• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 12 Ақпан, 2024

Қазақстанда ЛГБТ сайты бұғатталды

202 рет
көрсетілді

Мәдениет және ақпарат министрлігі тұрғындардан келіп түскен шағымдар негізінде LGBTQ+ сайтын тексеріп, мониторинг барысында балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыруға қатысты заң бұзушылықтарды анықтады, деп жазады Egemen.kz KazFace.kz-ке сілтеме жасап.

Дәстүрлі емес сексуалдық бағытты насихаттайтын веб-сайтқа қатысты тұрғындар наразылық білдіріп, петиция бастаған еді. Қоғамдық пікірді ескерген құзырлы орган ақпарат көзін тексеріп, оған тыйым салу себебін түсіндірді.

«Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган олардың психо-жастық ерекшеліктерін, теріс әсерін ескеріп, ел тұрғындары арасында ЛГБТ қозғалысының идеяларын тарататын интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу қажет деп санады. Министрлік ақпараттық ортаны, қазақ қоғамының тарихы мен дәстүр сабақтастығы, мемлекеттің мәдени құндылықтарын, сондай-ақ балаларды дұрыс тәрбиелеу мәселесін жан-жақты сараптап, осындай шешімге келгенін айта кетуіміз керек.  

«Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Заңында балаларға тыйым салынған ақпарат ерекше сексуалдық және эротикалық сипаттағы, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен балалар арасында таралуына тыйым салынған мәліметтерді қамтиды.

Сонымен қатар «Бала құқығы туралы» заңда порнографиялық ақпаратты тарататын, балаларға зиянды әсер ететін және құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану да заңмен жауапкершілікке тартылып, осы мазмұндағы ақпаратты таратуға тыйым салынған», делінген министрлік хабарламасында.