1979 жылы 25 желтоқсанда кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстан территориясын әуеде де, жерде де кесіп өтті. Сөйтіп, 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс жүрді. Биыл 15 ақпанда осы соғыстың аяқталғанына 35 жыл толады. Он жыл отқа оранған соғысқа еліміздің азаматтары да қатысты. Шындығында, соғыс қалай аяқталды?
80-жылдардың ортасына қарай Ауғанстандағы соғыс КСРО үшін ірі саяси және экономикалық шығын әкеле бастады. Халықаралық жағдай одан әрмен қиындай түсті. Елдің әр түкпірінде соғыста қаЗа болғандар көбейіп, қоғамда кінә артатын жағдай үдеді. Осының барлығы халық арасында наразылық тудырды. Ауғанстаннан әскерді шығару және соғысты тоқтату туралы қатаң шешім қабылдау қажет болды.
Мұндай үдеріс 80-жылдары басталғанымен, ешқандай нәтиже берген жоқ. Ауғанстанға әскер кіргізудің қателік болғанын, 1985 жылы билікке келген Михаил Горбачев бастаған елдің жаңа басшылығы шешуге тырысты. Бұл соғыстың кеңес одағына «толассыз табыт» әкелу мен әлемдік айыптаудан басқа ештеңе бермейтінін бас хатшы жақсы түсінді. 1986 жылдың қараша айында КОКП ОК Саяси бюросының отырысында М.Горбачев: «Қазіргі уақытқа дейін біз Ауғанстанда алты жыл бойы соғыс жүргізіп келеміз. Егер біз бағытымызды өзгертпесек, 20 немесе 30 жыл бойы соғыса береміз. Біз қысқа мерзім ішінде мұны тоқтауымыз керек», деп қадап айтты.
Бұл міндеттерді шешу үшін Ауғанстаннан кеңес әскерлерін шығару үшін жағдай жасап, ел ішіндегі саяси ахуалды өзгертуді қамтамасыз ететін жаңа саясат, жаңа саяси қайраткер қажет болды. Енді Мәскеуде Ауғанстан басшысы Бабрак Кармальға салқын қабақпен қарым-қатынас жасау толық байқалды. Ол өзіне жүктелген міндеттерді шеше алмады. Сөйтіп, ол 1986 жылы қараша айында отставкаға кетті. Оның орнына жаңа басшы Мұхаммед Наджибулла тағайындалды.
АҚШ, Пәкістан, Иран, басқа да қызығушылық танытқан елдердің өкілдерімен қарқынды келіссөз жүргізілді. Ауғанстандағы орталық үкімет пен оппозиция күштері арасындағы орнаған тепе-теңдік ауған дағдарысын шешудің соғыссыз жолдарын іздеу қажеттігіне итермеледі. Ауған елі басшылығына Мұхаммед Наджибулла келгеннен кейін «Ұлттық татуласу» туралы Ауғанстан Демократиялық Республикасы (АДР) Революциялық кеңесінің Декларациясы қабылданды. Онда атысты тоқтатып, ұлттық бейбітшілік орнату мақсатында, уақытша коалициялық мемлекет құру және жалпы дауыс беруді өткізу, үкіметтегі министрлік лауазымдарының бір бөлігін оппозиция өкілдеріне беру туралы нақты ұсыныс келтірілді. Оппозиция мұндай саясатты қабыл алмағанымен, ұлттық татуласу саясатын жариялау Ауғанстанның орталық үкіметінің беделін асырып, БҰҰ Бас хатшысының жеке өкілі Д.Кордовес арқылы 1982 жылдан бері нәтижесіз жүргізіліп жатқан Ауған – Пәкістан келіссөздерінің іске асырылуына жаңа серпін берді.
1988 жылдың 7 сәуірінде Ташкентте КОКП ОК Бас хатшысы М.Горбачев пен АДР Президенті М.Наджибулла кездесіп, қақтығысты тоқтату мен кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару мәселелері қаралды. Бір аптадан кейін, 14 сәуірде АДР-дағы жағдайды саяси реттеу туралы Женева келісіміне қол қойылды. Қол қойғандар қатарына КСРО, АҚШ, Ауғанстан мен Пәкістан кірді. Ауғанстан мен Пәкістан бір-біріне қолсұқпаушылық, басып кіруден бас тарту қағидасына, КСРО мен АҚШ өкілдері Халықаралық кепілдік жөніндегі декларацияға қол қойды. Кеңес одағы өз контингентін 9 ай мерзімде алып шығуға, ал Құрама Штаттар мен Пәкістан өз тараптарынан қарулы оппозицияны қолдауды тоқтатуға міндеттелді.
1988 жылы 15 мамырда Ауғанстан аумағынан кеңес әскерлерін шығару басталды, алайда қараша айындағы моджахедтер әрекеттерінің жандана түсуі, үдерістің жылдың аяғына дейін қалдырылуына әкелді. Дегенмен 1988 жылдың тамызына дейін кеңес әскерінің шамамен жартысы Ауғанстаннан шығарылды.
Женева келісіміне қол қойылғаннан кейін кеңестік әскери бөлімшелерге 555 рет оқ жаудырылды, әуежайлар 26 рет оқ астында қалды. 400 рет сақшы тұрағына шабуыл жасалды. Шабуыл, тіпті, үкіметтік ауған әскерлеріне де жасалынды. 1989 жылдың 15 ақпанына дейін қаруланған оппозиция қолынан 6954 адам қаза тапты, 12220 адам жарақат алды. Олардың көпшілігі бейбіт тұрғындар еді. 1989 жылдың жаңа жылынан кейінгі бір жарым ай ішінде, 15 ақпанға дейін 39 кеңестік әскери қызметкер қаза тапты.
Женева келісімінде белгіленгендей, Ауғанстаннан 1989 жылы 15 ақпанда соңғы кеңес әскерлерінің әкетілуі аяқталды. Кеңес одағы Женева келісімін белгіленген мерзімде орындады. 15 ақпан күні Ауғанстанмен шекаралас Термезге (Өзбекстан) жақын биік қияларда кеңес жерінің оңтүстік шекарасына қарай көз салған әйелдер өз ұлдарын, күйеулерін, сүйіктілерін, жиналған жұрт өз азаматтарын ұзақ сағат бойы күтті. Ауған тарапынан кезекті колонна қашан келетінін ешкімде білмеді. Алыс жақтардан да адамдар келіп күтті. Тіптен қаралы қағаз алғандар да үмітпен келіп, сол жаққа қарап отырды.
Мұнда Кеңес Одағының Батыры, 40-армияның соңғы қолбасшысы генерал-лейтенант Б.В.Громов басшылығындағы барлаушылардың екі батальоны келе жатты. Колонна кеңес және ауған жағалауларын біріктіруші көпірге көтеріліп, кеңес одағы шекарасына келгенде қолбасшы Б.В. Громов брондалған машинасынан жерге түсіп, шекара қызыл сызығын жаяу кесіп өтті. Ауғанстан территориясынан ең соңғы болып шыққан Б.В.Громов: «Біз өз міндетімізді орындап, борышымызды өтедік. Біздер үшін Отанына тірі қайтпағандар қайғысы ешқашанда өз орнын толтырмайды. Біздер соғыста жан тапсырған қарулас жауынгерлерімізді ешқашан ұмытпаймыз. Бүгін Ауғанстан территориясында бірде-бір кеңес әскерінің жауынгері қалған жоқ», деп бүкіл әлемге мәлімдеді. Міне, осы оқиғаға 15 ақпанда 35 жыл толады.
КСРО басшыларының солақай саясаты салдарынан басталған Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың адам қатысты. Олардың мыңға жуығы осы соғыста құрбан болды, 20 адам із-түзсіз жоғалды. Соғыс аяқталғанымен, Ауған соғысы синдромы салдарынан 35 жыл ішінде 6 мыңдай сарбаз бақилық болды. Мүгедектер арбасына таңылғандар да аз емес. Көпшілігі мүгедектігі үшін жәрдемақы алса, қалғандары жиі ем қабылдауға мәжбүр. Соғысқа қатысушылардың алды 70 жасты бағындырса, арты 60-ты алқымдады. Олар үшін соғыс аяқталғанымен, соғыстың жан-жарасы жанын да, тәнін де сыздатады.
Он жылға созылған Ауған соғысында тағдыры тәлкекке түсіп, хабар-ошарсыз кеткендер де, тұтқынға түскендер де көп болды. Соғыс аяқталған тұста олардың саны 417 адамды құраса, одан кейінгі жылдары – 333, ал қазіргі таңда 264 адамды құрайды. Ауғанстанда тұтқынға түскен немесе із-түзсіз кеткендер ішінде 20 Қазақстан азаматы бар. 2012 жылы бұл тізім екі адамға қысқарды. Өйткені кейінгі жылдардағы іздестіру жұмыстарының нәтижесінде екі отандасымыздың – көкшетаулық Алексей Зуев пен түркістандық Абдулхаким Ергешовтің Ауған елінде жерленген жері анықталып, 30 жыл уақыттан кейін мәйіттері туған елге қайта жерленді.
Ауған соғысында із-түзсіз жоғалғандар мен тұтқынға түскендердің тағдырлары тәлкекке ұшырады. Тірідей табылғандарына тәубе, ал тұтқындағы айуандық азапқа шыдай алмай өлгендері мен беймәлім кеткен боздақтардың тағдыры алаңдатпай қоймайды. Әлі күнге дейін ағайын-туыстары сарыла күтеді. Із-түзсіз кеткендердің бірен-сараны табылғанымен, көпшілігінен хабар-ошар жоқ.
Қорыта айтқанда, әскерлерінің соғысқа қатысуы – кеңестік үкіметтің үлкен қателігі. Он жыл бойы көп күш пен қаражатты келешегі жоқ соғысқа жұмылдырды. Осы соғыстың ел экономикасы мен адамзат баласына әкелген ауыр қасіретінен әлем елдері сабақ алса дейміз. Жалпы алғанда, Ауған соғысы тарихтағы ең жантүршігерлік беттердің бірі болып қала береді. Бірақ осы соғыстың саяси, әскери тәжірибесін барынша ескерген жөн. Бұл еліміздің қауіпсіздігі мен бейбіт өмір сүруді қамтамасыз етудің қазіргі және келешектегі міндеттерін ақылмен шешу үшін лайықты дәріс болады. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан әкетілуі – шын мәнінде тарихи оқиға. Соғыс ауған халқы мен кеңес әскерлеріне көп рухани жарақат әкелді. КСРО-дан 15 мың адам қаза тапты.
Болат САЙЛАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры,тарих ғылымдарының докторы,
Ауған соғысының ардагері