Қазақстанның ең үздік теннисшісі, 2022 жылғы Уимблдонның жеңімпазы, 2023 жылғы Аустралияның ашық біріншілігінің финалисі 24 жастағы Елена Рыбакина Әбу-Дабидегі жүлде қоры 922 573 долларды құраған жарыста керемет өнер көрсетіп, бас жүлдені олжалады.
Бастапқы бәсекелерде ол америкалық Даниэль Коллинз (WTA-ның №71 ракеткасы) бен испаниялық Кристиной Бучадан (№74) басым түсті. Алғашқы ойында отандасымыз біраз қиналса, екіншісінде қарсыласын оңай еңсерді. Жартылай финалда Рыбакинаның жолы әлемдік рейтингте 15-орында тұрған ресейлік Людмила Самсоновамен қиысты. Алғашқы сетті біздің спортшы таза ұтқанымен, екіншісінде жеңіліс тапты. Есесіне шешуші тұста ширек қимылдап, финалға жолдама алды – 6:0, 4:6, 6:2. Бір айта кетерлігі, бұған дейін қос теннисші өзара төрт мәрте кездесіп, бұл бәсекелердің барлығы Самсонованың пайдасына шешілген еді.
Бас жүлде үшін Елена әлемнің 14-ракеткасы, ресейлік Дария Касаткинамен күш сынасты. 26 жастағы Тольяттидің тумасы WTA турнирлерінде алты рет топ жарды. Ролан Гарростың жартылай және Уимблдонның ширек финалында ойнады. Қазіргі кезде ол үздіктер тізімінде 14-сатыға жайғасты. Түрлі турнирлерде төрт рет шеберлік байқасқан теннисшілер арасындағы есеп әзірге тең. Бұл жолы Рыбакина кортта еркін қимылдап, қарсыласына адым аштырмады. Нәтижесінде, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жеткен жерлесіміз бас жүлдемен қатар 142 мың долларды қалтасына басты. Бұл – Еленаның биылғы маусымдағы WTA турнирлеріндегі екінші жеңісі! Қаңтар айында ол Брисбендегі бәсекеде алдына жан салмаған еді.
Жарыс аяқталған бетте дүйім жұрттың алдында сөз алған Елена Рыбакина: «Әбу-Дабидегі жарыс барысында Қазақстанның туын көрген сайын ерекше шаттандым. Жерлестерімнің қолдауын сезініп, әр кездесу сайын кортқа құштарланып шықтым. Әрбір ойында барымды салдым. Әркез менің тілеуімді тілеп отыратын өзімнің шынайы жанкүйерлерімді қуантқым келді. Парсы шығанағында ол мақсатыма жеттім. Финалдық сайыста аяқталған бетте әр тұста желбіреп тұрған қазақтың көк байрағын көзім шалды. Соған сүйсіне қарадым. Бұл да менің спорттық ғұмырымдағы қуанышты, әсерлі сәттердің бірі», деп ағынан жарылды.
Жасы келген сайын бабы кеми бастаған Михаил Кукушкин Ноттингемдегі «Челленджер» турнирінің финалына шыға алмады. Жүлде қоры небәрі 75 мың еуро шамасындағы қарапайым ғана жарыстың алғашқы айналымында ол ұлыбританиялық Чарльз Брум мен бельгиялық Йорис Де Лореден айласын асырды. Көп кешікпей болгариялық Димитар Кузмановты қапы қалдырды – 6:3, 6:3. Жартылай финалда жерлесіміз франциялық Маттео Мартиноға 4:6, 6:7 есебімен есе жіберді.
Таяуда ғана Қазақстанның азаматтығын алған Александр Шевченконың да (№56) жолы болмады. Жүлде қоры 801 335 еуроны құраған Марсельдегі турнирдің тұсаукесер кездесуінде ол франциялық Бенджамин Бонзиден (№126) басым түскенімен, іле-шала польшалық Хуберт Хуркачтан (№8) 1:6, 4:6 есебімен жеңілді. Сол секілді Юлия Путинцева да (№69) сенім үдесінен шыға алмады. Дохадағы доданың тұсаукесер кездесуінде ол АҚШ-тың өкілі Бернард Перадан (№86) айласын асыра алмады – 6:7, 4:6.