне ауыстырылды. Өңірлердің бюджеттік дербестігі артты. Демек Үкіметтің тиімді жұмыс істеуі үшін қазір құралы жеткілікті.

Президенттің пікірінше, оған тек жан-жақты ойластырылған іс-қимыл стратегиясы және жүктелген міндеттерді толыққанды шешуге деген ерік-жігер қажет. Үкіметте оқиғалардың дамуының барлық ықтимал сценарийін еске­ретін жан-жақты іс-қимыл жос­парының болуы шарт. Демек бұл Үкі­мет­тің жұмысына талапты күшейтіп, оның құрамына кіретін органдарда стратегиялық ойлау қабілетінің болу қажеттігін аңғартса керек. Ал егер ол сонымен бірге экономиканы басқарудың жаңа тәсілдерін пайдаланса, болжамдар шындыққа айналмақ.

Ендеше, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтқандай, Үкімет пен әкімдер өз жұ­мы­сы­на деген көзқарастарын түбегейлі жа­ңартып, экономикалық дамудың тың идеялары мен жүйелі ұзақмерзімді болжамын жасап, мемлекеттік аппарат жұмысының тиімділігі мен бірізділігін айтарлықтай арттырулары қажет. Бұл формализм мен бюрократияны шектеп, экономиканың барлық саласында түбегейлі реформалар жасауды талап етті. Осының барлығын зерделей келе және саяси реформалардың әлеуетіне сүйене отырып Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік басқару формуласының басты элементтерінің бірі есеп беретін және халық үніне құлақ асатын Үкімет­тің жұмысының тиімділігін арттыруды қолға алды. Оның өз қызметі шең­бе­рінде халыққа адал қызмет етіп, мем­ле­кеттегі болып жатқан жағдайға деген жауапкершілігін күшейтуге кірісті. Үкі­мет­тің алдына нақты талаптар қойылды. Мемлекет басшысының Үкіметтің ке­ңейтілген отырысында сөйлеген сөзі осы­ның дәлелі бола алады. Алдағы кезеңнің басты міндеттері анықталып, кезек күттірмейтін және өз шешімін күтіп отырған ауқымды жұмыстарды сапалы және уақтылы орындау үшін Үкіметтің жұмысына жаңа серпін беру көзделіп отыр. Сарапшылар нақты ме­желер ретінде экономикалық ре­фор­маларды жүзеге асыруды, жаңа эко­но­микалық үлгіге көшіп, қайта құру және қатаң атқарушылық тәртіпке қол жет­кі­зуді атап көрсетеді. Әрине, ол үшін Үкіметтің жұмысы мемлекеттік аппаратты бір қалыпқа келтіруге бағытталуы керек. Ол мемлекеттік жұмысты жүйелі жүргізіп, оны ұйымдастыруды, аппарат қызметінің тиімділігін арттыруды, мемлекеттік қаржының жұмсалуы мен Президенттің тапсырмалары және қабылданған заңдардың орындалуына қатаң бақылау орнатуды, сол сияқты сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізуді, экономиканы моно­по­лиясыздандыруды талап етеді. Осын­дай маңызды міндеттерге қол жет­кізу үшін мәселені келісу мен тал­қы­лауда сөзбұйдалыққа салыну сияқты жай­ба­ра­қаттықты қойып, батыл әрекет етіп, Қазақстанның сапалы дамуын қам­тамасыз ету қажет. Ол үшін кез келген бастаманың негізгі мән-маңызын өзгер­ту деген «аурудан» толығымен ары­лып, оны түп-тамырымен жою керек.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Үкі­мет пен әкімдердің жұмыс істеу тәсілін тү­бе­­гейлі өзгерту арқылы бюрокра­тия­­­ны тежеп, нақты нәтижеге қол жет­­­­­кізіп, елдің ұзақмерзімдік дамуын күн­­­­­делікті күйбең тірліктің көлеңкесінде қал­­­дырмауды мақсат етіп отыр. Солай бол­ғанда ғана экономика еркін дамып, саланың белсенділігі артып, қаражат күнделікті мәселелерді шешуге ғана жұм­салмасы анық. Салықтың көп түсуі эко­номиканың барлық саласының тұрақты дамуына, оның қуаттылығына байланысты екендігі де ескерусіз қал­мас еді. Сонымен қатар бизнес саласына да кәсіпкерлерді әкімшілік қысым көрсетуден босатып, жалпы бизнеске қатысты реттеу қағидатын қолдану арқылы ықпал етуді тоқтату сияқты сапалы өзгерістер қажет. Сонда ғана мемлекет пен бизнес арасында жаңа және ашық қарым-қатынас орнап, ел экономикасының тұғыры беки түсері ақиқат. Бұл жұмыстың бизнес пен инвестицияға жайлы орта қалып­тастырып, әлеуметтік әділдікті қам­тамасыз етудегі мәні де зор. Басты мә­селе мемлекет пен жекеменшіктің серік­тестігін дамытуда екі тараптың да мүдделерін ескеріп, олардың теңгерімді дамуына қол жеткізуде болмақ. Өйткені Үкіметтің басты міндеттерінің қатарына экономикалық қызмет субъектілерінің бәріне бірдей жағдай жасау жатады. Ол үшін аталған саладағы тиімсіз тәсілдер, нормалар мен рәсімдер жөнге келтіріліп, реттелуге тиіс. Сонда ғана жеке жобаларды бюджеттен астыртын қаржыландыратын жағдай келмеске кетіп, біз сөз қылып отырған серіктестік жүйесін қайта құруда нақты нәтижеге қол жеткізуге болады.

Осы тұста Президент экономика­ны кешенді түрде ырықтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдаудың қажет­ті­лігіне көңіл бөліп, мемлекеттің эко­номикалық үдерістерге шамадан тыс араласуынан біртіндеп бас тарту ке­рек­тігіне басымдық беріп отыр­ғандығын да ескерген жөн. Себебі жекешелендіру тиімді жүргізілген жағ­дай­да ғана эко­номиканың барынша еркін дамуына жол ашылып, бақылаусыз монополияны, ресурстарды әділетсіз бөлуді, бәсекенің заңсыз тәсілдерін қолдануды түбірімен жоюға мүмкіндік туады. Жалпы алғанда, экономиканы либерализациялау нарықтағы бәсекені арттырып, жекешелендіруді тиімді жүргізу және квазимемлекеттік секторды реформалау мәселелерін шешуі керек.

Мұнда экономикаға жеткілікті дәре­жеде қаржы салынбай, елдің даму қар­­қынына кедергі жасап тұрған факторлардың алдын алып, инвес­тиция­лық ахуалды оңалтуға ықпал етудің қа­жеттілігін атап өткен абзал. Өйткені инвестиция тапшылығы техниканың тозуына, егіннің бітік өсуіне кедергі жасап, еңбек өнімділігінің төмендеуіне әкеліп соғады. Әбден ескірген өндіріс орындары еліміздің өндірістік әлеуетін көтеріп, оған тың серпін бермей келеді. Ал өңір әкімдері болса, тек бюджет қаражатына ғана иек артып, алдымен инвестиция тартудың орнына, бұл үдеріске бюрократиялық тұрғыда кедергілер келтіріп, инвестиция тартуды өздерінің басты міндеті екендігіне онша мән бермеуде және бастарын ауыртқылыры келмейді. Агроөнеркәсіп саласындағы өңделген өнімнің үлесін арттыру міндеті орындалмай, шаруашылықтардың тек шикізат өндірісіне ғана сенім артып отырғаны да осыдан болар. Салдарынан, жаңа технологияларды енгізіп, жерді және басқа ресурстарды ұтымды пайдаланып, нақты нәтижеге жетудің мүм­кіндігі болмауда. Оның себебі сол баяғы қажетті инвестицияның салын­бағандығына келіп тіреледі. Міне, осыдан барып да­йын өнімнің қосылған құны төмендеп, сапалы жұмыс орындары азайып келеді. Оның үстіне, банктер де экономиканың нақты секторына қаржы құюға онша асығар емес.

Мемлекет басшысы Үкіметтен әлеу­меттік салаға айрықша назар аударуды үнемі талап етеді. Ол әлеуметтік кө­мектің әділ беріліп, бөлінген қар­жының шын мәнінде көмекке мұқ­таж адамға жетуінің міндеттілігін қай­талаумен келеді. Ондағы мақсат – халыққа әлеуметтік көмек береміз деп жүріп қоғамда масылдық психо­ло­гия­ның орын алуына жол бермеу. Осы тұрғыдан алғанда Президент азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету жүйесін қайта қарау керектігін дұрыс деп есептейді. Өйткені әлеуметтік көмек оған зәру адамдарға ғана берілуі керек және оны кімге беру қажеттігі адамның кірісіне емес, шығысына қарап анықталуға тиіс және ол әділетті Қазақстан құру қағи­даттары талаптарына сай келуі шарт.

Сонымен бірге қазір әлеуметтік салада азаматтарға көрсетілетін қыз­меттің сапасын жақсарту ісін жолға қоюдың өзектілігі артып отыр. Себебі бұл саладағы көптеген қызметтің әлі де болса қол­жетімсіздігінен көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалуда. Салаға қосымша қаржы бөлініп, бюджетке салмақ түсіп отыр. Бұл жерде аймақтық ат­қарушы органдардың да жауап­кер­­шілігін арттырған жөн. Өйт­кені жергілікті жерлерде медицина және білім беру мекемелері инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тиімсіз жүргізілуде. Әлеуметтік сала­дағы қордаланған мәсе­лелерді шешуге құзырлы органдар ниет танытпай, тек көңілге қонбайтын және елді әбден зығыр қылған құр сылтауларды жыл сайын қайталаумен шектеліп келеді. Өйткені оларда жаңа идеялар мен ұзақ мерзімге арналған жүйелі ұстанымға деген тапшылық сезілетіні ақиқат.

Осының барлығын ескере келе, Президент Қ.Тоқаев мемлекеттік аппа­­раттың барынша тиімді және үйле­сімді жұмыс істеуіне күш салып отыр. Қағазбастылық, көзбояушылық сияқты жағымсыз үдерістердің кесі­рінен жұрт­тың реформаға және әділетті Қа­зақ­стан­ға деген сенімінің азай­ған­ды­ғы кімді болса да қынжылтары рас. Сон­дық­тан Мемлекет басшысы жоғары жақтан нұсқау мен азаматтардан арыз-шағымның түскенін немесе жағдайдың нашарлап кеткенін күтіп отырмай, бас­тама көтеріп, дербес жұмыс істей білу қажеттігін ескертеді. Өйткені күр­делі тарихи кезең жалаң сөзге уақыт жібермей, нақты әрекет және жылдам әрі батыл қимыл жасауды талап етеді. Басқаша болғанда жаһандық бәсекеге ілесе алмау қауіпі төнуі әбден ықтимал. Ендеше, табысқа жету үшін мемлекет пен қоғамда ортақ мүдде болуы керек. Сонда ғана мемлекеттің көпжылдық даму бағдары айқындалып, қоғам алдында тұрған міндеттерді шешуде саяси жауапкершілік пайда болады.

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы, профессор