Ақпан айындағы ауа райының қолайсыздығы, күннің күрт жылынуы Ақсуат ауданының бірқатар ауылын әбігерге салды. Атап айтқанда, Қызылкесік, Ойшілік, Құмкөл ауылдық округтеріндегі бірқатар үйдің ауласына, қора-жайына су кірді. Таудан аққан еріген қар суы Қызылкесік ауылындағы 7 үйдің ауласына өткен.
Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің хабарлауынша, Қызылкесік ауылының тұрғындарынан – 50, төтенше жағдайлар бөлімінен – 11 адам, 2 мотопомпа, 2 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ 200 қап инертті материалдармен су жайылған аумақтарды бекіту жұмыстары жүргізілді. Ауыл әкімі Ө. Мазеновтің айтуынша, кеше түнде жағдай толықтай тұрақталған, баспаналар су басу қаупінен аман.
Сонымен бірге, Қарағанды–Аягөз–Боғас автожолының бойындағы Жіңішке учаскесінің 3 тұсынан қар суы ағып өткен. Абырой болғанда, «Қазавтожолға» қарасты ДЭУ-31 мекемесі мамандары мен техникаларының дер кезінде атқарған жұмыстарының нәтижесінде көлік қатынасы жедел реттелген. Ойшілік–Ақсуат–Құмкөл бағытындағы жол қатынасы да әдеттегідей қалыпты жағдайда жүріп жатыр.
Ойшілік ауылдық округінің Көккемер қыстауына да еріген қар суы кірген. Мұндағы бес үйдің екеуі бөктерде орналасқандықтан жағдайына алаңдаушылық болмағанымен, бір үйдің ауласы, қорасы су астында қалған. Жергілікті атқарушы биліктің ұйымдастыруымен 2 техника жіберіліп, Көккемердегі бір әйел адам дер кезінде Ойшілік ауылына орналастырылды.
Ойшілік ауылында қарғын су дамбаға тіреліп, ауылдың шығыс және батыс жағымен екіге бөлініп таси аққан. Сол жердегі 1 үйдің ауласына, 3 үйдің қора-жайына су кіргенімен, адамдарына қауіп төнген жоқ. Ол жерде 2 жүк тиегіш, 2 МАЗ көлігі, 3 трактор, 15 адам жұмылдырылып, дайындалған инертті материалдарды төгіп, бөгетті қомдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Қарғын су біздің үйдің жанынан ағып өте шықты. Аудандағы төтенше жағдайлар бөлімінен тиісті көмек дер кезінде келді. Ауыл болып ұйымдастыру жұмыстарына бәріміз де қатыстық. Әйтеуір бүгін қар жауып, аяз түсіп, су жайылысының әрі қарай кетуі дер кезінде тоқтады. Малымыз дін аман, – дейді Ойшілік ауылының тұрғыны Руслан Қанапиев.
Қазіргі уақытта еріген қар суының көлемі азайды, қауіп сейілді.
Абай облысы