• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Ақпан, 2024

Қар құрсауынан құтқарған қаһармандар

75 рет
көрсетілді

Қыс – қатал сыншы. Бұл мезгілдің бір сын саға­ты қолдан келер қайран болмай, қар құр­са­уын­да қайраңдап қалғанда туады. Мұндай қиын жағ­дайға тап келген жанға суық тиіп, үсік шалып, өмі­ріне қауіп төнуі мүмкін. Бүгінде осындай қауіп-қатер­мен бетпе-бет келіп, қолайсыз ауа райында айдалада қалып қойған азаматтар аз болмай тұр. Қуаныштысы, бұл шарасыз жандардың қасынан ширақ әрі шешімтал құтқарушылар табылып, қаншама өмірді арашалап қалды.

Осы қыста Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқару бөлімшелері қар құрсауынан 10 мыңнан аса адамды, оның ішінде 488 баланы құтқарып, қауіпсіз жерге жеткізді. Бұған қоса 1 266 бірлік техника де тегіс жолға шығарылды. Бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Бұларға министрліктің республикалық штабы басшылық етеді. 13 өңірде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда блок-бекет­тер қойылып, көліктің барлық түрі үшін қоз­­ға­лыс шектелді. Ақтөбе, Ақмола, Қоста­най, Павло­дар, Ұлытау облыстарының уа­қыт­ша орналас­тыру пункттерінде 1 107 адам бар.

Жалпы, 7-9 ақпан аралығында құтқарушылар бүкіл ел көлемінде қар құрсауынан 1 426 азаматты құтқарып, эвакуациялады және 64 көлік құралын алып шықты. Осы орайда Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды қыс мезгілінде автожолдарда қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырудан танбайды. Мұндай жағдайда 112 хабарламаларын назарға алып, дауылды ескерту кезеңінде және метеожағдайлар нашарлаған кезде елді мекендерден алыс сапарларға шықпай, шалғай жаққа жаяу жүруден де сақ болған жөн.