2021 жылдың 21 сәуірі күні «Egemen Qazaqstan» газетінде «Талдықұдық неге тарықты?» деген мақала жарияланған еді... Онда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданы Талдықұдық ауылдық округінің мұқтаждықтары, соның ішінде күрделі жөндеуге зәру мектеп мәселесі көтерілген-тін.
Арада дәл екі жыл, тоғыз ай және он бес күн өткенде сол ауылға арнайы барып, қуанып қайттым. Талдықұдық еңсесін тіктеп алған. Газ, су кірген, интернеті сайрап, ең бастысы, типтік мектеп күрделі жөндеуден өтіп, тымпиып тұр. Іші толы қайнаған жұмыс. Балабақша толы – бала, спортзалда – спорт... Пән кабинеттері қала мектебіндегіден бір де кем емес.
«Egemen Qazaqstan»-нан ауылымыздың атын көргенде, «бізді де ескеретін жан бар екен ғой» деп, кішкене серпіліп, әлгі мақаланы қолдан-қолға таратып, қайраттанып қалдық. «Болашағы жоқ ауыл» атанып, сағымыз сынып, жағдайы бары кетіп, жоғы амалсыз қалып жатқан кез еді ғой. Содан ауылымызда күрт қозғалыс басталды. Өз көзімізге өзіміз сенбей, дыбысымызды шығарып қуануға да қорқып жүрдік басында. Енді қайтейік, қыс болса бүрсеңдеп, салқын үйдің бір бөлмесінде отыратын біз, газ келіп арқа-жарқа болдықта қалдық. Одан кешікпей ауызсу да жетті. Үйімізге кәдімгі қаладағыдай қолайлы жағдай жасап алуға кірістік, интернет те орнатылды қос мұнарасымен. Басында көшіп кеткен ауылдастар қайтадан үй сатып алып, қара орынға қайтып келуді армандап жүр енді. «Сендер үшін үй бағасы қымбат болады» деп қалжыңдап қоямыз, алды көшіп те келіп жатыр», дейді талдықұдықтықтар. Не нәрсе де көңілге байланысты ғой, Үкіметтің қолдауын көрген соң ел рухтанып, іске кіріскен. Шаруа оңалып, мал басы өсіп, жеке кәсіпкер қатары көбейе бастаған. Жеке азаматтардың өз күшімен жаңадан салынған екі үй ерекше көзге түседі, тозып кете жаздаған ауылда мұндай құрылыс – құбылыс.
Талдықұдық – тарихы терең шежірелі ауыл. Жері шұрайлы, адамы шырайлы қасиет қонған аймақ бір. Әйгілі Сармалай (Садық) сыбызғышы, Шамғон Қажығалиевтің, Жұмекен Нәжімеденовтің қолына алғаш домбыра ұстатып, ұстазы болған «Тесік тамақ» Сабыр күйші – осы Талдықұдықтың перзенті. Сабыр Мұқатовтың зираты осы ауылдың қорымында.
Есін жиып, өткен-кеткенін түгелдеп дегендей, Талдықұдық талай дүниені жоспарлап отыр енді. Бастысы, жігерленіп алған. Бірлесе қимылдайды. Әр жылғы түлектерінің көмек-ықыласы да сайрап жатыр. Жаңадан Мәдениет үйін салу қарастырылып жатқан көрінеді, оған дейін жастар өз күшімен ашық алаңға сахна құрып, мәдени іс-шараларға жағдай жасап қойған.
«Осының бәрі «Егеменнің екпінінен» басталды» деп күліп қояды өздері, айналдырған екі-үш жылдың ішінде өмір өзгеріп кетті. Әне-міне дегенше, асфальт жол да салынып қалар, бәлкім. «Жалпақтал-Орал» трассасына небәрі 60 шақырымға жетпейтін жердеміз ғой...»
«Көрінген таудың алыстығы жоқ, ол күнге де жетерсіз, жылға 20 шақырымнан бөліп жасаса да», деп әзіл-шынды араластыра қоштастым.
Жазылған жайдың жерде қалмағаны қандай жақсы. «Egemen Qazaqstan»-да көтерілген мәселеге сергек қараған Үкіметке үлкен рахмет.
Талдықұдықта таң атты арайлап, ауылдарға жан кіре бастады осылай. Енді жолдың күрмеуі шешілсе, қиындықтан біржола құтылады.
Дариға МҰШТАНОВА,
Қазталов ауданының Құрметті азаматы
Батыс Қазақстан облысы