• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Жануарлар 13 Ақпан, 2024

Тау еліктерінің құпиясы

186 рет
көрсетілді

Өткен желтоқсан айындағы қатты аяз бен қалың қардан кейін тағылар тіршілігінде әртүрлі құбылыс орын алды. Ақсай шатқалдарының бірінде теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі таудың күнгей бетінде еліктердің бұрын-соңды кездеспеген топтасуы бақыланды.

Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық та­би­ғи паркі (МҰТП) Алматы қаласына өте жақын орналасқан. Ұлттық парк аума­ғында мекендейтін жануарлардың бірі – Сібір елігі. Бұл жануарлар күн суыта бес-оннан топ құрап жайылады. Бірде жиыр­ма шақты шоғырын көрдік. Ал соң­ғы жолы көрер көзге қуаныш ұялатып, таби­ғат жанашырларына мақтаныш сезімін тудырды. Бір ғана шатқалдың өзінде 75 дарағы саналып, аз ғана уақыт салып келесі сайға өткенде 30 дарағы көрінді.

Териологияда жұптұяқтылар отря­ды, (Artiodactyla owen) бұғылар тұ­қым­дасы (Cerridae gray) ретінде Сібір елігі (Capreolus pygargus) елімізде ме­кен­дейтін түр тармағы болып саналады. Елік – сымбатты, әдемі жануар. Аталығының (қазақтар «күлміз» деп атайды) тармақталған мүйізі болады. Күлміздің мүйізі наурыз-мамырда толық жетіледі. Қараша-желтоқсанда 3-5 ашалы мүйізі (24-40 см) түседі. Қыста түгі қоңырқай-сұр, жазда жирен түске енеді. Еркегінің дене ұзындығы – 120-160 см, шоқтығының биіктігі – 75-100 см, салмағы – 30-53 кг. Аналығын халқы­мыз сөге деп атайды. Аталығынан аздап кішілеу келеді. Елік 1,5 жасында жы­ныстық жағынан жетіліп, 2 жасында лақ­тайды. Күйек уақыты тамыз айынан басталып, қыркүйектің аяғына дейін созылады. Мамыр-маусым айларында лақтайды. Елік лағын 6-8 ай бойы емізіп, сүтпен асырайды. Лақтары 3-4 айдай денесінің түсі теңбіл болып жүреді де, біртіндеп теңбілі жойылады.

Сібір елігі – ашатұяқты жануарлар арасындағы бірден-бір көп ұшырасатын, Ұлттық парк аумағында тұрақты мекен ететін жануарлардың бірі. Олардың мекен ету қоныстары әртүрлі, негізінен жапырақты және қылқан жапырақты орман іші, қалың бұталықтар, жайылмалы арша арасы. Таудың тасты тақыр бөліктеріне, субальпі шалғындарына да жайылымға шығады. Негізгі азықтанатын уақыты – жаз мезгілі. Оның өзінде күннің ыстық маусымында таңертеңгілік және кешкі салқын түсе шығады. Күндіз ағаш-бұта­лардың көлеңкесінде жусайды. Ал қыс мезгілінің қарлы-аязды кезеңдерінде елді мекенге жақын маңдағы өзен бойлай өскен тоғайлар, қалың итмұрын өсетін бұталы тік беткейлер, орман екпе көшеттері егілген алқаптар мен ескі алма бақтары, сонымен қатар қары аз түсетін шалғынды күннің күн­гей беттерін мекендейді. Қыс айларында күн шыққан уақытта және түс ауа қыр беткейлерінде жайылып жүргенін көруге болады. Еліктердің ағаш бұталы орман алқабының ықтасын жерлерінде қарды аршып, топыраққа жеткізіп жатақ жасап, түнде ұзақ жататыны далалық жұмыстар нәтижесінде байқалды.

Алматы мемлекеттік табиғи кешенді қаумалы (АМТКҚ) аңтанушысы Дәулет Қуандықовтың таудағы еліктің тіршілі­гін жылдар бойы бақылау барысында көргені бойынша, күн суытқанда көптеп жи­­налатынының  себебі (топтасуы) қалың қар, қатқақ мұз­дан топталып өткеннен кейін қай­та айна­лып соғып, тұяқтың серпілімен ар­шылған қардан өсімдіктерді тез тауып жеуге ыңғайлығы деуге болады. Елік­тер тауешкі, арқар секілді қара­уыл қоймайды, жауынан қорғану үшін топтасып жүрсе болды. Еліктер көші-қоны тау жағдайында тіктен-тік, яғни субальпі, орман белдеміндегілері төмендеп, жа­пырақты орман мен таудың бұталы ал­қаптардағы күнгей беткейлерге түседі. Кейде облыстық әкімдікке қарасты таулы жер аумағынан Ұлттық парк аумағына ауысады. Инспектор­лар көп жағдай­да жылма-жыл 20-дан жоғары, 50 дарағы байқалатынын айтады. Ұрғашылары бір немесе егіз лақ туады. Үшеу туатын­дары да кездеседі. Қазақ халқы елік ла­ғын еңлік деп атайды. Кейбір өңірде құра­лай деп те айтылады. Туған лақтарын қа­лың бұта, түрлі жапырақты сарыандыз, атқұлақ (Liguaria heterophylla Rupr.) деп аталатын жапырақты өсімдіктің көп өсетін жерінде шалғынды шөптермен араласқан жерге жасырып тастайды. Байқағанымыз­дай, мамыр-маусым айларында теке­лері (күлміз) ғана көзге түседі. Еліктері (сөге) төлдеуіне байланысты көзден таса жүреді. Жаңа туған лақтары тырп етпестен жасырынған жерінде жатады. Енесі одан алыс кетпей, сол маңды айналшықтап жүреді де, тек емізу үшін келіп, қайтадан жылыстап қауіпсіздікті сақтап отырады.

Ұлттық паркте қызмет атқарған био­лог-аңтанушы Жанболат Нұрғанатұлы­ның айтуынша, табиғатта еліктің тағы бір ерекшелігі төлдерін қашып жүріп емізеді. Өйткені үш лақ тапқан елік оларды бірдей тойдыруы оңай емес. Сондай-ақ Ұлттық парк инспекторларының ­осын­дай құбылыстарды көріп, күнде­лік­ке жазған мәліметтері бойынша әрі ғы­лыми мониторинг жұмыстары кезінде байқағанымыздай, еліктің лақтарын емі­зуге келгенде бірден оларға бармай, сол аймақ­та әрі-бері жүріп шиқылдаған ды­быс шығарады. Сол мезетте ғана лақ­тары орнынан тұрып енесіне қарай жүгі­реді. Бір айта кетерлігі, елік лағы жасы­рынған орнынан қозғалмай жатады, тек анасының дыбысына ғана тұрып қимыл-әрекет етеді.

Еліктер өте сақ келеді. Қазақ халқы «елік­тей елеңдеу», «еліктей секіру» деген теңеу­лерді бекер айтпаған. Дема­лып жатқан күннің өзінде екі құла­ғын қайшылап, тың-тыңдап жатады. Бірақ үркіп қашып бара жатқанда да міндетті түрде артына бұрылып қарайтын әдеті бар. Текелері үріккен және күйек кезінде үрген секілді дауыс шығарады. Әсіресе күйек кезінде текелері бақы­рып-шақырып шатқалдарды басына кө­тереді. Кей жағдайда тіпті жа­қын­дап қалған адамның өзін байқамай, ал­дындағы ешкіні қуалап жүріп қасың­нан жүгіріп өте шыққан кездері бола­тын деп тау сақшылары қызыға айтып отырады. Көктем мезгілінде үл­кен текелері саяқ жүріп, өз мекен ету аума­ғын белгілеуге ағаш-бұталарды мүйі­зімен сүзгілеп қабығын сыдырып, тау-тас­ты жаңғырықтыра қатты дауыс шы­ғарады. Олардың бұл амалы сол маң­дағы ешкілердің көзіне түсу әрі өзіне бәсе­келес аталық еліктерге сес көрсету деуге болады.

Олардың жауынан қорғанудың басты әдісі – қатты секіріп қашып құтылуы. Еліктердің жаулары өте көп: қасқыр, түлкі, сілеусін, шибөрі және қаңғыбас иттер. Жыртқыш аңдар еліктердің арасынан ауруларын, әлсіздерін ұстап жей­ді дегенімізбен, екінші жағынан көбі­несе жаңа туған төлдер зардап шегеді. Қозғалмай жатқан жаңа туған лақтың иісіне келіп, жыртқыш аңдар зиянын тигізеді. Бәсекелес ретінде қабандар да жас төлдеріне қауіп төндіретінін айтады инспекторлар. Қазіргі кезде осы жабайы шошқалар үйірі елік төлдерін жаңа туған кезінде жойып жібереді. Жыл сайын есеп-санақ нәтижесінде еліктің саны төмендеп барады.

Іле-Алатау МҰТП жануарлар әлемін қорғау және өсімін молайту үшін жыл сайын жоспарға сай қосымша азық қор­лары дайындалады. Ұлттық парк мамандары, мемлекеттік инспекторлары тарапынан арнайы жоспарлы биотехникалық шаралар жүргізіледі. Әсіресе қар қалың кездерде арнайы аймақтарға дайын­дал­­ған шөп шөмелелері, тұздалған сыпырт­қы­лар (қайың бұталары мен қызыл мия­дан жасалады) қысқы мерзімде жануар­ларды қосымша азықтандыру үшін ма­ңызды рөл атқарса, көктемнен қара күз­ге шейін арнаулы тұзжалақ орындарын­да елік­тер шоғырының көбейгенін байқай­мыз. Ұлттық парк аумағындағы жырт­қыш аңдар, қасқыр, шибөрі, сол сияқты қаңғыбас иттер де қазіргі уақытта қауіпті зиянкес ретінде анықталып, олармен күресу жолға қойылған.

Орман шаруашылығы және жануар­лар дүниесі комитетінің ұсынуымен (2017 ж. 15 маусым №73-VI ҚР3) аңшы­лыққа қатысты заңға өзгерістер мен то­лықтырулар енгізілді. Сол кезден бас­тап ұлттық парк аумағында аңшы­лык жүр­гізуге тыйым салынды. Ұлттық парк мамандарының қатысуымен жабайы жануарларға күзгі-қысқы санақ жұ­мыстары жүргізіледі. Сонымен қа­тар Іле-Алатау МҰТП ғылыми бөлімі, жа­нуарлар тіршілігіндегі маусымдық құбы­лыстарына бақылау жасау және ма­те­риалдар жинау мақсатында инс­пек­торлардың катысуымен есептік мар­шрут­тар мен зоологиялық алаңдар, бақы­лау нүктелерін белгілейді.

Мемлекеттік инспекторлар барлық құбылысты күнделіктерінде ұдайы фено­­ло­гиялық бақылау ретінде (күй­леу, түлеу, мүйіз тастау, төлдеу) жазады. Алын­ған мә­ліметтер «Табиғат жыл­на­ма­­­сына» жазы­лып, жыл сайын орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне тапсырылады. Соны­мен қатар ұлттық табиғи паркте фототұзақ қолдану арқылы жануар­лар­ды есепке алу, тыныс-тіршілігін бақы­лау, жыныстық ерекшелігін анық­тау тұрғысында жұ­мыстар жүргізіледі. Мемле­кет­тік инс­пек­торлардың көмегі­мен жануар­лар­­дың жымына, жатақтары­на, арнаулы тұз­жалақтарға орналастыры­лып, мәлі­мет­­­тер алынады. Байқағанымыз­дай, елік тұз­­­ды жақсы көреді. Фототұзақ­тан алын­ған суреттегі мәліметтер бойынша тек ере­сек­тері ғана тұзға келеді әрі жиі-жиі айна­лып соғып тұрады. Лағын тұз­жалақ­қа әкелу өте сирек кездеседі. Жаз мезгі­лін­дегі суреттерде олар тек жалғыз келген.

Ұлттық табиғи парктің қала, ауыл­дарға жақын орналасуына байланыс­ты жергілікті және сырттан келетін тұр­ғындардың көптеп тау қойнауларына өрлеуі – тұрақты жағдай. Мұны назарда ұстап, аң-құстардың тыныштығын сақтау қажет. Қыстың суық аязында желтоқсан-қаңтар айларында тау жоталарында мекендейтін еліктер күнгейге, таудың бөктеріне ауысып, топтасады. Сала мамандарына материалдық-техникалық базаны (инспекторларға фотоаппарат, дүрбі, т.б) нығайтуға көмектесіп, қалың көпшіліктен жануарларға қамқорлық танытуға, еліміздегі ерке еліктерді сақ­тауға шақырамыз.

 

Тұңғышбек ЖАПАРҚҰЛОВ,

Іле-Алатау МҰТП

ғылыми қызметкері