• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 13 Ақпан, 2024

Әзербайжан: Ел мен жер тұтастығының жеңісі

182 рет
көрсетілді

Әзербайжанда 7 ақпанда кезектен тыс президент сайлауы өтті. Халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттары негізінде елдің аумақтық тұтастығы, конституциялық құрылымының қалпына келтірілуіне орай ұйымдастырылған саяси науқан жалпыхалықтық сипат алды. Бауырлас мемлекеттегі маңызды іс-шараға Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы тізімімен еліміздің атынан бір топ байқаушы қатысты.

Сайлау күні ел көлеміндегі 125 сайлау округінде 6 319 мың сайлау учаскесі ашылды, онда 6,4 миллионға жуық халық таңдауын жасады. Дауыс беру барысын бақылауға 14 партиядан 90 мыңнан астам жергілікті және 800-ден астам халықаралық байқаушы қатысты. Мыңға жуық учаске бейнебақылаумен жабдықталды. Кейінгі 30 жыл ішінде елдің ерекше аумағы – Қарабақта да дауыс беру өтті, мұнда сайлаушылар тізіміне 23 мыңға жуық адам енгізілген екен. Президенттікке жеті үміткер, оның ішінде қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиев те таласқа түсті.

Әзербайжанда президент сайлауы 2018 жылы өткен еді. Бұл кезде пре­зиденттің өкілеттік мерзімі жеті жыл-тын, демек кезекті сайлау 2025 жыл­дың сәуір айында өтуге тиіс еді. Мем­лекет басшысы И.Әлиев атап өткендей, Қарабақтағы жергілікті антитеррорлық шаралардан кейін республика өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын толығымен қалпына келтірді. Осылайша, елдің алдында тұрған негізгі мақсаттар орындалып, Әзербайжан үшін жаңа дәуір басталды. Осы орайда кезектен тыс сайлауға мемлекет айрықша маңыз беріп, оны барынша әділетті, әлем­­дік стандарттарға сай деңгейде, ашық­тық жағдайында өткізуді мақсат тұт­қан. Саяси науқанға халықаралық байқау­шы­лар­дың барынша мол тартылуы өз алдына, маңызды іс-шараны бүкіл әлемге тарату, жариялау үшін шақырылған бұ­қаралық ақпарат құралдарының да қарасы мол болды. Айталық, сансыз телерадио кешендері, баспасөз өкілдері арасында алыс-жақын шетелден бөлек, Уругвай, Куба мемлекеттерінің де журналистері болды.

Президенттік сайлау сайлау­шылар­дың жоғары белсенділігімен ерекше­ленді. Біз Баку қаласындағы, сондай-ақ қала маңындағы бірнеше сайлау учаскесінде болдық, тіпті түс ауғанда да дауыс беруге ниет білдіргендердің легі толастаған жоқ, барлық жерде кезекте тұрғандардың саны өте көп болды. Сарапшылардың айтуынша, бұл белсенділік қазіргі мемлекет басшысы И.Әлиевтің ішкі-сыртқы саясаттағы же­тіс­тіктерімен, атап айтқанда, қашан­нан күлбілтелі мәселе болып келген Қарабақ жерлерінің республикаға түбегейлі қайтарылуымен тығыз байланысты. Президент И.Әлиевтің жұбайымен Хан­кендідегі №14 сайлау учаскесінде дауыс беруінің астарында да осындай символдық мән-мағына бар.

Президент сайлауының алдын ала қорытындысы күткендегідей нәтиже берді, қазіргі мемлекет басшысы Ильхам Әлиев 92 пайыздан аса дауыс жинады. Бұл ол алғаш рет президент болып сайланған 2003 жылдан бергі ең жоғары нәтиже екен. Дауыс беруге қатысу көрсеткіші де И.Әлиев үшін рекордтық деңгейде – 76,7%-дан аса.

2020 жылғы екінші соғыс аяқталған­нан кейін И.Әлиев Қарабақ пен оған жақын орналасқан аудандарда «Ұлы оралу» бағдарламасын жариялады, бірақ оның жетістіктері әзірге шектеулі болып отыр. Себебі аумақты соғыс зардаптарынан арылту, толықтай дерлік бүлінген, қираған елді мекендерді, инфра­құрылымдарды қалпына келтіру үшін, ең бастысы, босқын халықтың өз ме­кеніне қайтып оралуына сендіру үшін біраз уақыт, тынымсыз, мақсатты жұ­мыс­тар атқарылуы керек. Ал қазір асфальт тасжолын, газ құбырларын төсеу­ге, электр желілерін тартуға, Физу­лиде халықаралық әуежай салуға қол жеткізілген.

Дегенмен осы кезеңге дейін босқын­дар­дың біраз бөлігі бұрынғы тұрғылықты жерлеріне оралып үлгеріпті. Түрлі деректер бойынша, 1992-1994 жылдарғы бірінші соғысқа дейін бұрынғы Таулы Қарабақ автономиялық облысы мен оның маңындағы аудандарды қамтитын бұл аумақта 800 мыңға жуық армян мен әзербайжан өмір сүрген. Әзербайжан үкіметі 2026 жылға дейін бұл өңірге тағы 45 мың адамды қоныстандыруды жоспарлап отыр. Сайлауды өткізуге бірден-бір себепкер – Таулы Қарабақ аумағы жақын жылдары бүкіл елдің бас­ты назарында болмақ.

Сайлаудан бір күн бұрын ТМД Пар­ламентаралық Ассамблеясының халық­аралық байқаушылары кезектен тыс президенттік сайлауды бақылау аясында Әзербайжан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Мазахир Панаховпен кездесті. М.Панахов прези­дент­тік сайлау барысында, оның ішінде бірінші рет өтетін аумақтарда дауыс беру қалай ұйымдастырылатыны туралы әңгімеледі. Топтың үйлестірушісі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов Әзербайжандағы халық­аралық байқаушылардың жұмысы қалай құрылатындығын мәлім етті. Ж.Асанов Орталық сайлау комиссиясының басшы­лығына Ассамблеямен тиімді өзара іс-қи­мылы, демократияны дамытуға және Достастық елдеріндегі сайлау үде­рісін жетілдіруге арналған іс-ша­раларға белсенді қатысқаны үшін алғыс білдіре келіп, ұзақмерзімді мони­­то­ринг нәтижелерін және ТМД ПАА Демократияның дамуын ба­қылау халық­аралық институты сарап­шы­ларының қорытындысын табыс етті.

«Институт Әзербайжан заңнама­сының жалпыға бірдей, тең, тікелей сайлау құқығын жүзеге асыруды қамтамасыз етуге қаншалықты мүмкіндік беретінін, дауыс берудің құпиялылығына, алда­ғы сайлаудың жариялылығы мен ашық­тығына кепілдік беретінін талдады. Біздің сарапшылар республиканың заңнамасы халықаралық стандарттарға сәйкес келеді деген қорытындыға келді», деді Ж.Асанов.

Әзербайжан президентінің кезектен тыс сайлауына ҚР Орталық сайлау комиссиясы түзген тізіммен де бір топ байқаушылар қатысты. Айта кетерлігі, комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған байқаушылар құрамында ОСК мүшелерімен қатар жергілікті, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері де болды. Біз солардың бірі, Астана қалалық мәслихатының депутаты Қанат Естекті әңгімеге тартқан едік.

«Байқаушыларды сайлау учаске­леріне бөлгенде ел астанасынан тыс, жергілікті бір аймаққа сұранған едім. Сайлау күні астанадан 90 шақырым қашықтықтағы Гаджигабул, Кюрдамир аудандарында болдым. Басқа да бай­қау­шылармен бірге бірнеше сайлау учас­кесінде комиссия мүшелерімен, сондай-ақ қала тұрғындарымен, сайлаушылармен кездесулер өткіздік, қала мэрінің қабылдауында болдық. Барлық жерде озық үлгілі демократия үрдістерін, сайлау үдерістерін дамы­туға, қалыптастыруға қатысты жан-жақты, тиімді әңгімелер өрбіді. Сайлау учас­келері талапқа сай жабдықталған, науқан барысында дауыс беруге қатысты айта қоярлықтай заң бұзушылықтар орын алған жоқ», деді Қанат Ғалымжанұлы.

«Сырт көз – сыншы». Үш күндік сапар барысында біз байқаған бір ерекше көрініс – мұнда барлық мекеме-кәсіпорын атаулары, көрнекіліктер, жарнамалар тек латын әліпбиімен жазылған. Тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде өзгер­тілген әліпби бүгінде толықтай кирилл әліпбиінен арылған. Тағы бір құбы­лыс – кеңестік кезеңде туған аға буын өкілдері болмаса, тәуелсіздік ұрпақ­тары орыс тілін жақсы біле бермейді. Мәселен, жолбасшымыздың бірі Ләман Искандерова төрт тілде сөйлейді, оның ішінде орыс тілі жоқ. Жастар қауымы бүкіл әлемде кеңінен қолданылатын ағылшын тілін үйренуге ерекше ден қойған. Бірнеше мектепте болдық, сұрас­тырып білгеніміздей, орта білім меке­мелері де қазірде ана тілінен кейін ағыл­шын тілін оқыту бағытын ұстанып отыр.

Сондай-ақ сайлау алдында, сайлау өткен соң ұйымдастырылған түрлі басқосу, баспасөз конференциясында спикерлер тек әзербайжан тілінде сөйледі. Басқа тілдерге ілеспе аударма арқылы берілді.

Түбі бір түркі дүниесіне ортақ мү­бә­рак Қорқыт ата мен Қожа Ахмет Ясауи дана жатқан киелі қазақ жерінен келгенімізді білген жергілікті тұрғындар бірден тарихи тамырластықтарымыз турасында әңгіме қозғауға ықылас танытады. Мәселен, ұлт-азаттық көтерілісінің туы сынды Бабек батырлары біздің Қобыланды батырмен шендес. ХІІ ғасыр­да жасаған әзербайжан ақыны Низами Гәнжауи қыпшақ қызына үйленген. Қорқыт баба туралы алғашқы киноны 1976 жылы әзербайжандар түсірген. Мұндай ортақ сабақтастықты жібек жолы бойымен жүйелі тарқата білсеңіз, бүгінгі күнге дейін үзбей, сәтімен жалғас­тыра беруге болады.

Әзербайжан топырағына табанымыз тигендегі бірден-бір жүрек қалауымыз  ұлттың ұлы тұлғалары мәңгі жай тап­қан Факри пантеонын көру еді. Гейдар Әлиев бастаған мемлекет және қоғам қай­­рат­­керлері, Самед Вургун, Джафар Джа­фарлы сынды ақын-жазушылар, Бұл­бұл, Мүсілім Магомаев сынды бір­туар өнер шеберлерінің басында болып, асыл рухтарына тәу еттік. Қашаннан гө­зал Баку қаласының ғажайып көркі, сәу­лет, салтанаты өз алдына, мұндағы темір­дей тәртіп, мұнтаздай тазалық бізді тіпті қайран қалдырды. Барлық бейіт­тер белгілі бір жүйемен, көше-көше бо­лып орналасқан. Басына қойылған құл­пы­тастар да соншалықты ұғынықты, мар­құмның өмірі мен қызметіне сай мазмұн­да орнатылған. Түрлі, сирек ағаш сұрыптары, гүл дестелері, жасыл желек те жоғары талғаммен отырғызылған. Қорымды аралап жүріп өзіңді бейне бір музейде жүргендей сезінесің. Қысқасы, Әзербайжан елінен үйренетін, үлгі алатын үрдістер көп.

Сонымен, Әзербайжан Республикасы жақын жеті жылға өзінің таңдауын жасады. Мемлекет билігін Ильхам Әлиевке сеніп тапсырды. Жаңадан сайланған президент мәлімдегендей, Әзербайжан тәуелсіздікпен бірге келген демократия­дан, қуатты экономика мен өркениетті ру­хани даму жолынан ешқашан айнымайды. Сол мақсаттарды қолдайтын алыс-­жақын елдердің бәрімен байыпты, қалып­ты қарым-қатынаста болуға тырысады. Саясатта да, экономикада да, руханият пен мәдениетті дамытуда да бағыт-бағдарлары жыл санап салиқаланып, ұй­ға­рымдары ұтқырлана түседі. Сол тұр­ғы­да сайлау қорытындысы елдің стра­те­­гия­лық мақсаттарына қол жеткі­зуі­не, одан әрі дамуына және аймақтық ын­ты­­мақтастықтың нығаюына қызмет ете бермек.

 

Астана – Баку – Астана