Астана қаласында биология пәні бойынша 35-халықаралық IBO-2024 (International Biology Olympiad) олимпиадасы өтеді. Шілденің 7-14 аралығында өтетін бұл додаға әлемнің 80-нен астам елінен 350-ге жуық оқушы қатысады. Мұндай беделді олимпиаданың Қазақстанда өтуі – кездейсоқ таңдау емес.
Қазір әлемде халықаралық деңгейдегі беделді 7 олимпиада бар. Олар математика, физика, химия, информатика, география, лингвистика, биология пәндерінен дәстүрлі түрде өтеді. Соның бірі – халықаралық биология олимпиадасы. Бірінші рет IBO Чехияда 1990 жылы 6 елдің қатысуымен өткен еді. Содан бері қатысушы мемлекеттер саны 80-нен асты. Қазақстан құрама командасы бұл ғылым жарысына 1996 жылдан бастап қатысып келеді. Олимпиадаға қатысқан жылдары еліміздің оқушылары 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль жеңіп алды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш.
– Қуантарлығы, осындай беделді әлемдік білім додаларында оқушыларымыздың рейтингі жыл сайын өсіп келеді. Биологиядан кіл білімділер бақ сынайтын халықаралық жарыстың біздің елде өтуі соның дәлелі болмақ. Бұл – білім беру сапасын арттыруға жасалатын тағы бір қадам, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Еске салайық, былтыр қарашада Ғ.Бейсембаев IBO халықаралық ұйымдастыру комитетінің төрайымы Ленка Либусовамен кездескен. Тараптар зияткерлік сайысты ұйымдастыру мәселелерін, сондай-ақ отандық білім беруді дамытудың түйткілді мәселелері мен мүмкіндіктерін талқылаған болатын.
Еліміздің халықаралық олимпиадаларды ұйымдастыру мен өткізуден тәжірибесі мол. Мәселен, 2010 жылы математикадан, 2014 жылы физикадан, 2015 жылы информатикадан білім сайыстарын өткізгені – сөзіміздің дәлелі.
Ал бұл жолғы халықаралық биология олимпиадасын ұйымдастыру және өткізу бойынша дайындық жұмыстары өткен жылдан басталды. Оқу-ағарту министрлігінің орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашевтың айтуынша, олимпиада тапсырмаларын әзірлеуге отандық жас биологтер мен ғалымдар арасынан халықаралық ғылыми комитет құрылды.
– 2023 жылы отандық оқушылар 26 халықаралық олимпиадаға қатысып, 580 медаль жеңіп алды. Әлем көз тіккен 7 білім додасына қатысқан 31 оқушымыздың 23-і жеңімпаздар қатарынан көрінді. Оның ішінде 2 оқушымыз алтын, 11 оқушымыз күміс, 10 оқушымыз қола медальға ие болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне, сондай-ақ оларды дайындаған мұғалімдерге біржолғы сыйақы беріліп келеді. Мәселен, алтын медаль алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы алады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді дайындаған мұғалімдерге де қомақты жүлде қарастырылған. Бұл – білім сапасын арттыруға ықпал етіп қана қоймай, оқушыны және оны дайындаған ұстазын ынталандыруға, қолдауға мемлекет тарапынан жасалып отырған жағдай, – деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар олимпиада барысында отандық педагогтер үшін әлемнің жетекші ғалымдарымен шеберлік сыныптары, биологиядан олимпиадалық есептерді шешу бойынша оқыту семинарлары және ғылыми-практикалық конференциялар өткізіледі. «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ғаждембек Тұрсыновтың айтуынша, ұйымдастыру комитеті сайысқа қатысушылар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөліп, жарыс өтетін жерлерде күзет, бейнебақылау, құқық қорғау, медициналық қызметпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Жарысты ұйымдастыруда академиялық адалдықты қамтамасыз етудің жариялы жүйесі құрылып жатыр. Олимпиада барысында барлық белгіленген халықаралық стандарт сақталуға тиіс. Ол Назарбаев университетінің базасында ұйымдастырылады. Бағдарлама қатысушыларын Астана мен Бурабайдың көрікті жерлері бойынша қызықты экскурсиялар күтеді. Қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныстыру да жоспарланған. Жалпы, олимпиада тек білім саласында бәсекелес ортаны құруға ғана емес, көпмәдениетті атмосфераны қалыптастыруға бағытталған, – деді ол.
Осынау бәсі биік бәсекенің Қазақстанда өтуі – еліміздің ғылыми жетістіктері мен әлеуетіне әлем назарын аударады. Сондай-ақ жас биологтер үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады.
Бекзат ҚҰЛШАР,
Л.Н.Гумилев атындағы
ЕҰУ студенті